Оқу курстарының жаңғыруы – уақыт талабы

0
69

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына әрбір Жолдауында білім мен ғылым сала­ларын дамыту мәселесін назарынан тыс қалдырған емес. Жалпы «Қазақстан – 2050» стратегиясы, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы, Индус­трияландырудың екі бесжылдығы, «бес институционалдық реформа» және оны іске асырушы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары міне, осының барлығы да біздің еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Талғат УӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Жаратылыстану және география институтының доценті

Ұлт жоспарынан туындаған басты тапсырмалардың бірі – елі­мізде жаңаша білім беру жүйесін қалыптастыру. Бұл бағытта 76-шы қадамның маңыз­дылығы айрықша. Осы орайда, елімізде 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңімен көшу мәсе­лесі жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте республика көлеміндегі 30 пилоттық мектепте тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазақ­стандық қоғам адам капиталы сапасын жоғары дамыған елдердің деңгейіне жеткізуді мақсат тұтып отыр. Сондықтан әрбір қазақстандық қазіргі заман талаптарына жауап беретін мамандыққа ие болуы керек. Осы қадамда аталғандардан мұндағы функциялық сауатты­лықты дамыту бойынша мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту мәселесін жүзеге асыру міндеті күн тәртібінде өткір тұр. Ал өз кезегінде оқушы­лардың функционалдық сауатты­лығы­ның қалыптасуы мен дамуы мектеп қабырғасында қалана­ды.
Сонымен қатар 100 нақты қадамдағы Елбасымыз жүктеген негізгі тапсырмалардың ішінде жоғарғы сыныптар мен ЖОО-да негізгі пәндерді ағылшын тілінде оқыту міндеті бар. Ағылшын тілінде оқытылатын пәндер, негізінен, жаратылыстану пәндерін қамтитыны барша­мызға белгілі. Сол себепті Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Жаратылыстану және география институтында «Кәсіби бағытталған шетел тілі» кур­сының оқу бағдарламалары қайта жаңғыртылып, ал бакалавриат пен магистратура мамандықтарында көп тілді оқу топтарын ашу қолға алынды. Осылайша ұжымымызда сту­денттерге шетел тілін терең­детіп меңгерту жұмыстары бас­талып кетті. Алдағы уақытта қазақстандық патриотизм негізін қалыптастыратын «Мәңгі­лік ел» жалпыұлттық идеясын насихаттайтын пәнді мін­детті білім беру оқу бағдар­лама­ларына енгізуді ойластырудамыз.
Жалпы орта білім беру сапасын арттыру мақсатында білім беру жүйесінің даму ба­ғыттарын, даму траекториясын айқындау және соның негізінде күтілетін нәтижеге бағытталған құзыреттілік тұр­ғысынан қол жеткізуге тиісті білім беру жүйесін жетілдірудің қажеттілігі арта түсуде. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасының жобасында жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік жағынан, дене және рухани тұрғыдан жан-жақты дамыған азаматын қалыптастыру, оның құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету, жан-жақты әмбебап білім алу­дағы қажеттіліктерін қана­ғат­тандыру міндеті қойыл­ған.
