Мемлекетшіл қызметкерлердің ұстаханасы

0
283

Қазақстан тәуелсіздігімен ілесе келген нарықтық қатынастар тұсында ел өміріне орасан өзгерістер енді. Мемлекеттік емес жаңа құрылымдар пайда болды. Солардың бірі  Алматы қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы. Егемендіктің елең-алаңында  дүниеге келген бұл жекеменшік жоғары оқу орнын шын мәнінде  тәуелсіздігіміздің тамаша туындысы десе болғандай.  
Д.А.Қонаев атындағы Еура­зиялық заң академиясы бүгінгі таңда Қазақстандағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі. Негізінен заң және экономика салаларына қажетті мамандар дайындаумен айналысады. Өзі өмірге келген ширек ғасыр уақыттың ішінде академия қалыптасу мен нығаю­дың үлкен жолынан өтті. Мұнда заң саласы бойынша құқықтану, құқық қорғау саласы, халықаралық құқық, кеден ісі  мамандықтары, экономика саласы бойынша қаржы, мемлекеттік және жер­гілікті басқару маман­дық­тары оқы­тылып үйретіледі. Ака­де­мия­ның материалдық-техни­ка­лық база­сы өте жоғары, қажетті құ­рал-жабдықтармен, қоры мол кітапханамен қам­тамасыз етілген. Компьютерлік технология, онлайн тәртіп, ин­тернеттік мүмкіндіктер ба­рынша пайдаланылған.
Қазір академия аудитория­ларында 2,5 мың студент дәріс тың­дайды. 24 жыл ішінде ака­де­­мия қабырғасынан мың­да­ған түлек ұшып шыққан. Бұл тәуел­сіз қазақ елінің да­муына қо­­сылған айтулы үлес. Респуб­­лика Үкіметі кеңсесінің бас­шы­­сы Нұрлан Алдабергенов айт­­­­пақ­шы «Академия – мем­ле­кет­­шіл қызметкерлердің ұс­та­­ха­­­насы». Академияның оқы­тушы-про­фес­­сор құра­мын­да 200-ге тарта ұс­таз болса, со­лардың ішінде бү­­гінгі таңда Қабдулсамих Айт­қо­жин, Еркін Дүйсенов, Жа­пар Әл­дибеков, Виталий Ува­ров, Ғарифолла Өтебаев, Гүл­нәр Әлі­баева, Қуандық Дауыл­баев сияқ­ты  көр­­­­некті ғалым­дар, заң ғы­лым­­дары­ның доктор­лары, отыз­дан ас­там ғылым канди­дат­тары еңбек етіп жүр.
Д.А.Қонаев атындағы Еура­зия­лық заң академиясы бүгінде дәстүрлерге бай, ұзақ жылғы оқыту және ғылыми жұмыстар тәжірибесі қалыптасқан  жо­ғары оқу орны, ол 1993 жыл­дан бері 4 мыңнан астам жо­ғары мамандандырылған кадр­лар әзірлеп  шықты. Ака­де­­мия еліміздің білім беру нары­ғында өзіндік лайық­ты орынға ие. Бәсекеге қабі­лет­тілік – академияның басты ұстанымдарының бірі.  Алғаш ол «Қонаев атындағы колледж» болып құрылған. Бір жылдан кейін колледж негізінде Қазақ гуманитарлық институты құрылды. Келесі жылы оған Д.А.Қонаев аты берілді. 1999 жылы институт Д.А.Қонаев атындағы гуманитарлық университетке айналды.  2013 жылы Қазақ қатынас жолдары университетімен бірігіп, «Д.А.Қонаев атындағы көлік және құқық гуманитарлық университеті» көпбейінді оқу-ғы­лыми-өндірістік кешен мекемесі құрылды.  2015 жылы жоғары оқу орны қайта тіркеуден өтіп, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы мәртебесіне ие бол­ды.
Бүгінгі таңда академия заң-құқық саласы бойынша елі­міздегі мамандандырылған бір­ден бір жоғары оқу орны. Академия бүгінгі таңда колледж, баклавриат, магистратура, PhD доктарантурасы қамтылған үздіксіз білім беру жүйесін құрап отыр.
Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы заң-құқық саласы кадрларын даярлауды жақсарту, білім берудің практикалық  міндетін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен, ҚР Адвокаттар коллегиясымен, ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетімен, Алматы қалалық прокуратурасымен, Алматы қалалық сотымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Құқық қорғау қызметінің басшыларымен қол жеткізілген осындай келісімдерге сәйкес енді академия оларға қажетті мамандар даярлайтын болады.  Алдағы уақытта ҚР Жоғарғы Сотымен, ҚР Бас прокуратурасымен осындай меморандумдарға қол қоюға әзірліктер жасалу үстінде.
Заң академиясы Қырғыз мемлекеттік заң академиясымен, О.Е.Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң университетімен,  Мәскеудің  экономика және құ­қық академиясымен, сондай-ақ әлемнің басқа да жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Бүгінде Д.А.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясын елімізде білмейтін адам кемде кем.
