Тәуелділіктен арылу бағытында

0
104

Ақтөбе облысында қуаттылығы 160 МВт газ-турбиналық электр станциясы іске қосылды. Мұндағы өңделетін электр энергиясының негізгі тұтынушысы – 3-ші Жаңажол газ өңдеу зауытының нысандары. Кен орнындағы №45 газ-турбиналық электр станциясы 2008 пайдалануға берілген, оның жиынтық номиналды қуаты (34 МВт) Жаңажол газ өңдеу зауытының электр энергиясына деген қажеттілігін толық өтей алмады. Мемлекет басшысы сол кезде «СНПС–Ақтөбемұнайгаз» АҚ алдына ілеспе газды шикізат ретінде пайдаланатын электр станциясын салу туралы тапсырма берген еді. Өз кезегінде АҚ электр станциясын кеңейту туралы шешім қабылдады.
–Қазіргі таңда облыстың электр энергиясына деген тәуелділігі 620 МВт. құрайды. Осы күнге дейін электр энергиясына тапшылық 210 МВт болып келген еді. Енді осы стансаның іске қосылуының нәтижесінде көрсеткіш 60 МВ-қа қысқарды, – деді газ-турбиналық электр стансасының салтанатты іске қосу рәсіміне қатысып, сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев. Қуаттылығы 160 МВт газ-турбиналық электр станциясының екі­жақ­ты тиімділігі де атап өтілді. Ең адымен ГТЭС-45-те өңделген электр энергиясын «СНПС–Ақтөбемұнайгаз» АҚ бөлімшелері пайдаланады. Екін­шіден, станса «Энергосистема» ЖШС-нің өңірлік энергиямен жабдықтаудың бірыңғай жүйесіне берілетін болады. Жоспар бойынша электр энергиясын меншікті тұтыну 2017 жылы 680 948 мың кВт/сағ. құраса, сыртқа, 2017 жылы 72 652 мың. кВт/сағ. берілетіндігі жоспарлануда.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев аталмыш жобаның іске асырылуы, еліміздегі энер­ге­тикалық тәуелсіздікті ілгерілетуге зор үлес қосатынын және энергетика – мемлекет экономикасының дамуының негізгі салаларының бірі екенін ерекше атап өтті. Электр стан­сасын кеңейту жобасы бойынша, өндіріс тиімділігін арттыруға ықпал ететін бір­қатар инновациялық шешімдер қабылданды. Айта кетсек, турби­наларды салқындату үшін тікелей әуе салқындату жүйесі қолданылады. Бұл сумен салқындату турбиналарымен салыстырғанда суды 75% үнемдейді.
Электр энергиясын өндіру үшін шикізат ретінде тазар­тылмаған ілеспе газ қолда­нылады. Бұл газ­ды пайдаға жарату туралы стратегиялық мәселені шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өзі өндір­ген газды пайдалану өнімнің құнын арзандататыны тағы белгілі.
160 МВт газ-турбиналық электр стансасының құрылыс құны – 26,6 млрд. теңгені құрады. Бұл соманың 12,6 млрд. теңгесі құрал-жабдыққа жұм­салған. Құрылыс жұмыс­тарына 150-ге жуық жергілікті тұрғын тартылған, ал, станса іске қосылған соң 130 жаңа жұмыс орны ашылды.
Өңір басшысы жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған өндіріс орнын аралап көрді, жұмыс­шылармен әңгімелесіп, олардың еңбек және жалақы жағ­дайларымен танысты. «СНПС–Ақтөбемұнайгаз» АҚ жұмыс орындары қысқармаған және жұмысшылар алдында жалақы берешегі жоқ ірі өндіріс орын­дарының бірі.
Бұдан соң облыс әкімі Мұ­ғал­жар ауданындағы Мұғал­жар селолық округіне барып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мәдениет үйінің құрылыс жоспарымен танысты. Аталған нысанды ел игілігіне жарату үшін «Көктас» АҚ қиыршық тас зауытының басшылығы қар­жы бөліпті. Бұдан басқа «ЖКБ 2020» мемлекеттік бағдар­ламасы шеңберінде, жергілікті орта мектепте де жөн­деу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс-жөндеу жұмыс­тарының жалпы құны 73 млн. теңге.
Мұғалжарда жергілікт­і тұр­­ғындармен кездесіп, ел-жұрт­тың мұң-мұқтажын тың­­да­ған облыс әкімі Бердібек Мәш­бекұлы, аудан орталы­ғында дәл бүгінгі күні аса маңызды болып отырған су және газбен жабдықтау, жол жөндеу мәселелерінің біртіндеп шеші­летініне сендірді.

Інжу ТӘЖІҒҰЛОВА,
«Президент және Халық»
Ақтөбе облысы

Жауап қалдыру