Сайлау құқығы сақталуы тиіс

0
113

Сайлау құқығын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергi жасау (Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі – 150-бап)

Азаматтардың ең маңызды саяси құқықтарының бiрi – олардың сайлау құқығын жүзеге асыру болып табылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша Пар­ла­мент­тiң Мәжiлiс депутаттарын, Президенттi, жергiлiктi өкiл­дi органдар депутаттарын сайлау жалпыға бiрдей, тең төте сайлау құқығы негiзiн­де жасырын дауыс беру арқы­лы өт­кi­зi­ледi. Сайлауға, сай­лану­ға, рес­пуб­ликалық референ­дум­ға тек қана сот iс-әрекетке қабi­лет­сiз деп таныған азаматтар, сон­дай-ақ сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар ғана қа­тыс­пайды. Сайлауда дауыс жасырын берiледi. Республика Конституциясы бойынша сай­лау­шылардың өз еркiн бiлдi­руiне бақылау жасауға жол берiлмейдi. Мұндай әрекеттер Заң бойынша, оның iшiнде қыл­мыстық құқық бұзушылық құ­қық­тық нормалар арқылы да жазаланады.
Қылмыстық құқық бұзушы­лық­тың тiкелей объектiсi аза­мат­тардың сайлау құқығын дұ­рыс жүзеге асыруын немесе сайлау комиссиясының жұ­мы­сына кедергiсiз қатысуын реттей­тiн қоғамдық қатынастар.
Қылмыстық құқық бұзу­шылық объективтiк жағынан алған­да сайлаушының өзiнiң сай­лау құқығын немесе рефе­рен­дум­ға қатысу құқығын еркiн жүзеге асыруына кедергi жасау, сондай-ақ сайлау ко­мис­сия­ларының немесе референдум жүр­гiзу жөнiндегi комиссияның жұмысына заңсыз араласу және дауыс беруге, кандидаттарды тiркеуге, дауыстарды са­нау­ға және сайлаудағы немесе рефе­рен­дум­дағы дауыс беру нә­ти­же­лерiн анықтауға байланысты мiн­деттерiн атқаруына кедер­гi жасау арқылы жүзеге асырылады. Мысалы: сайлаушыларды сайлауға, референдумға қа­ты­су­ға жiбермеу, сайлау өтетiн орынды жасыру, тұр­ғын­дар­ға сайлау немесе референдум туралы ойдан шығарылған мәлiметтер таратып, оларды өткiзу жөнiн­дегi комиссиялардың қызметiне түр­лi кедергiлер жасау, депу­тат­тық­қа кандидаттарды ұсыну­ға жол бермеу, дауыс беруге, оның нә­тижелерiн анық­тауға әртүрлi ке­дергi келтiрiп, ақпарат құрал­дарына ол жөнiнде жалған мәлiметтер беруге тырысу.
Қылмыстық құқық бұзу­шы­лық формальдық құ­рам­ға жатады және ол сайлау құ­қы­ғын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясы­ның жұ­мы­сына кедергi келтiру әре­кет­те­рiн жасаған уақыттан бастап, өзiнiң оларға қойған мақ­са­тының жү­зеге асқанына немесе ас­па­ға­ны­на қарамастан аяқ­тал­ған деп табылады.
Қылмыстық құқық бұзу­шы­лық субъективтiк жағынан тек тi­келей қасақаналықпен iстеледi.
Қылмыстық ниет саналуан болуы мүмкiн, оның осы қыл­мысты саралауға әсерi болмайды.
Қылмыстық кодекстiң 150-ба­бының 1-тармағындағы әрекет­тер:
а) параға сатып алумен, алдаумен, күш қолданып не оны қол­данамын деп қорқытумен са­бақ­тасса;
б) адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып жасаса;
в) адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы бойынша немесе қылмыстық топпен;
г) электрондық сайлау жүйе­сi­нiң белгiленген тәртiбiн бұзу ар­қылы жасалса – онда ол осы қыл­мыстың ауырлататын тү­рiне жатады (150-баптың 2-тар­ма­ғы).
Сайлаушыға сайлауға немесе референдумға қатыспау­ға, сайлау немесе референдум ко­мис­сиясы мүшесiне немесе өз­ге де адамдарға сайлау ко­мис­сия­сы­ның жұмысына кедер­гi кел­тiруге байланысты мүлiк­тiк немесе басқадай сыйақы беру немесе соны беремiн деп уәде беру сатып алу деп танылады.
Депутаттыққа кандидаттар жө­нiн­де жалған мәлiмдеме тарату, сайлау немесе референдум өте­тiн жердi басқаша хабарлау, сайлау немесе референдум комиссиясы орналасқан жерге шабуыл жасалуы мүмкiн деген сөз тарату, алдау арқылы сайлау құқығын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергi жасау деп танылады. Күш қолдану деп жә­бiр­ленушiге қол тигi­зiп, ұрып-соғып, денесiне жара­қат салып, өз айтқанына ерiк­сiз көн­дi­рiп сайлауға қатысудан бас тарт­қызу немесе сайлау ко­мис­сия­сы­ның жұмысына ке­дер­гi кел­тi­ру­лердi айтамыз.
Күш қолданамын деп қор­қы­туға, жәбiрленушiнi немесе оның жақынын өлтiремiн, үйiне өрт қоямын, денесiне жарақат келтiремiн, өзге де жамандық iстеймiн деп қорқытып сайлау құқығының еркiн болуына немесе сайлау, референдум комиссиялары жұмысына кедергi жасауларды айтамыз. Сатып алу, алдау, күш қолдану немесе оны қолданамын деп қор­қы­ту осы қылмысты жасаудың тә­сi­лi болып табылады. Осы бел­гi­лер­дiң бiреуiн жасаудың өзi осы бап­тың «а» тармақшасы бойынша қылмыстық жауапты­лық­қа тарту үшiн жеткiлiктi болып табылады.
Адамның өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып жа­са­ған әрекеттерiнiң түсiнi­гi Қыл­мыс­тық кодекстiң 141-ба­бы­ның 2-тармағындағы осындай ұғым­мен бiрдей. Адамдар то­бы­ның алдын ала сөз байласуы бойынша немесе ұйым­дас­қан топ­пен жа­сал­ған қыл­мыс­тың түсiнi­гi қыл­мыс­тық құ­қық бұзу­шы­лық­тың кодекс­тiң 31-бабы­ның 2, 3-тармақта­рын­да берiл­ген. Сайлау туралы заң­ға сәй­кес элек­трон­дық сайлау жүйе­сi­нiң тәр­тiбi осы заңның 9-1 тарауында 50-1-50-8 баптарда арнайы белгi­ленген.
Қылмыстық құқық бұзу­шы­лық­тың ко­декстiң 146-бабы­ның 2-тар­ма­ғын­дағы қыл­мыс­тың субъ­ектiсi жай адамдар немесе лауа­зым­ды адамдар болуы мүм­кiн.
Сайлау құжаттарын, референдум құжаттарын бұрмалау немесе дауыстарды дұрыс есептемеу
(Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі – 151-бап)