Осы орайда еліміздің қазіргі орта мектептеріндегі жаратылыстану ғылымы сапындағы пәндердің өзіндік ерекшеліктерін және даму бағыттары мен оның жеке салалары бо­йынша кәсіби білім берудің құры­лымдық мазмұны мен әдісте­месін жетілдіруді анықтау мақсатында биылғы қаңтар айында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орта­лығы бірлесіп «Білім беру мазмұнын жаңғырту жағ­да­­йында жаратылыстану – ғылыми білім және тәрбие беру» атты биология, география, химия пәндерінен мектеп мұға­лімдеріне арналған рес­публикалық оқу семинарын өткізді. Ал, ҚР «Мемлекеттік жал­пыға міндетті білім беру стан­дартына» сәйкес, биология, география, химия пәндері «Жаратылыстану» саласына енгізілген мектептің негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейлерінде міндетті түрде оқытылатын пәндер қатарына жатады. Жалпы осы пәндердің білім мазмұны өз кезегінде оқушылардың функционалдық сауат­тылықтары мен құзырет­тіліктерін қалыптас­тыруға ба­ғыт­талған.
Аталмыш республикалық оқу семинарының біздің ұлттық педагогикалық университеті­мізде өткізілуі де орынды құбылыс. Өйткені, елімізде ең алдымен жаратылыстану сала­сындағы педагог-мамандарды дайындау ісі қазақ жоғары білімінің қарашаңырағы болып саналатын біздің «Қарт ҚазПИ» құрылған сонау 1928 жылдан бастау алатындығы жалпы жұртшылыққа аян. Ал осы Абай атындағы ҚазҰПУ-де биология, география, химия және экология мамандықтарында білім алған кадрлар еліміздің білім беру, ғылым, табиғат қорғау және экономиканың басқа да салаларында жемісті еңбек етуде. Әрі дәл осындай бірлескен іс-шара осыдан тура 5 жыл бұрын біздің университетте жоғары деңгейде өткізілген болатын. Сол себепті де ол өзінің заңды жалғасын тапты және оны ары қарай да әрбір оқу жылында тұрақты түрде өткізіп тұру жоспарланып отыр.
Республикалық оқу семинары алдын-ала жоспарланған әрбір пәннің бағдарламалары бойынша жүргізілді. Семинар барысында – биология, география, химия және экология пәндері оқулықтары авторларының еңбек­тері мен «Жаратылыстану және география институты­на» қарасты кафедралар бо­йынша оқу-әдістемелік құрал­дар ке­шендерінің көрмесі ұйым­дастырылып көрсетілді. Семинар жұмысына жалпы 70-тен аса адам қатысты, оның басым бөлігін республикамыздың же­ке­ле­ген аймақтарындағы білім беру ұйымдарының жара­ты­лыс­тану бағытындағы пәндер бойынша келген қазақ мек­теп­терінің ұстаздары құраса, ал қалғандары аралас мектеп­тердің өкілдері.
Семинардың пленарлық жиы­нын­да сөз сөйлеген Абай атын­дағы ҚазҰПУ-дің бірінші про­ректоры, профессор М.Е.Ер­мағанбетов, «Дарын» рес­пуб­ли­калық ғылыми-прак­ти­калық орталығы иннова­циялық зерт­ханасының меңге­ру­шісі Ж.Ж.Жә­кенова, жара­ты­лыс­тану және география инсти­ту­тының директоры, про­фес­сор Х.Н.Жанбеков атал­мыш республикалық оқу семи­нарының маңызына, мектеп жағдайында жаратылыстану пәндерінің білім және тәрбие берудегі маңызына, 12 жылдық және шағын жинақты мектептер аясындағы білім мазмұны, жаһандану заманына орай оқытудағы жаңа технологияларды қолдану тәрізді көптеген соны құндылықтар мен өзекті мәселелерге тоқталып, орта мектеп пен жоғары оқу орындары арасындағы байланыстың аса қажеттілігін атап өтті.
Сонымен қатар қорытынды жиында семинар барысында туындаған ұсыныс-пікірлер ес­керіле отырып қаулы қабыл­данды. Бұл жерде кәсіптік бағдар беру жұмыстары да назар­дан тыс қалмады. Аталмыш республикалық оқу семи­нарының қорытындысы бойынша, оның жалпы нәтижелері талқыланып, іс-шараға қатысу­шылардың белсенділігі ерек­ше бағаланды. Өз кезегінде олар орта және жоғары мектеп арасында орнықты байланыс орнату арқылы білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешудегі оның өзара пайдалы жақтарына көп көңіл бөлді. Қорытынды жиын соңында семинарға қатысушы пән мұға­лімдеріне сертификаттар тапсырылды.

Жауап қалдыру