Ынтымақтастық ырысты істерге бастайды

0
35

24 мамырда құрамында Астана қаласы әкімдігінің түрлі басқармалары мен құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері бар елордадан келген үлкен делегация Атырау облысында жұмыс сапарымен болды. Қонақтардың келуі Астананың алдағы 20 жылдық мерейтойына орайластырылған.
Сапар аясында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өңіраралық ынтымақтастық бизнес кездесуі өтті. Өзінің құттықтау сөзінде өңір басшысы жаңа инновациялық идеяларды, бизнес жобаларды және үлкен қалалар мен тұтас еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін техникалық жаңалықтарды енгізу бойынша екі қаланың арасында тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінгі күні Астана Қазақстанның барлық қалалары үшін үлгі болып табылады, бұл – отанымыздың келбеті, мұнда әлемдік стратегиялық міндеттерді шешу үшін көптеген елдердің бірінші басшылары келеді, ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Астанада медицинаның, мәдениеттің, білім мен ғылымның барлық маңызды объектілері шоғырланған. Сіздердің облысымызға сапарларыңыздың маңызы зор, біз өңірді дамыту бойынша астанадан барынша көп тәжірибе алуды ниет етеміз, – деді Атырау облысының әкімі қонақтарға арнап сөйлеген сөзінде.
Астана қаласының әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев басқарған астаналық делегация өкілдерінің айтуынша Атырау облысы қонақтардың үлкен қызғушылығын тудыруда, бұған қоса өңіраралық ынтымақтастық бірден бірнеше бағыт бойынша – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм, цифрландыру, «Ақылды қала» технологиясын енгізу және басқалары бойынша жасалуы мүмкін.
– Астанада 20 жылда іске асы­рыл­ған табысты жо­ба­лар­ды Атырау об­лы­сында да енгізуге болады. Біз олар туралы айтқы­мыз, оларды іске асырудағы тәжі­ри­бемізбен бө­ліс­кіміз келеді. Екі күнгі са­парда Атырау облы­сы­ның әкім­дігі екі жобаға қы­зы­ғу­шылық та­нытты деп ай­туға болады – бұл ІТ-қауіпсіздік сала­сындағы жобалар, яғни бүкіл қала бойынша көше бейнебақылау камераларын енгізу, бұл қылмысты төмендетуге және қыл­мыстардың ашы­­луын арт­ты­руға, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларын азайтуға мүмкіндік береді. Екінші жоба – біз Астанада ойдағыдай енгізген «1000 жаңа сауда орындары» жобасы МЖӘ-ке негізделген, айта кететіні жобаға мемлекет бір тиын да салған жоқ – сауда алаңдарына арналған жер учаскелерін инвесторлар ұсынды, жобаны іске асыру Астанаға жаңа инвестициялар тартты және жаңа жұмыс орындарын құрды, – деп әңгімеледі Астана қаласы әкімдігінің инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Бекмұрзаев.
Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты 7 құжатқа қол қойылды.
Еске сала кетсек, Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірлерінде елорданың 20 жылдық мерейтойына орай Астананың Мәдениет күндері өтуде. Астаналық қонақтардың сапары екі бөлімнен тұрады – мәдени және іскерлік. Астаналық шығармашылық ұжымдардың концерттері іскерлік топтардың бизнес кездесулерімен, өнеркәсіптік және өндірістік кәсіпорындарды аралаумен қатар өтуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша мұндай форумдар өңіраралық ынтымақтастыққа жаңа серпін бермек.

Жауап қалдыру