Абыройымызды асқақтатар аламан

0
192

Осы жексенбіде 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойын­дары басталады. ТМД кеңістігінде алғаш рет алауы тұтанған спорттық шараның жоғары деңгейде ұйымдас­тырылуы ел абыройын асқақтатары сөзсіз.

Әлемнің 57 елінен келетін 2 мыңға жуық кіл мықтылар 8 спорттық нысанда, спорттың 12 түрі бойынша, 86 медаль жиынтығын сарапқа салмақ. Жарысты әлемнің 40 телеарнасы арқылы миллиардтан астам телекөрермен тамашалайды. Студенттік додаға дайындық жарысты өткізу құқығына ие болған күннен-ақ басталған-ды. Ойындар өтетін «Алматы Арена», «Халық Арена», «Медеу» мұз айдындары, «Алатау» шаңғы және биатлон кешені, «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты, «Табаған» ойын-сауық кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Сұңкар» халықаралық трамплиндер кешені сынды нысандар сақадай сай. Жарыстың ашылу және жабылу салтанаты 12 мың адам сыятын су жаңа Алматы Арена спорт кешенінде ұйымдастырылмақ. Спортшыларға арналған Атлеттер қалашығы да қонақтарды құшақ жая қарсы алуда.
Шараның ресми бөлігі 25-қаңтарда Алау эстафетасынан басталып кетті. Универсиада алауы Назарбаев Университетінде жағылып, артынша өзге 15 өңірде тұтанады. Соңынан барлық 16 Алау біріктіріліп, 29-қаңтар күні ойындар өтетін Алматыда жағылады. Алау эстафетасының басты рәсімі мына бағыттар бойынша өтеді деп жоспарланған:
Әл-Фараби атындағы ҚҰМУ – Тимирязев көшесі – Манас көшесі – Абай даңғылы – Сейфуллин даңғылы – Гоголь көшесі – Сейфуллин даңғылы – Төле би көшесі – Достық даңғылы – Абай даңғылы – Байтұрсынов көшесі – Сәтпаев көшесі – Достық даңғылы – Республика алаңы. Бұл бағыттар бойынша көлік қозғалысы сағат 10:00 ден 14:00-ге дейін шектелетін болады.
Алау эстафетасы көшелердің басым бөлігімен өтетіндіктен автобус бағыттары өзгермейді. Автобустар Алау эстафетасы өтетін бірқатар жерлерде тоқтатылады. Осылайша, жоғарыда аталған учаскелерде әр бағыт бойынша көліктер орташа 5-10 минут қана кідіреді.
Алау көтеру құрметіне ие болған бір мың адамның 70 пайызы ғылым, мәдениет және спорт саласында жетістіктерге жеткен 17-28 жас аралығындағы студенттер. Сонымен қатар алау көтерушілер құрметіне спорт және қоғамдық өмірде еңбек сіңірген қайраткерлер ие болды. Олардың қатарында грек-рим күресінен 1980 жылғы Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, бокстан 2000 жылғы Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, қыздар арасында бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызықбай секілді саңлақтар бар.
Қазақстан құрамасының атынан 168 спортшы жарыс жолына шықпақ. Олардың қатарында Қазақстан құрамасының фавориттері – Денис Тен (мәнерлеп сырғанау), Юлия Галышева, Павел Колмаков, Жанбота Алдабергенова (фристайл), Роман Креч, Станислав Палкин (конькимен жүгіру спорты), Айдар Бекжанов, Денис Никиша және Абзал Әжғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев (шорт-трек) және тағы басқа спортшылар бар. Абзал мен Нұрберген байрақты бәсекедегі елдің басты үміттерінің біріне балануда. Олар биылғы қысқы спорттық маусымда конькимен қысқа қашықтыққа жүгіруден әлем кубогы алтынын жеңіп алған. Абзал былтыр шорт-тректен АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде 500 метрге жүгіруде алдына жан салмай, алтын медаль иеленген болатын. Нұрберген 2016 жылы Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында жалауы желбіреген әлем кубогында 1000 метрде бірінші орын алған. Қос саңлақ та алдағы Универсиада ойындарында жасындай жарқылдап, ел намысын абыроймен қорғамақ ниетте. Спортшыларымызды жақсы өнер көрсетуге Үкіметтің жазғы және қысқы дүниежүзілік Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бір реттік сыйақы белгілеу туралы шешімі ынталандыра түспек. Бірінші орынға 4 млн 900 мың теңге, 2-орынға 3 млн 300 мың, 3-орынға 1 млн 600 мың теңге бекiтiлiп отыр. Мұндай сыйақы жаттықтырушыларға да қарастырылған.
Жүлдегерлерді медальмен мара­­пат­тау салтанаты Ал­матыдағы Республика сарайы алаңында орын тепкен «Medal Plaza» нысанында өтеді. Мұнда Алматы қаласы әкімдігінің және Халықаралық студенттік спорт федерациясының (ФИСУ) өкілдері, сондай-ақ, басқа да ресми тұлғалар Универсиада жеңімпаздарын медальдермен және бойтұмарлармен марапаттайтын болады. Салтанат кезінде «Gaudeamus» әнұранын шырқай отырып, жеңімпаз елдің туы көтеріледі. Медальмен марапаттау салтанаты сағат 20:00-де басталады. «Medal Plaza»-да күн сайын 2-10 марапаттау салтанаты өткізіледі. Хаттамалық сценарийге сәй­кес бір медаль жиынтығын табыс­тауға 10 минут уақыт бөлінеді. Шара барысында би ұжымдары, акробаттық топтар мен ән­шілердің қатысуымен жарқын әрі естен кетпес шоу-бағдар­ламалар өтеді. «Medal Plazaның» музыкалық қонақтары ретінде Әли Оқапов, Мәдина Сәдуақасова, Жанар Дұғалова, Ерболат Құдайбергенов, Ринго, Рензо, Аюми топтары және тағы да басқа көптеген Қазақстан эстрадасының жұлдыздары шақырылып отыр.
Ойындар кезінде Алматыға 5 мыңға жуық спортшы және делегация мүшесі, сондай-ақ, әлемнің түпкір-түкпірінен 30 мыңға жуық турист келеді деп күтілуде. Сондықтан келген қонақ­тардың жайлылығы үшін ар­найы «Recommended by Universiade – 2017» бағ­дарламасы іске қосылып, ол бойынша қонақүйлер мен мейрамхана, тамақтану орталықтарын біріктіретін уни­версиада серіктестері таң­далып алынды. Оларға арнайы тақташа мен сертификат берілген. Бағдарламаға енген қонақүйлер мен мейрамханалар туралы мәлімет баруға ұсынылған мекемелер ретінде Атлеттер қалашығында тұратын спорт делегация мүшелеріне таратылатын ресми жолсілтемеге енгізілген. Осы арқылы ойын­дар кезінде жоғары қызмет көрсету сапасы кеплдендірілмек. Сондай-ақ Алматыда орна­ласқан 19 театр, 20 музей және 14 көркем галерея мен көрме  қонақтарды күтуге даяр.
Универсиаданың оқыс оқи­ғасыз өтуіне де барлық жағдай жасалуда. Ойындар кезінде Алматы қаласы мен Алматы облысында Төтенше жағдайлар комитетінің жеке құрамынан 457 адам, Алматы қаласының құтқару қызметінен 30 адам, 68 техника бірлігі мен 4 тікұшақ жұмылдырылмақ. Оған қоса Департаментте Универсиада қар­саңында біліктілікті арттыру курстары шеңберінде қыз­мет­керлер ағылшын тіліне оқытылды.
Еліміздің аумағында спорт бәсекесін «Хабар», «Қазақстан» және «Қазспорт» телеарналары таратады. Жалпы, 200-ден астам трансляция ұйымдастыру көзделуде. Шараның ресми хост таратушысы ретінде Ха­лықаралық университеттік спорт федерациясы анықталған. Айта кететін мәселе, Қазақстан универсиаданы өткізетін ел болғандықтан трансляциялау құқығы отандық телеарналарға тегін беріледі. Тұтастай алғанда, жарыстар 80 елге трансляцияланып, 1 млрд. аудиторияны қамтиды.
Билеттердің сатылымы 21-қа­занда басталып кетті. Би­леттердің базалық бағасы спорт­тық шаралар үшін 300 бен 3500 теңге аралығында, ал ашылу, жабылу салтанаттарына 3000 мен 15000 теңге аралығында болмақ. Билеттер Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, мемлекеттік цирк, Республика Сарайы және «Меломан» желісінің кассаларында сатылады.
Өз жерімізде өтетін осынау айтулы шараға ел болып бірге қолдау көрсетейік!