Мұндай жетістік, мұндай үлкен абырой көктен түсе қалған жоқ. Ол ширек ғасырдан бері жалғасқан тынымсыз ізденіс пен жойдасыз еңбектің жемісі. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» демекші, бұл қиыннан қиыстырып жол табатын іскерліктің, үнемшілдік пен істің көзін таба білудің арқасы.  Академия әрине, ең алдымен Қазақстан тәуелсіздігінің жемісі екендігі даусыз ақиқат.  Одан кейін академия ректоры Өмірәлі Шәкарапұлы Жалаири осы істі бастаған тұста бір жағына шығысқан жан жары Кәшипа Рахымбекқызы Дар­хам­баеваның қолдауы. Ба­тыл­дық пен тәуекелді серік еткен жұбайлар қазақ тарихында бұ­рын-соңды болмаған  мемле­кеттік меншікке жатпайтын жоғары оқу орнын аяғынан қаз тұрғызды.
Осындай жоғары оқу орнын құру туралы идея о баста қалай келіп еді? Оның өзіндік қызық тарихы бар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Кеңес Одағының іргетасы шайқалып, алып империяның құлайтыны айдан анық болып тұрды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құ­ру туралы ұсыныстар жасап жатқан кез. Бірде Қазақ Мем­ле­­кеттік университетінің заң факультетіндегі кафедра мең­­ге­рушісі болып істейтін Өмірәліге Мәскеу мемлекеттік университеті заң факультетінің оқы­тушысы, ескі танысы Ана­толий Кененов қоңырау ша­лып,  Мәскеуде Кеңес өкі­меті тұсындағы бүкіл заң инс­ти­туттары мен факультет­терінің басшылары жиналып, заң­герлер даярлаудың өткір проб­лемаларын  талқылай­тынын айт­­ты. Бірақ, осы жиын­ға қан­ша барғысы келсе де, әрине, не ректор, не декан емес Өмір­әлі­­нің атына шақыру қа­ға­зы жі­беріл­меді.
Құдай сәтін салайын десе, қиын емес қой. Бір күні ол факультет деканы, заң ғылым­дарының докторы, профес­сор Елеген Қайыр­жановқа кірсе, алдында әлгі жиынға шақыру қағазы жатыр екен. Жұмысы көптігінен Елеген мырзаның Мәскеуге бара алмайтынын естіген Өмірәлі бұл жиынның біздің заң ғылымымыз үшін аса маңызды екенін, сондықтан ол кісінің орнына өзі баруға әзір екенін айтады. Декан қарсы болмады, ректорға өзінің орнына кафедра меңгерушісін жіберу жөнінде қатынас хат жазып, оған қол қойды. Өмірәлі Шакарапұлы осылайша бір кездегі Одақ астанасына барып, ТМД елдеріндегі белгілі оқу орындарының басшыларымен кездесіп, біраз мағлұмат алып қайтты. Осы жиында күн тәртібіне қойылған бір мәселе – заң саласына мамандар даярлайтын жекеменшік оқу орындарының ашылуы еді. МГУ-дың заң факультетінің жанынан жекеменшік заң колледжі құрылыпты. Ол кезде колледждер жоғары оқу орны санатында есептелетін.
Сөйтіп Өмірәлінің бойында білікті заңгерлер тапшылығы сезілетін Қазақстанда да осы сала бойынша жекеменшік оқу орнын ашу туралы арман пайда болды. Арман мақсатқа ұласпаса, ол жолда әрекет жасалмаса сол арман күйінде қала береді ғой. Өмірәлі алғаш ашқысы келген колледжді қазақ халқының даңқты перзенті Димаш Ахметұлы Қонаевтың есімімен атағысы келді. Үлкен кісінің алдынан өтіп, батасын алды. Сөйтіп, Өмірәлі мен Кә­шипа оқу орнының жар­ғы­сын, басқа да қажетті құжат­тарды заңдастырып,  студент­терге дә­ріс беретін ғимарат іздеуге кірісті.
