Су тасқынының алдын алу ерекше бақылауда

0
143

20 ақпан күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкіметтің кезекті оты­рысы өтті. Онда ішкі істер минис­трі Қ. Қасымов 2018 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысын таныс­тырды.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, су тасқынында өзендердің су деңгейінің негізгі бол­жамын Қазгидромет әзірлейді, 2018 жылғы 1 наурыздан бастап апта сайын әрбір үш күн сайын нақтылап отырады. Елді мекендерді инженерлік қорғау «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасына сәйкес жүргізіледі.
Жыл басына дейін 204 шара іске асы­рылды. «108 қорғаныш бөгені са­лынды және нығайтылды, 71 гидро­тех­никалық құрылыс, 8 көпір, 12 автокө­лік жолы жөнделді. Жалпы алғанда, инже­нерлік қорғауды жасауға 12,56 млрд теңге жұмсалды, оның ішінде респуб­лика­лық бюджеттен – 6,16 млрд теңге бөлінді», – деп мәлімдеді Қалмұханбет Қасымов.
2018 жылғы су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 8,4 мың тонна жанар-жағармай, 123 мың тонна инертті материалдар, 759 мың қап пен 6,5 тонна жарылғыш көлемінде қор дайындалды. Жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 3,8 млн текше метр қар шығарды. Қар шығару жұмыстары жалғасуда.
2018 жылғы көктемгі кезеңдегі су тас­қынының ықтимал күрделенуіне жедел ден қою мақсатында ІІМ жалпы саны 14 мыңнан аса адам және 2 мыңнан астам бірлік техника күштері мен құралдары топтамасын қалыптастырды. Ұлттық ұлан зардап шегуі ықтимал халықтың әрбір 1000 адамына үш лагерьді құруға дайындықты жүзеге асыруда. «Қаза­виақұтқару» тікұшақтары ұдайы әзір­лікте.
Өңірлердегі ықтимал су жайылу ау­дандарынан эвакуацияланған ха­лықты қабылдау пунктері анықтал­ды, эвакуа­циялау бағдарлары жаңар­тылды, қа­жет көлік айқындалды.
Азаматтық қорғау мемлекеттік жү­йе­сінің көктемгі кезеңнің ықтимал тө­тенше жағдайларына әзірлігін тексеру үшін наурыздың бірінші онкүндігінде Өскемен қаласында басқару штабымен «Көктем-2018» республикалық коман­далық-штабтық оқу-жаттығу жұмыстары өткізілетін болады.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағын­таев Мемлекет басшысының жаңа су қоймаларын салу бойынша тапсырмаларын орындау, сондай-ақ су тасқыны қаупін жою бойынша үлкен жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті. Бұдан өзге, Бақытжан Сағынтаев су басу қаупі бар аймақтардан тұрғындарды көшіру бағ­дарламасының жобасын әзірлеуді тап­сырды.

Дастан ҚАДЫР.

Жауап қалдыру