Цифрлар мен фактілер

 Студенттік спорт тарихы 1905 жылдан басталады. Осы жылы АҚШ-та студент жас­тардың алғашқы халық­аралық жарысы өтті. Бірінші Дүниежүзілік студенттік ойын­дар 1923 жылы Па­риж­де ұйым­дас­тырылды. Алайда, Универсиада деген атау алған алғашқы спорт жа­ры­­сы 1959 жылы Ита­лия­ның Турин қаласында өтті.
Қазақстанның қысқы уни­­версиада тарихындағы па­рақ­­­тары сонау 1993 жылдан бас­­талады. Содан бері спорт­шыларымыз 35 алтын, 39 күміс, 51 қола, жалпы жиын­тығы 125 жүлдеге ие болған.
Универсиада бюджеті 17,9 млрд теңгеге тең.
Универсиада билетін алғаш боп Алматы әкімі Бауыржан Байбек сатып алды. Бүгінде 200 мың билеттің 80 мыңға жуығы сатылған.
Алматыда өтетін 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданың тұмары ре­тінде сұңқар таңдалды. Тұ­мар­ды ұсынушылардың пікі­рінше, сұңқар жылдам­дықты, же­ңілдікті, күш-қуат пен жеңіске деген құлшы­ныс­ты бей­нелейді.
Универсиаданың ұранына «Қанатыңды кең серпі!» тіркесі таңдалды.
Ойындар кезінде спортшылар мен еріктілерге сон­дай-ақ төрешілер, бапкер­лер мен баспасөз қызмет­кер­лері­не 700 мың кесе сүтті шай ұсынылады.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру