Заман талабына сай тірлік жасау – өз қолымызда

0
114

Жуырда Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласындағы Достық үйінде облыс әкімі, облыстық Ассамб­лея­ның төрағасы Амандық Баталовтың төрағалығымен «Мемлекет­тік этносаясаттың басты мақсаты – болашағы біртұтас ұлт­ты қалыптастыру» атты тақырыппен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы өтті.
Жиында баяндама жасаған облыстық ҚХА хатшылы­ғының меңгерушісі Ғабит Тұрсын­байдың айтуынша, облыста 200-ден астам қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Жыл басынан бері олар әртүрлі әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында 400-ден астам мәжіліс өткізген. Сондай-ақ түрлі қайырымдылық шара­лары­ның шеңберінде 20 млн. тең­геден астам сомаға көмек көр­се­тілді. Баяндамашы биылғы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бірқатар шаралар белгіленіп отырғанын да тілге тиек етті. Бұл жұмыс жыл басынан бері жалғасып келеді.
Облыстық Ассамблеяның жер­гі­лікті жерлерде, аудан, қа­ла­ларда жүргізген жұмыс­тары туралы Іле аудандық күрд этномәдени бірлестігінің төра­ғасы С. Чатуев, балкар этномәдени бірлестігінің бел­сен­дісі Ф. Хаджиева, аудан­дық «Алакөл» газетінің тілшісі В. Иванова, Панфилов аудан­дық «Шатлык» ән-би ансамб­лінің жетекшісі С. Аметов, «Видергебурт» талды­қорғандық немістер қоғамы төрағасының орынбасары Е. Молодцов, Қаратал ауданы Бастөбе се­лолық округі әкімдігінің бас маманы И. Цой, әзірбайжан мәдени орталығының белсен­дісі Б. Бахшиева сөз сөйледі. Олардың барлығы да дос­тық, келісім мен бірлік – мем­лекеттің бақуаттылығы мен да­муы­ның кепілі, көпұлт­тылық байлығымыз бен құнды­лы­ғымыз екенін атап өтті.
Облыс әкімі Амандық Ба­талов жиынды қорытындылау барысында облыстың әлеумет­тік-экономикалық даму нәти­же­леріне тоқталып, қол жеткізген табыстар еліміздің тұрақ­тылы­ғының арқасында екенін айтты.
– Жұмыс орындарын құру мен сақтап қалу, кадрларды қайта даярлау, заман талабына сай экономикалық және әлеу­мет­тік жобаларды жүзеге асыру – өз қолымызда. Алды­мыз­да үлкен міндеттер тұр. Оны жүзеге асыруға біздің шамамыз келеді. Ең бастысы, өзара жауапкершілікті сезіну мен бір-бірімізге қолдау көр­сету, – деді облыс әкімі А. Бата­лов өз сөзінде. Облыстық Қазақ­стан халқы Ассамблеясы хатшылығына, аудан, қала әкімдеріне, сондай-ақ облыстық бас­қарма басшыларына «100 нақты қадам» Ұлт жоспа­ры­ның 4-бағытын орындау және «Мәңгілік Ел» патриот­тық акциясын жүзеге асыру жұмыс­тарын жүргізуді тапсыр­ды.
– «Мәңгілік Ел» құнды­лық­тары саналатын бірлік, бей­біт­шілік, келісім ұғым­дарының мәнін әрбір отбасына, әрбір үйге жеткізу үшін этномәдени бірлестіктердің әлеуетін кеңі­нен пайдалануымыз керек. Барлық қайырымдылық шара­ларын Асс­амблея арқылы үйлес­тіріп, әрбір елді-мекенде жұ­мыс­тың әлеуметтік бағытын кү­шейтуіміз керек. Сонымен қатар Қоғамдық келісім кеңес­те­рінің рөлін нығайту шара­ларын қа­былдау қажет. Бұл жұ­мыс­тар немқұрайлы сипатта болмауы керек, – деді облыс бас­шысы қорытынды сөзінде.
Осы жиында бірқатар қоғам қайраткерлері Қазақстан хал­қы Ассамблеясының «Бірлік» қоғамдық алтын медалімен, Қазақстан Республикасы Пре­зи­ден­тінің Алғыс хатымен, Қа­зақстан халқы Ассамб­лея­сы­ның және Алматы облысы әкі­мінің алғыс хаттарымен ма­рапат­талды.
Осынау басқосуға қатысқан қоғамдық ұйымдар мен облыс­тық Ассамблеяның ұлттық этномәдени орталық­тардың же­­текшілері өңір халқының береке-бірлігі табыс кепілі еке­ніне ерекше тоқталды.

Ерғазы МАНАПҰЛЫ
Талдықорған қаласы

Жауап қалдыру