Тыныштықтың бұзылуы оңай, оны қалпына келтіру өте қиын

0
72

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің мүшесі Ер­сұлтан Бектұрғанов Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында айтқан ойларынан туындаған пікірлерімен бөлісті.

– Ерсұлтан Өтеғұлұлы, Ел­басы жаһандық қаржы дағ­дарысы кезеңінде мемле­кетіміздің дамуын және қаржы саясатын қалай тұрақты сақтап қалуымыз керек екендігі туралы айта келіп, сыртқы саяси ахуалға тоқталды. Соның ішінде Түркия мен Ресей арасындағы жағдайдың ушығып кетпеуі үшін, оның соңы апатқа соқтырмауы үшін, екі елді татуластыру жөнінде өз ұстанымын айтты. Осы тұрғысында қандай пікір ай­тар едіңіз?
– Жалпы, Елбасының Жол­дауында экономиканың дағда­рысқа ұшырауы тек қана шикізат өнімдері бағасының түсуімен шектелмей, саяси қыспаққа тү­суінің де әсері болғандығы айтылды. Шынында да, Мемлекет басшысы алдымен экономика, сосын саясат деп айтып келе жатыр, әлемдік оқиғаларға, тарихи кезеңдерге назар салсақ, саясат жоғары дәрежеге көте­ріл­ген кезде, экономика кей кезде тапталып қалады. Сон­дықтан үлкен дағдарысқа, сын-қатерлерге саясаттың да жағымсыз әсері тиіп отырғаны анық. Мысалы, тыныштықты қорғау жолында елдер абырой-беделін тірнектеп жинайды. Ал саяси қақтығыстар, жоқ жерден шыққан жанжалдар оның бәрін бір күнде жоққа шығаруы мүмкін.
Ынтымақтастықтың бұзылуы экономикаға, туризмнің дамуына кері әсер етеді. Мысалы, Мысыр еліне жылына 7-9 млн турист баратын болса, соның 3,5 миллионы Ресей азаматтары екен. Енді сол туристер легі тоқтатылды. Сол секілді Түркия мемлекетіне де баратын ресейлік туристер үшін жол жабылды. Бұл мәселенің бір жағы ғана. Бүгінгі таңда қай мемлекетте де шетелдік бірлескен компаниялар жұмыс істейді. Мысалы, Түркияның құрылыс, жеңіл өнеркәсібі, тағы басқа саладағы ірі компаниялары Ресейдің көптеген қалаларында жұмыс істеп жатыр. Енді олардың жағдайы қалай болады? Ол да жаңа мәселелерді туындататыны анық.
Елбасы Тәуелсіздік алған кезімізден бері қарай елдерді татулыққа шақыратын іргелі істер атқарды. Өзіңіз білесіз, 1990 жылдардың басында Әзір­байжан мен Армения ара­сындағы Карабақ қақтығысы кезінде Елбасының өзі барып, екі елді бітімгершілікке шақырып, соғыстың тоқтауына өз ықпалын тигізді.
Түркі әлемінде біздің Елбасымызды «ақсақалымыз», «үл­кен ағамыз» деп құрмет тұ­тады.
Жалпы, дүниежүзінде қор­ғаныс, әскери салаға жылына 1 трлн 200 млрд-қа жуық қаржы жұмсалады екен. Ал осы кезеңде күніне 1 млрд-тан астам адам аштықтың азабын тартып отыр. Соғысқа, қару-жараққа жұмсалып жатқан қа­ражатты елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, бейбітшілік үшін жұмсасақ, дүниежүзінде бақытты заман орнап, бау-бақшасы жайнап, бұлбұлы сайрап тұрар еді. Сондықтан соғыс, қақтығыс, саяси тірестер еш уақытта жақсылыққа алып бармайды. Оны тарихтан да білеміз. Тыныштықтың бұзылуы оңай, ал оны қалпына келтіру өте қиын.
– Жолдауды тыңдаған кезі­ңізде көкейіңізден шыққан тағы да қандай ұсыныстар бар?
– Қандай жағдайда да әр мем­лекет өзінің пайдасын ойлауы керек екендігі, кездескен қиындықтан табыспен шыға білудің жолдарын қарастыру қажеттігі туралы Елбасы Жолдауда да айтып өтті. Қазіргідей мем­­лекетаралық сауда-саттық кө­лемі төмендеген кезде, инвес­торлардың келуі азайған тұста, қаражаты бар үлкен компаниялар инвестициясын салып, одан пайдаға шығатын елдерді іздейді. Тиімді келісім-шарт жасалатынына көз жеткізгенде ғана барады. Біздің Қазақстан бүгінгі таңда қолайлы инвестициялық климаты бар ел ретінде танылып отыр. Елбасы Азия мен Америка, Еуропа