Қылмыстық құқық бұзу­шы­лық­тың тiкелей объектiсi – сайлау құқығы, референдумға қам­тысу құқығы.
Қылмыстық құқық бұзу­шы­лықтың заты – сайлау құ­жат­тары, сайлаушылар тiзiмi, дауыс беру куәлiгi, сайлау бюлле­тенi және басқадай сайлау құ­жаттары.
Объективтiк жағынан қыл­мыстық құқық бұзушылық сайлау құжаттарын немесе референдум құжаттарын бұрмалау, бюллетеньге жалған жазбалар немесе қол қойылған парақтар енгiзу, дауыстарды көпе-көрiнеу қате есептеу, не сайлаудың нәтижелерiн немесе референдум қорытындыларын көпе-көрiнеу дұрыс айқындамау, не дауыс беру құпиясын бұзу, егер осы әрекеттердi Қазақстан Республикасы Президентiне кандидаттың сенiмдi өкiлi немесе депутаттыққа кандидаттың сенiмдi өкiлi, сол сияқты бастамашы топтың немесе сайлау комиссиясының немесе референдум жүргiзу жөнiндегi комиссияның мүшесi жасауы арқылы жүзеге асырылады.
Сайлау немесе референдум құжаттарына жалғандық жасау: сайлау бюллетендерiне, дауыс беру куәлiгiне, сайлаушылардың тiзiмдерiне, сайлау хаттамаларына және басқа да құжаттарға терiс өзгерiстер енгiзу немесе оларды басқаша жазу, оларға түзетулер енгiзiп, қайта жасау, қолдарды жалған түрде қою, оларға басқа мерзiмдердi көрсету арқылы жүзеге асырылады. Сайлау және референдум туралы заңдарға сәйкес сайлау құжаттарына дауыс беру куәлiгi, сайлау бюллетен­де­рi, дауыс берудiң қорытындысы туралы хаттама, сайлаушы­лар­дың тiзiмдерi, сайланғаны туралы куәлiк, әрбiр кандидатқа арналған iс қағаздары саналады. Дауысты көпе-көрiнеу қате есептеу деп дауысқа түскен кандидаттар үшiн берiлген сай­лау­шылардың дауыс беру санын қасақана көбейту немесе азайту әрекеттерi саналады.
Сайлаудың нәтижелерiн немесе референдум қоры­тын­ды­ларын көпе-көрiнеу дұрыс айқындамау шындыққа сай келмейтiн жағдайда кандидатты сайланды немесе сайланбады, сайлау немесе референдум өткiзiлдi немесе өткiзiлмей қалды деп ресми түрде жариялаулар жатады.
Дауыс беру құпиялылығын бұ­зу­ға: сайлаушының дауыс беру бюллетенiн арнаулы бөл­ме­де толтыруына кедергi жасау; сайлауды, референдумды арнаулы жабдықталмаған кабиналарда өткiзу; дауыс берушiнi анық­тау үшiн сайлау бюллете­нi­не бел­гi қою; тағы сол сияқ­ты сайлауды өткiзу заңына қай­шы әре­кеттер жатады. Қыл­мыс­тық құ­қық бұзушылық құрамы фор­маль­дық. Осы жоғарыда көр­се­тiл­ген әрекеттердiң бiреуiн iстеу қылмыстық құқық бұзу­шы­лық­тың аяқталғанын бiлдiредi.
Егер жоғарыдағы iс-әрекеттер параға сатып алумен, алдаумен, күш қолданумен не оны қолдану қатерін төн­діру­мен ұлас­қан; адам өзінің лауа­зым­дық жағдайын немесе қызмет бабын пайдалана отырып жасаған, алдын ала сөз байлау арқылы адамдар тобы немесе қылмыстық топ жаса­ған әрекеттер, сондай-ақ элек­трон­дық сайлау жүйе­сiнiң белгiленген тәртiбiн бұзу арқылы жасалса, онда қылмыстық құқық бұзу­шы­лық үшін жауаптылық ҚК-тiң 147-бабының 2-тармағы бойынша сараланады.
Осы бапта көрсетiлген қыл­мыс субъективтiк жағы­нан ал­ған­да тек тiкелей қасақ­ана­лық­пен жасалады. Кiнә­лi адам, қыл­мыс­тық ко­декс­тiң 151-бабы­ның 1 және 2-тарма­ғын­да көр­се­тiл­ген заң­сыз әре­кет­тер­дiң кез-келгенiн заңсыз жасайтынын сезедi және соларды жүзеге асыруды тiлейдi.
Қылмыстық құқық бұзушы­лық­тың субъектiсi арнаулы – Қа­зақстан Республикасы Президентiне кандидаттың сенiмдi өкiлi немесе депутаттыққа кан­ди­дат­тың сенiмдi өкiлi, сайлау комис­сиясының немесе референдум өткiзу комиссиясының жасы 16-ға толған мүшелерi.
Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» Республикалық қоғамдық бірлестіктің басқарма мүшесі

Жауап қалдыру