Сайлау құқығы бұзылмасын

0
20

Еліміз өмірінде саяси аса маңызды оқиға – кезектен тыс Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы ағымдағы 2016 жылдың 20-наурыз күні өткізілмек. Бұл кезектен тыс сайлауды өткізудің қажет­тігі жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Тәуел­сіздіктің ширек ғасырға жуық абыройлы жолын жүріп өттік. Біз жасампаз еңбекте шыңдалып, табысты, қалыптасқан және әлемге сыйлы мемлекет құрған біртұтас халыққа айналдық. Мен депутаттардың бастамасын Қазақстан мен қазақ­стандықтардың тағдырына отаншылдық тұрғыдан қамқорлық танытудың көрінісі деп қабылдаймын. Мәжіліс­тің кезектен тыс сайлауы (оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының да депутаттары бар) және өңірлік мәслихаттардың кезекті сайлауы бірге өтуі уақытты да, қаржыны да үнемдейді. Барша депутаттарға мемлекетшіл ұстанымы мен аса жоғары тарихи жауапкершілік танытқаны үшін алғысымды айтамын» , – деп атап өткен болатын.
Арықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Расында да бұл кезектен тыс сайлауды өткізудің маңыз­дылығы аса жоғары. Енді осынау саяси науқанның құқықтық заңдылықтарының сақталуы жайлы сөз қозға­мақпын. Қа­зақстан Республикасында Пар­ламент Мәжілісінің және жер­­гілікті мәслихат депутат­тары­ның сайлауын Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясына, Сайлау туралы консти­туциялық заңға және сайлау жөніндегі өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сай өткізілуіне толық алғы шарттар, заңдылық негіздер жасалды. Азаматтардың сайлау құқық­тарына қол сұғу заңмен тыйым салынады, ол үшін Әкім­шілік және Қылмыстық Кодек­стерінде жауаптылық түр­лері белгіленген. Қазақстан Рес­пуб­ликасында 2014 жылы қа­был­данған жаңа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодек­с­тің II тарауында сайлау құ­­қық­­тарына қол сұққаны үшін әкім­­­шілік жауаптылық белгі­лен­ген.
Онда: Лауазымды адамдар­дың сайлау комиссиясына (рес­публикалық референдум комиссиясына) қажеттi мәлiметтер мен материалдарды ұсынбауы немесе комиссияның шешiмдерiн орын­дамауы (101-бап); Сайлау алдындағы үгiтті оған тыйым салынған кезеңде жүргiзу (102-бап); Сайлау алдындағы үгiтті жүргiзу құқығына кедергi келтiру (103-бап); Кандидаттар, саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәліметтер тарату (104-бап); Сайлау комиссиясы (республикалық рефе­рендум комиссиясы) мү­ше­сiнiң құқықтарын бұзу (105-бап); Аза­мат­тардың сайлаушылар тiзi­мiмен танысу құқығын бұзу (106-бап); Сай­лаушылар (рес­пуб­ликалық референдумға қа­ты­суға құқығы бар азаматтар) тізімін жасау үшін сайлаушылар туралы жалған мәліметтер ұсыну (107-бап); Тең сайлау құқығы туралы талапты бұзу (108-бап); Шетелдiктердiң, аза­маттығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзi­мiн ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге кедергi келтіретін және (немесе) ықпал ететiн қызметтi жүзеге асыруы (109-бап); Аза­маттарға басқа адамдар үшiн дауыс беруге мүмкiндiк жасау мақсатында сайлау бюллетеньдерiн (дауыс беруге арналған бюллетеньдердi) беру (110-бап); Жұмыс берушiнiң сайлауға (республикалық референдумға) қатысу үшiн демалыс беруден бас тартуы (111-бап); Бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдары ар­қылы сайлау алдындағы үгiтті жүргiзу шарттарын бұзу (112-бап); Анонимдік үгiттеу материалдарын дайындау немесе тарату (113-бап); Үгіттеу материалдарын қасақана жою, бүлдіру (114-бап); Сайлауды (рес­пуб­ликалық референдумды) әзiрлеу мен өткiзуге қара­жаттың жұмсалғаны туралы есептердi ұсынбау немесе жарияламау (115-бап); Сайлау нау­қанын сайлау қорларынан тыс қаржыландыру немесе оған өзге де материалдық көмек көрсету (116-бап); Мемле­кеттiк сайланбалы лауазым­ға кан­ди­даттың не саяси партия­ның шетел мемлекеттерінен, ұйым­дарынан, шетелдіктерден және азаматтығы жоқ адамдардан қайырмалдықтар алуы (117-бап); Жеке және заңды тұлға­лардың кандидаттарға, саяси партияларға олардың жазбаша келiсiмiнсiз қызметтер көрсетуi (118-бап); Дауыс беру қоры­тындылары туралы немесе сайлау (республикалық рефе­рен­дум) нәтижелерi туралы мәлiметтердi ұсынбау не жария­ламау (119-бап); Сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал­нама жүргiзу шарттарын бұзу (120-бап); Дауыстарды санау басталғаннан кейін сай­лаушылар (таңдаушылар) тізіміне өзгерістер енгізу (121-бап); Сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттарын бұзу (122-бап); Кандидаттарға сайлаушылармен кездесу үшін үй-жайлар беру шарттарын бұзу (123-бап);
Үгіт материалдарын орналастыру (124-бап); Сайлау алдындағы үгіт жүргізуге республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты жұмсау тәртібін бұзу (125-бап); Сайлауда кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарының, бұқаралық ақпа­рат құралдары өкілдерінің және байқаушылардың заңды қыз­метіне кедергі келтіру (126-бап) үшін әкімшілік жауап­тылық көз­делген.
