Ақ олимпиадаға – ақжол!

0
196

Спорттың 15 түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынатын жарысқа Қазақстан атынан 46 спортшы қатыспақ. Олар спорттың 9 түрі бойынша 57 жолдама жеңіп алған болатын. Қыстың басты спорттық оқиғасы саналатын доданың ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев ұстап шығады.
Қазақстанның ақ олимпиада ойындарында асығы алшысынан түспей жүргені белгілі. Спортшыларымыз бұған дейін қатысқан 6 олимпиададан 7 медаль олжалаған болатын. Бұл жолғы жарыста құрама қоржынына 3-4 медаль түседі деп күтілуде. Спорттық шолушы Тимур Байкетаевтың айтуынша, фристайлдың могул түрінен Дмитрий Рейхерд пен шаңғышы Алексей Полтораниннің жүлдеге қол созуға мүмкіндіктері бар. Қазақстан Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз хатшысы Айдос Рымқұл Сочи олимпиадасында қола медаль иеленген Денис Тен мен фристайлшы Юлия Галышева, шорт-трекшілер Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Нұрберген Жұмағазиевтер де сенсация жасап қалулары ғажап емес деген үмітте. Спортта бәрі де мүмкін болғандықтан, отандастарымыз­дың жолына сеніммен қараймыз.
Пхенчхандағы олимпиадалық стадионда өтетін алышу салтанаты Астана уақыты бойынша 17:00-де басталады. Қазақстандықтар дүбірлі доданы «ХАБАР», «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналарынан тамашалай алады. «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналарында 150 тікелей трансляция жоспарласа, «Хабар» арнасы арқылы 208 сағатты құрайтын 100 трансляция эфирге шықпақ.
Қазақстан Үкіметі қысқы олимпиадада алтын алған спортшыға 250 мың доллар, күміс жүлдегерге 150 мың, қола алғандарға 75 мың доллар сыйақы тағайындаған. Ойындар 25 ақпанға дейін жалғасады.
Сонымен, ақ олимпиадаға аттанғандарға ақжол тілейміз!

Төрткен ҚЫЗЫЛЖАР

Жауап қалдыру