«Жасыл елдің» жарасымды істері

0
43

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары Республикалық штабының Алматы облыстық филиалы, Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Денсаулық – спорт кепілі» атты бампербол ойынынан жарыс ұйымдастырды.
Жарысқа «Жасыл ел» жа­сақшыларының командасы, Талдықорған қаласының проба­ция қызметінің командасы, мешіт жастары мен әскери техникалық мектептен шыққан сегіз команда қатысты.
Шара жастар ресурстық орталы­ғының директоры, «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалы­ның төрағасы Жақсыкел­дінов Бахтияр Уалиханұлының құттық­тау сөзімен ашылды. Бампербол ойынынан өткен жарыс жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, спортпен жүйелі айналысуына ықпал ету, бұқаралық спорт түрлерін дамыту, жат мінездердің алдын алу, жастарды ауызбіршілікке шақыруды мақсат тұтты.
Жарыс қорытындысы бойынша Әскери техникалық мектептен келген «Қаратал» командасы І орын, Пробация қызметінің «Жетісу командасы ІІ орын, «Жасыл ел» жасақшыларының «Болашақ» командасы III орынды иеленді. Жеңімпаздарға арнайы кубок, медаль және де бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Айта кетерлігі, «Жасыл ел» еңбек жасағы биылғы жылғы XIII маусым жұмысының қорытындысы бойынша «Үздік штаб» номинациясын жеңіп алды. Үстіміздегі жылы еңбек жасағы құрамындағы облыс жастары 900 гектардан астам жерді тазартып, 660 ағаш отырғызған. Бір жылдың ішінде еңбек жасағы құрамына 1907 адам қабылданса, соның 1646-сы – елді мекендердің жастары. Олар абаттандыру, көгалдандыру жұмыс­тарымен қатар ауқымды шаралар да өткізіп жүр. Мәселен, «Жасыл ел UPGRADE» шарасы
Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне арнап ұйымдастырылды.
Осы шара арқылы ардагерлердің үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге, ауласын реттеп, бақшасын баптауға үлкен септіктерін тигізген. Сонымен қатар биылғы жылы «Жасыл ел» жасақтарының арасында Көңілді тапқырлар клубын ұйымдастырып, жастардың ой ұшқырлығын жетілдіруге атсалысты.
Алдағы маусымда «Жасыл ел» жасағы «Бұлақ көрсең, көзін аш» акциясын ұйымдастырып, бейнероликтер түсіруді, облыстағы бұлақ бастауларының картасын әзірлеуді қолға алмақшы. Сонымен қатар жылыжай салып, онда көкөністер мен жеміс-жидек өсірсек деген ниеттері де бар.

Төрткен ҚЫЗЫЛЖАРОВ

Жауап қалдыру