мемлекеттерін аралап келгенде, көптеген милллардты құрайтын инвестицияны елге тартуға жол ашты. Шетелдік инвестицияның келуі елімізге, халқымызға деген сенімділіктің болғанын көр­сетеді. Мемлекетімізде орнықты жағдай қалып­тасқандықтан, инвесторлар өздерінің қаражат­тарын, жаңа технологияларын, өнеркәсібін, зауыт-фабрикаларын осында алып келіп, жұ­мыстарын бастап кетті. Еуропа елдерінің көптеген компаниялары жұмыс істеп жатыр. Сол секілді, мысалы, Қытай компаниялары 40-тан астам зауыт-фабрикалар саламыз деп отыр.
Шынында да, жалға берілген жерді ешкім де қопарып алып кетпейді, салынған өндіріс орындары сол күйінде қалады. Осыдан 15 жылдай бұрын мен Венгрия еліне іссапармен барған едім. Еуропада жер аз дейміз ғой, дегенмен оларда да жер жеткілікті екен. Орманды алқабы да, далалық жерлері де бар. Венгрияда үлкен қалаларынан 50-60 шақырымдай жерде, ауыл­дардың жанында «General Motors», «Siemens», «Sony», «Samsung» компанияларының өндіріс орындары жұмыс істеп тұр. «Бұл қалай салынды?» деп сұрасақ, олар: «Біз мына жерді шетелдік компанияларға 100 жылға жалға бердік. Өндіріс орындарын өздері салды. Қажетті кадрларды іргесінде орналасқан ауылдардан даярлап алды. «General Motors» үлкен ұшақтарға, корабльдерге қажетті бөлшектерді жасап шы­ғарып жатыр. «Siemens» кір жуатын машиналарын жасауда, ал «Sony» мен «Samsung» тұрмыстық электротех­никаны өндіруде», – деп түсінік берді. Тіпті қаладағы тұрғынның 30 пайызы сол зауыт-фабри­каларға барып-келіп жұмыс істейді екен. Сонымен қатар жанындағы шағын елдіме­кен­дердің тұрғындары жұмысқа тартылған. Мемлекетке салығын төлейді, өнімін сол елдің тұрғындарына сатады, сондай-ақ шетелге де шығарады.
Біздің кең байтақ жеріміз бар. Шетелдік компанияларды қатыстыра отырып, небір заманауи өндіріс орындарын салуға толық мүмкіндігіміз бар. Жапон, Қытай, Ұлыбритания, Америка компаниялары бізге инвестициясын алып келіп, кәсіпорындар ашып жатыр. Соның арқасында олар экономикамыздың дамуына да ықпал етуде. Осы қар­жы дағдарысынан да біз өзімізге тиесілі пайданы алып, оң нә­тижемен шығу мақсаты көз­деліп отыр.
– Елбасы өз сөзінде халқы­мызды 30-қараша күні Қазақ­станның Дүниежүзілік сауда ұйымының заңды түрдегі толық­қанды мүшесі болуымен құттықтап өтті. Бұл ұйымға мүше болу еліміз үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылуы деп ұғынсақ, қателеспейміз. Сіз қандай ой қосасыз?
– ДСҰ-ға кіргеннің пайдасы, мысалы, бізде жоқ, шетелден алып келіп жатқан құрал-жабдықтарды сатып алуда кедендік бажы төмен болады. Бұл – бірінші жағы. Екіншіден, ДСҰ-ның тағы бір тиімді жағы, бізде жұмыс істеп тұрған зауыт-фабрикалардың бәсекелестікке деген талпынысы артады. Ай­талық, ДСҰ-ға мүше елдер­дің бірінде шығарылған өнімнің сапасы жоғары, бағасы арзан болса, елдің бәрі соны алады. Мәселен, қазір бізде шығып жатқан «Тұлпар-Тальго» поезы сияқты жоғары сапалы дүниелерімізді ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің бәріне сата аламыз.
Қазақстанның бұл ұйымға кіруде 20 жылдық тарихы бар. Ел­басы бұл мәселені үнемі өз назарында ұстап, келісімдердің әрбір тармағын егжей-тегжейлі қарап отырды. Осы жазда Женева қаласында қол қойылды. Енді міне, ДСҰ-ның толық мүшесіміз деп айтуға болады. Біздің елге берген тағы бір жеңілдігі бар. Барлық сала бойынша қойылған талаптарды бірден орындау қиынға түсетіні белгілі. Сондықтан шетелге шығатын және шетелден келетін тауарларға қатысты кейбір мәселелер бойынша бізге әлі төрт-бес жыл бойы уақыт берді. Айталық, шығарып жатқан өніміміз дүниежүзілік стандарттарға сай болмаса, ол саланы кіргізбейміз. Мұндай жеңілдіктерді барлық мемлекетке бере бермейді. Елбасының әлем алдындағы беделінің арқа­сында бізге осындай мүмкін­діктер жасалды.
