Тыныштық сақшылары

0
98

Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамытуда құқық қорғау органдарының атқаратын міндеті зор екендігі атап өтілген. Яғни дамудың жаңа бір белесіне қадам басқан еліміздің алдында тұрған мақсат-міндеттерге орай құқық қорғау органдарына жүктелер міндеттердің де салмақты болары түсінікті. Осыған орай Талдықорған қаласы ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Сансызбаев мырзаға бірнеше сұрақтар қойған едік.

– Ерлан мырза, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы Талдықорған қа­­ла­­­­сындағы тәртіп сақ­шы­лары­ның қызметіне қысқаша тоқ­талып өтсеңіз.

– Еліміздің ендігі даму ба­ғытын айқындайтын «100 нақты қадам» атты бағдар­ламада Елбасы тәуелсіз елі­міз­дің өткен он жылдағы әлеу­мет­тік-экономикалық да­му­ын қо­рытындылап ба­ға бер­ді. Соны­мен қатар Қазақ­стан­ның жаңа кезеңдегі мақсат-мін­дет­тері мен бағыт-бағдарын ай­қын­дады. Осыған орай құқық қорғау органдарына жүктелер мін­­деттің салмақты боларын айт­ты. Бағдарламада «Құқық қор­ғау жүйесінің қызметінде ек­пін азаматтардың құқы мен мем­­лекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы тиіс» деп көрсе­тілген. Кез-келген мемле­кеттің даму деңгейі оның қо­ғам­дық тәр­ті­бінің тұрақтылығымен және құқық қорғау орган­дарының аза­маттардың құқын қорғауды қам­тамасыз ету деңгейімен анық­та­латыны анық. Соған сәй­кес жыл басынан бері қала көше­лерінде жиі орын алатын бұза­қы­лықтардың біршама тыйы­лып, қоғамдық қауіпсіздік тұрақ­танғанын анық байқауға болады. 2016 жыл ауыр қылмыстар мен аса ауыр қылмыстардың саны едәуір азайды. Атап айтқанда тонау, қарақшылық шабуыл жасау, автокө­ліктерді ұрлап айдап кету, қорқы­тып алу, бұзақылық секілді қылмыс­тардың ашылу көр­­сеткіші 100  пайызды көр­сетсе. Ал, жалпы қылмыс­тың ашы­луы 20 пайызға жақсарған. Бұл көрсеткіштер біздің ең басты жетістіктеріміз деуге болады.

– Бүгінде қала тұрғындары саны 160 мың халықтан асып отыр, осыған орай ішкі істер бөлімінде мамандар тап­шы­лығы бар ма? Қыз­меткерлердің оралым­дылығы қандай дең­гейде?

– Шындығында да Талды­қорған облыс орталығы болған соң ағылып келіп жатқан адам көп. Себебі, қаладан жұмыс іздеп, болашағын осы қаламен бай­ланыстырып келушілер же­тер­лік. Оның ішінде, әртүрлі аймақ­тан келіп жатқандар бар. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегендей, әр адам­ның ойында не бар екенін білу қиын. Өкінішке қарай, осындай әр аймақтан келгендердің ара­сында қылмысқа барып жат­қандар бар. Дегенмен, ішкі істер бөлімінде бұл бағыттағы жұмыс қолға алынған. Мем­лекет бас­шы­сының құқық бұзушы­лық­тарға мүлдем төзбеушілік қағи­дасын қалып­тастыру бо­йын­ша тапсырмаларды іске асы­рудың аясында алдын алу жұмысы күшейтілген. Осыған байланысты Талдықорған қала­сының тәртіп сақшыларының ора­лымдылығын дамыту мақ­сатында қала полицейлері шарт­­ты түрде «Шығыс» және «Ба­тыс» бөлімдеріне бөлін­ген. Мұндағы мақсат құқық бұзу­шылық орын алған жерлерге ба­рынша тез уақыт оздырмай жету. Осылайша біз ішкі істер бөлі­мінің қызметін барынша жетілдірудеміз.

– Тал­дықорғандық поли­цей­лердің жұмысын жеңіл­де­туде технологиялық қандай мүм­кің­діктер  пайдала­ныла­ды?

