Қытайдағы 9 отандасымыз босатылды

0
56

ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов консульдық мәселелер бойынша Бейжіңде өткен кезекті қазақстандық-қытайлық консультацияға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
– Шетелдегі Қазақстан азаматтарының мүддесімен байланысты барлық жұмыстар тек қана тұрақты назарда тұрған жоқ. Біз күн сайын осы мәселелермен жұмыс істейміз. Егер, біздің ҚХР-мен ынтымақтастығымыз жайында сөз болса, онда келіссөздер жүргізуге еш кедергі жоқ. Келіссөздердің, ҚХР-мен арада қол жеткізілген уағдаластықтардың қорытындысында тұтқын­далған 12 азаматы­мыздың 9-ы босатылды. Қалған үш азаматымызға қатысты біз тыңғылықты жұмыстар жүргізудеміз, – деді Қайрат Әбдірахманов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне. Министрдің айтуынша, ҚХР-мен барлық келіссөздер серіктестік рухында жүргізілуде.
– Шетелде жүрген Қазақ­станның барлық азама­тының құқығы біз үшін басым­дық. Сөзсіз қорға­латын болады, – деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада Қазақстан мен Қытайдың сыртқы саяси ведомстволары арасында консулдық мәселелер туралы консультациялар өткізілді. «Қазақстандық тарап Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған және Қазақстан Респуб­лика­сының азаматтығын алған этникалық қазақтардың жағдайына қатысты мәселені қозғады. Қытайда қос азаматтық үшін ұсталған этникалық қазақтардың істерін объективті және әділ қарау мен оларды босату туралы табанды тілек айтылды. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі этникалық қазақтардың мәселелерін шешудің ортақ амалын ойластыруға уағдаласты», – делінген ҚР СІМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Марлан ЖИЕМБАЙ

Жауап қалдыру