Алда Головкин – Альварес айқасы

0
29

Бокс жанкүйерлері асыға тосқан қазақстандық Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль Алварестің (49-1-1, 34 КО) жекпе-жегіне санаулы күндер қалды. Спортсүйер қауымды 2 жыл бойы күттірген айқас 16 қыркүйекте Лас-Вегаста өтеді. Қазақстандықтар супер жекпе-жекті уақыт айырмашылығына байланысты 17 қыркүйектің таңында көре алады.
Орта салмақтың  серкелері саналатын қос боксшы үшін де бұл кездесу кәсіпқой бокстағы мәнсаптарын өзгертетін ұрыс болмақ. Жеңгені орта салмақта өзіне тең келер ешкім жоқ екенін түбегейлі дәлелдейді. Сондықтан да жекпе-жекке деген қызығушылық өте жоғары.
Кәсіби мамандардың дені кездесу фавориті ретінде Головкинді атауда. Алайда маркетингтік тұрғыда Альварес жерлесімізден бір төбе жоғары тұр. Кездесуден түсер қаржының 70 пайызы Альварестің еншісіне тисе, 30 пайызына Головкин ие болмақ. Жерлесіміздің промоутерлік командасы мұндай шарттарға бұл кездесуді ұйымдастырудың жалғыз жолы болғандықтан келіскендіктерін айтуда. Тараптар келісім-шарт бойынша Головкин ұтқан жағдайда қарымта кездесу өткізуге уағдаласқан. Ал Альварес жеңсе реванш өтпейді.
Кездесу 120-дан астам елде көрсетіледі деп жоспарлануда. Қазақстандықтар жекпе-жекті «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарынан тікелей эфирде көре алады. Тікелей трансляция 06:00-де басталады.

Жауап қалдыру