– Интернет желісіндегі ақпа­раттық ресурстар қоғаммен өза­ра іс-қимыл жасасудың тиімді тәсілдерінің бірі. Мәселен, іш­кі бө­лім сайтындағы жеке блогыма азаматтар күн сайын жүгінеді. Ешқандай хат жауапсыз қал­майды. Бұл бойынша шұғыл шара қолданылып, жауап қай­­тарылады. Бүгінгі таңда за­ма­науи технологияларсыз еш­қан­­дай қыз­метті көзге елес­тете алмайсыз. Бұл – заман талабы. Сондықтан бейне­ба­қылау жүйесі құқықтық тәр­­тіпті, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сон­дай-ақ, қылмыс деңгейі­нің төмендеуіне ықпал ету жағ­дайын жақсартатыны күмән­сіз. Қаламызда бейне­камералардың саны едәуір өсіп келеді. Бір мезетте жоспарлы жаңғырту жүр­гізілуде, осы секілді ескірген жүйелердің орны­на бейнеталдау қыз­меттері бар зияткерлік бейне­жүйелер енгі­зіледі. Қоғамдық тәртіптің бақылауын күшейту мақсатында «Қауіпсіз аула» бағдарламасының талаптарына сәйкес көп қабат­ты үйлердің ауласына 20 бейнебақылау камера­ларын орнат­тық. Олар учаскелік бекеттердегі мони­торлар арқылы бақыланып оты­ры­лады. Қазіргі кезде қалада 100-ге жуық бейнекамера орна­­тыл­ған. Осы орайда атап өтетін бір жайт Талдықорған қала­сында WhatsApp әлеуметтік желі­сі арқылы ішкі істер бөлі­міне хабар беру жағы да қолға алы­нып жатыр. Осылайша Тал­ды­қорған қаласының тәртіп сақ­шылары заман көшінен қал­май дамып келеді деп айтуға болады.
– Қылмыс тырнағына алдымен ілігетін жастар. Сон­дықтан жеткіншектермен тәр­бие жұмыстары, жастар ара­­сындағы заң бұзушы­лық­тың алдын алу бағытында ат­­қарылып жатқан шаралар жайлы сөз етсеңіз.
– Соңғы уақытта бұрнағы жылдармен салыстырғанда жас­өс­пірім­дер арасындағы қыл­мыстылық ахуал тұрақтанды деуге болады. Бұрындары біздің қала­мызда жасөспірімдердің өзара топтасып төбелесуі, ша­ғын аудандарға бөлініп төбе­лесуі сияқты бұзақылықтар жиі орын алатын, қазір ондай бұза­қылықтар тоқтатылды. Бұл орайда әр қылмыстың алдын алу жолында жүзеге асырыл­ған жедел шараларға белсене атсалысқан кезек­ші полицейлердің табан­дылығы мен төзімділігін атап кеткен жөн. Жасөспірімдер ара­сын­дағы қылмыстың алдын алу мен олардың өмірінің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету­ді көз­деген «СТОП-ҚЫЛМЫС» рес­пуб­ликалық ша­ра Талды­қор­ған қаласында жүзеге асырылуда. Аталған акция ая­сында, Талды­қорған қалалық Ішкі істер бас­қар­масының ювеналды поли­ция бөлімінің ұйытқы болуы­мен «Түнгі қаладағы балалар» деген атаумен рейд жүргізді. Оған мектеп мұғалім­дері мен жергілікті БАҚ өкіл­дері тар­тылды. Полиция қызмет­кер­лері бірінші кезекте қала орта­­лығында орналасқан қоғам­дық және ойын-сауық орын­дарын тексеруге кірісті. Шара барысында кәмелетке тол­маған жасөспірімдердің дәм­ха­налар мен түнгі ойын-сауық орта­лық­тарында жұмыс жасап жүр­гендері анықталды. Тексеру нәти­­жесінде олар ата-анасының ақылынан аттап, өздерінше ақша тау­ып жүрген сыңайлы. Полиция қыз­меткерлері тарапынан олар­дын ата-аналарынан түсі­ніктеме алынып, оқу орындарына қатаң ескерту берілді. Сонымен қатар, ойын-сауық орындары әкімшіліктеріне түнгі уақытта жасөспірімдерді кіргізбеу керек­тігі туралы ескертілді. Былтырғы жылы