– Парламент депутаты ретінде Сіздер қандай үлес қос­тыңыздар?
– Аталған ұйымға еліміздің мүше болатыны белгілі болған кезден бастап, көптеген халық­аралық шарттар мен келісімдер дайындалды, олар кейін Пар­ламент қарауына беріліп, талқылаудан өтіп, Заңмен бекі­тілді. Ұлттық заңна­ма­мыз халықаралық шарт­тар­ға сәйкес кел­тірілді. Сондай-ақ жуырда, 7- қазан күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Мәжіліс пен Сенат бұл заң актісін қыркүйек айының ішінде қарап, қабылдаған болатын.
Осы Заңмен үш кодекске және қолданыстағы 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл Заң ДСҰ нормаларымен және оның қағидаларымен сәйкес келтіруге бағытталған.
Заңның негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының заң­намасын жер қойнауын пай­да­ланушылардың және мемлекет қатысатын компаниялардың тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді сатып алуларындағы жергілікті қам­ту жөніндегі мәселелерді, шетелдік адамдардың келуі мен уақытша болуы бойынша міндеттемелерді реттеу бөлі­гінде ДСҰ нормативтік құжат­тарымен үйлестіру болып табылады. Бұдан басқа, телекоммуникациялық қызмет нарығына, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға, субсидиялар мен өтемақылық шара­ларға, дәрілік заттар мен зияткерлік меншікті тіркеу талаптарына қол жеткізу бойынша түзетулер енгізілді.
Заң жобасының жекелеген нормалары ДСҰ қағидат­та­рына сәйкес терминдер мен анық­тамаларды бірдей пайда­лануға бағытталған.
Алдағы уақытта да заң­дар­ға толықтырулар енгізу, халық­аралық құжаттарды заңмен ре­сімдеу жұмыстары жал­ғаса беретін болады.
– Қазір әлем елдерінің қай-қайсысы да артта қалып қой­ғысы келмейді, бәрі де алға ұмтылуда. Қазақстанның әлем­дік қоғамдастықтағы рөлі, ор­ны туралы не айтасыз?
– Қазақстан тәуелсіздігін ал­ғаннан бергі қысқа мерзім ішінде дүниежүзіне танымал бола түсті. Оған жағдай жасаған басты фактор – Елбасының жүргізіп келе жатқан ашық саясаты, халқымыздың қонақжай қасиеті. Бүгінде қай мемлекетке барсаң да, бізді жылы шыраймен қарсы алады. Мысалы, біздер сол елдердің Парламент депутаттарымен кездесеміз. Олардың бәрі де «Біз Қазақстанда болғанда, қонақ­тарды ерекше қарсы алатын, құрмет көрсететін салт-дәстүрлеріңізді көрдік. Үлкен әсермен елімізге оралған едік», – деп айтады.
Таяуда Санкт-Петерборда өткен ТМД Парламентаралық Ассамблеясының кезекті отырысына қатыстық. Одан кейін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдер­дің пар­ламентаралық комис­сия­ларының кездесулері болып өтті. Сонда көп құжаттарда Қазақ­станның ұсынған бастамалары енгенін көрдік. Бірқатар мәселелер күн тәртібінде қа­ралды. Осы жайттың өзі бізді барлық мемлекеттердің сыйлайтынын көрсетіп отыр.
Сондай-ақ Еуропа елдерінің Парламенттерімен де, Азия, Америка мемлекеттерінің Пар­ла­менттерімен де қазір ты­ғыз байланыстамыз. Жалпы, Парламент әрқашанда Үкі­мет­ке ұсыныстар береді, елдердің сауда-экономикалық, руха­ни қарым-қатынастарын дамытуға үлес қосады, сондай-ақ ынтымақтастық орнатқан мемлекеттер арасындағы қол қойылған келісім-шарттарды ратификациялауға ықпал етеді, ұлттық заңдары бойынша өзара тәжірибе алмасады. Ел­дер арасына достық көпірін ор­нату арқылы парламентшілер де мемлекетіміздің беделі арта түсуіне үлес қосып жүргенін айта кеткенім жөн.

– Рақмет әңгімеңізге.
Айдын Бәймен

Жауап қалдыру