Сайлау туралы заңдарды өрес­кел бұзу қылмыстық іс-әрекет болып табылады. Қазақстан Републикасының 2014 жылы қабылданған «Қылмыстық кодексінде» осы мәселелерге бай­ланысты қылмыстық жауап­тылықты белгілейтін мынандай арнаулы баптар бар.
Азаматтардың ең маңызды саяси құқықтарының бірі –олардың сайлау құқығын жүзеге асыруы болып табылады. Қазақ­стан Республикасының Конс­титуциясы бойынша Парла­мент­тің мәжіліс депутаттарын, жергілікті өкілді органдар депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі. Сайлауға, сайлануға, республикалық рефе­рендумға тек қана сот іс-әре­кетке қабілетсіз деп таныл­ған азаматтар, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостан­дығынан айыру орындарында отырғандар ғана қатыспайды. Сайлауда дауыс жасырын беріледі. Республика Конституциясы бойынша сайлаушылардың өз еркін білдіруіне бақылау жасауға жол берілмейді. Мұндай әрекеттер Заң бойынша, оның ішінде қылмыстық құқықтық нормалар арқылы да жазаланады (ҚК-тің 150 бабы).
Осы арада кейбір жағдай­ларда орын алып жататын қыл­мыс­тың тікелей объектісі азамат­­тардың сайлау құқығын дұрыс жүзеге асыруын немесе сайлау комиссиясының жұ­мысына кедергісіз қатысуын реттейтін қоғамдық қатынастар туралы да айта кеткенім жөн секілді. Қылмыс объективтік жағынан алғанда сайлаушының өзінің сайлау құқығын немесе референдумға қатысу құқығын еркін жүзеге асыруына кедергі жасау, сондай-ақ сайлау комиссия жұмысына заңсыз араласу және дауыс беруге, пар­тиялық тізім кандидаттарын ті­ркеуге, дауыстарды са­науға және сайлаудағы немесе ре­ферендумдағы дауыс беру нәтижелерін анықтауға байланысты міндеттерін атқаруына кедергі жасау арқылы жүзеге асы­рылады. Мысалы: сай­лау­шы­ларды сайлауға, референ­думға қатысуға жібермеу, сайлау өтетін орынды жасыру, тұр­ғындарға сайлау немесе референдум туралы ойдан шығарылған мәліметтер таратып, оларды өткізу жөніндегі комис­сиялар­дың қызметіне түрлі кедергілер жасау, депутаттыққа кандидаттарды ұсынуға жол бермеу, дауыс беруге, оның нәтижелерін анықтауға әртүрлі кедергі келтіріп, ақпарат құралдарына ол жөнінде жалған мәліметтер беруге тырысу саналады.
Қылмыс формальдық құ­рамға жатады және ол сайлау құқығын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясының жұмы­сына кедергі келтіру әре­кеттерін жасаған уақыттан бастап, өзінің оларға қойған мақса­тының жүзеге асқанына немесе аспағанына қарамастан «аяқталған» деп танылады.
Қылмыс субъективтік жағы­нан тек тікелей қасақа­налық­пен істеледі.
Қылмыстық ниет саналуан болуы мүмкін, оның осы қылмысты саралауға әсері болмайды. Қылмыстық кодекстің 150-бабының 1-тармағындағы әрекеттер:
а) сатып алумен, алдаумен, күш қолданып не оны қол­дана­мын деп қорқытумен сабақ­тасса;
б) адам өзінің лауазымдық немесе қызмет бабын пайдалана отырып жасаса;
в) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе ұйымдасқан топпен жасалса;
г) электрондық сайлау жүйе­сінің белгіленген тәртібін бұзу арқылы жасау – онда ол осы қылмыстың ауырлататын түріне жатады (150-баптың 2-тармағы).
Сайлаушыға сайлауға немесе референдумға қатыспауға, сайлау немесе референдум комиссиясы мүшесіне немесе өзге де адамдарға сайлау комис­сия­сының жұмысына кедергі келтіруге байланысты мүліктік немесе басқадай сыйақы беру немесе соны беремін деп уәде беру сатып алу деп танылады.