облыс көлемінде өткі­зілген дәл осындай 57 рейд барысында балалар ара­сында 107 заң бұзушылық анықталса, тек 5 айда балалар қолымен жасалған 33 қылмыс тіркелген. Ал биылғы жылы сәйкес мер­зімде қылмыс саны 8 есеге азайған. Аймақта арнайы есеп­тегі балалардың саны 70-ге жеткен. Жасөспірімдерге алко­гольдік ішімдіктер, темекі өнім­дерін сату, сондай-ақ, олар­дың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында үлкендердің қа­ра­уын­сыз жүру фактілерін анық­таумен қа­тар құқықтық сауат­тылығын арттыруды көздеген акция алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
– Соңғы жылдары сақ­шыларға сенім артушылар көп. Бірақ, халық арасында кәсі­би деңгейі төмен қызмет­керлер кездеседі деп жатады…
– Елбасы жыл сайын ха­лыққа Жолдауында, сай­лауал­ды рефор­масында да елі­­міздің құқық қорғау саласы туралы айтып өтті. Оның ішінде поли­цейлердің кәсіби білік­тілігін шыңдап, қоғамдағы беделін өсіру де ескерусіз қалған жоқ. Реформаның алғашқы қадам­­дары мемлекеттік қыз­метке үміт­керлерді іріктеу білік­тілі­гінің оңтайлы ыңғайын табу және олардың кәсіби дең­гейін жоға­рылатудан бастау алады. Осыған байланысты жеке құрам арасында тәртіп пен заң­­дылықты күшейту, өз қатар­­ларында сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы тұру, кадр­лармен жұмыс тиімділігін және қызметкерлердің әскери-қыз­­­меттік даярлық деңгейін жо­ғарылату бойынша кешенді ша­ра­лар қабылдануда. Олардың мо­ральдық-психологиялық да­­йын­­дықтарына жоғары та­лап­тар қойылған. Қызмет­тік мін­­деттерін адал орын­да­­ған­дары үшін көп­теген қыз­мет­кер­лер әртүрлі награ-далармен ма­рапатталды, қыз­меткерлер ақ­шалай сый­ақымен ын­та­лан­ды­рылды.
Сон­дай-ақ, қабылданып жат­­қан іс-шаралардың полиция жұмысын ашық көрсетуге мүмкіндік беретініне тоқталғым келеді. Полицияның қоғам мен мемлекет алдындағы жауап­кер­шілігі күн­нен-күнге арта бер­мек және осы сенім қыз­меттік бо­рышты адал, алға қо­йыл­ған міндеттерді жоғары кә­сіб­илік­пен, сапалы әрі тиімді орын­да­ған кезде ғана ақталады дегім келеді.
– Сөз соңында бүгінгі қо­ғамдық тәртіп сақшы­ларына қандай баға бересіз?
– Барлық құқық қорғау саласы сияқты ішкі істер органы да жетілу, даму үстінде. Ауыз тол­тырып айтуға жетерлік же­тістігі де, кемшілігі де бар. Сондықтан бәрін бір бағытта бағалауға болмайды. Біреуге білім-білігі төмен, сәйкесінше тәжірибесі аз сақшымен бетпе-бет келуге тура келеді. Жалғыз сол адамға қарап бүкіл ішкі істер органына баға беруге болмайды ғой. Бұл салада өз ісініңің маманы, Отанына адал, қызметіне берілген, өзін де, өзгені де, еліміздің заңдарын да жоғары деңгейде сыйлай алатын, еліне жан-тәнімен қыз­мет ете алатын азаматтар жетер­лік. Солардың қатары күн өт­кен сайын көбейе түссе, қоғам­ның да рухани келбеті де жоғарылай түсер еді. Парасатты полицей – өркениетті қоғамның өкілі. Полицияны құрметтеп, сыйлау керек, ол біздің заңды сыйлағанымыз болады. Еліміз­дің барлық азаматы осындай санаға жетеріне өз басым сенемін.

Сұқбатыңызға рақмет.

Сұқбаттасқан
Қайрат НҰРХАНОВ,
«мерейлі шуақ» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Жауап қалдыру