Депутаттыққа кандидаттар жөнінде жалған мәлімдеме тарату, сайлау немесе референдум өтетін жерді басқаша хабарлау, сайлау немесе референдум комиссиясы орналасқан жерге шабуыл жасалуы мүмкін деген сөз тарату, алдау арқылы сайлау құқығын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі жасау деп танылады. Күш қолдану деп жәбір­ленушіге қол тигізіп, ұрып-соғып, денесіне жарақат са­лып, өз айтқанына еріксіз көн­ді­ріп сайлауға қатысудан бас тарт­­қызу немесе сайлау комис­сия­сының жұмысына кедергі келтіруді айтамыз.
Күш қолданамын деп қор­қытуға, жәбірленушіні немесе оның жақынын өлтіремін, үйіне өрт қоямын, денесіне жарақат келтіремін, өзге де жамандық іс­теймін деп қорқытып сайлау құқығының еркін болуына немесе сайлау, референдум комиссиялары жұмысына кедергі жасауларды айтамыз. Сатып алу, күш қолдану немесе оны қолданамын деп қорқыту осы қылмысты жасаудың тәсілі болып табылады. Осы белгілердің біреуін жасаудың өзі осы баптың «а» тармақшасы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін жеткілікті болып табылады.
Қылмыстық Кодекстің 150-ба­бы­ның 2-тармағындағы қыл­мыстың субъектісі жай адам­дар немесе лауазымды адам­дар болуы мүмкін. Сайлау құжаттарын, референдум құжат­тарын бұр­малау не­месе дауыстарды қате есептеу үшін жауаптылық ҚК-тің 151-бабында көрсетілген. Қылмыстың тікелей объектісі – сайлау құқығы, референдумға қатысу құқы­ғын шектеу болмақ. Объективтік жағынан қылмыс сайлау құжаттарын немесе референ­дум құжаттарын бұрма­лау, бюллетенге жалған жазбалар немесе қол қойылған парақтар енгізу, дауыстарды көпе-көрнеу қате есептеу, не сайлаудың нәтижелерін немесе референдум қорытындыларын көпе-көрнеу айқындамау, не дауыс беру құпиясын бұзу, егер осы әрекеттерді канди­даттың сенімді өкілі немесе депутат­тыққа кандидаттың сенімді өкілі, сол сияқты сайлау комис­сиясының немесе референдум жүргізу жөніндегі комис­сия­ның мүшесі жасауы арқылы жүзеге асырылады.
Сайлау немесе референдум құжаттарына жалғандық жасау: сайлау бюллетендеріне, дауыс беру куәлігіне, сайлау­шы­лардың тізімдеріне, сайлау хаттамаларына және басқа да құжаттарға теріс өзгерістер енгізу немесе оларды басқаша жазу, оларға түзетулер енгізіп, қайта жасау, қолдарды жалған түрде қою, оларға басқа мерзімдерді көрсету арқылы жүзеге асырылады. Сайлау және референдум туралы заңдарға сәйкес сайлау құжаттарына дауыс беру куәлігі, сайлау бюллетендері, дауыс берудің қорытындысы туралы хаттама, сайлаушылардың тізімдері, сайланғаны туралы куәлік, әрбір кандидатқа арналған іс қағаздары саналады. Дауысты көпе-көрнеу қате есептеу деп дауысқа түскен кан­дидаттар үшін берілген сайлаушылардың дауыс беру санын қасақана көбейту немесе азайту әрекеттері саналады.
Дауыс беру құпиялығын бұ­зуға: сайлаушының дауыс беру бюллетенін арнаулы бөл­ме­де толтыруына кедергі жасау; сайлауды, референдумды ар­наулы жабдықталмаған кабина­ларда өткізу; дауыс берушіні анықтау үшін сайлау бюллетеніне белгі қою; тағы сол сияқты сайлауды өткізу заңына қайшы әрекеттер жатады. Егер жоғарыдағы іс-әрекеттер электрондық сайлау жүйесінің белгіленген тәртібін бұзу арқылы жасалса, онда қыл­мыстық жауаптылық ҚК-тің 151-бабының 2 белгі бойынша саналады.
Осы бапта көрсетілген қыл­мыс субъективтік жағынан алғанда тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адам, Қыл­мыстық Кодестің 151-ба­бының 1 және 2-бөлігінде көрсетілген заңсыз әрекеттердің кез келге­нін заңсыз жасайтынын сезеді және соларды жүзеге асыра­тындықтан бұл әрекет қыл­мыстық әрекет болып саналады.
Түйіндей айтқанда, алдымызда өткізілгелі отырған аса жауапты Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихат депу­тат­тарының сайлауын заң талаптары тұғысынан өткізілуіне барынша мән бергеніміз жөн.

Жауап қалдыру