Мемлекеттікі сияқты бұрын­ғыдай дайын ғимарат, дайын кабинет, дайын аудитория жоқ. Сабақ жүргізетін орын таппай қатты қиналатын. Сергелдең мен сенделістер басталды. Де­генмен  уақытша қиындықтар да артта қалды. Алғаш, 1993 жылы бірінші курсқа 150-дей студент қабылданды. Қызық болғанда  олардың көбісі  белгілі заңгер­лердің, ғалымдардың үміт артқан перзенттері еді. Ал, оқытушылары кілең ҚазМУ-дың профессорлары болатын. Бұл жаңа білім ордасына заң ғылымдары қайраткерлерінің қаншалықты жоғары деңгейде сенім артқан­дарын көрсетеді. Әйтпесе, өздері еңбек ететін, балаларын тегін оқытуға мүм­кіндігі бар ұлт­тық универ­ситет тұрғанда аты-жөні белгісіз, ақылы оқу орнын қайтеді…
Өмірәлі мен Кәшипа қаншама қиыншылықтарға ұшыраса да мойыған жоқ. Алға қойған ар­ман-мақсаттарына жету жолында біртіндеп алға жылжи берді. Бұл еліміздегі шынайы зиялылардың, соның ішінде заң ғылымдары қайраткерлерінің қайсарлығын, халқымыз үшін қажетті, пайдалы бастаманы қолдай да, қорғай да білетін жоғары сана, биік-ақыл-парасат иелері екенін көрсетеді. Талғамы да, талабы да күшті Өмірәлі Шакарапұлы  «шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, жақсы шәкірт тәрбиелеу үшін жақсы ұстаз қажеттігін о бастан-ақ ұғынған. Сондықтан өмірін заңгер даяр­лауға арнаған тәжірибелі  мық­ты мамандарды бірге жұ­мыс істеуге әдейі шақырған. Со­­нысы дұрыс болыпты. Ұстаздар қандай сында да шәкірт­терін тастап кеткен жоқ. Қиындықтарға қарамай көп ұзамай «Біліктілікті жоғарылату институтының» ғимаратын бір жылға жалдаудың сәті түсті. Сосын ескі балабақшаның екі  ғимараты сатып алынды. Бұл жолы Елбасының жарлығының шарапаты тиген еді. Сырт көзге жоғарыда жолдаулар жазылып, жарлықтар шығып, қаулылар қабылданып жатса, қоғам өзінше томаға-тұйық тірлік кешіп жатқандай көрінетін.  Ал, осының бәрінің нәтижесінде неше мың тағдырлар шешіліп, қаншама тың бастамалар жүзеге асатынын көпшілік сезіне бермейді. Мысалы, сол жолы ҚР Президентінің  үкіметке ақ­шасын төлеп бір мекемені бір жыл жалдағандарға сол орынды са­тып алуға рұқсат берген Жар­лығының нәтижесінде Д.А.Қонаев атындағы универси­тет баспаналы болып шыға келді.
Осы ғимарат жоғары оқу орнының материалдық базасы­ның нығаюына мүмкіндік берді.  Қазір бұрынғы балабақшаның екі қабатты қос ғимаратының орнында 12 қабатты зәулім екі ғимарат бой көтерді. Оқу корпусы және жатақхана. «Жоқ­тан бар жасау» деген осы шығар. Ұстаздар да, шәкірт­тер де табандылық көрсетті. Оқы­тушылар жақсы ортада сүйік­ті ісімен айналысу үшін  жанқиярлыққа барса, студент­тер осы жерден терең, жүйелі, сапалы білім алатындарын біл­ген­діктен де өтпелі қиын­дық­тарға шыдады, басқа уни­вер­ситеттерге ауысқан жоқ. «Са­быр түбі – сары алтын» деген осы да.
Міндеттер бөлісер тұста о  бас­та Өмірәлі  оқу-білім жа­ғын қадағалап, Кәшипа мате­риал­дық-техникалық базаны ны­ғайтуды қолына алған. Айта кеткен жөн, Кәши­па Рахымбекқызы Дархам­баева бухгалтер әрі заңгер маман­дық­тарын жетік меңгер­ген, өз ісінің кәсіби шебері. Ол оқытушының тақтаға жазар борынан, компьютерлік желілерге дейін, еден сыпырушының шүберегінен 12 қабат ғимараттың құрылысына дейін бәрін өзі қадағалап, жоғары оқу орнының серпінді дамуына жағдай жасады.
Бүгінде Д.А.Қонаев атын­дағы Еуразиялық заң акаде­миясы халық­аралық деңгейде беделге ие. Осы оқу орнының  оқы­тушыларының, студент­терінің республикалық, халық­аралық түрлі жиындарға, форумдарға қатысуы бұл білім ордасының пікірімен,  тәжіри­бесімен шетелдіктердің де санаса бастағанын көрсетеді. Көптеген халықаралық жоғары оқу орындарымен академиялық ұтқырлық жүйесі бойынша жасалған ұзақ мерзімдік ке­лісім-шарттар негізінде қонаев­тық студенттердің қос диплом алу мүмкіндігі бар.
Өз республикамыздың, алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орындарынан студенттер мен магистранттар ауысуына болады. Шетелдік беделді білім ордаларымен іс-тәжірибе алмасуға да мүмкіндік тууда. Мысалы, осыдан біраз бұрын қонаевтықтар Германиядағы Потсдам Университетінің заң факультетіне қарасты Жазғы мектеп оқуына қатысып, Ресей, Германия студенттерімен тәжі­рибе алмасқан еді. Оқу барысында студенттер Қазақ­стан, Ресей, Германиядағы қылмыс­тық құқықтың түрлі аспектілері жайлы ғана емес, оны қолданудағы ерекшеліктер жөнінде әңгімелеп, құқықтық қиындықтарға, шатақ, шытырман мәселелерге талдау жасады, үйлесімді шешім қабылдауға көмектесетін теориялық мо­дельдер ойластырды, кәсіби ілім­дерін жаңа қырынан да­мы­туға жол ашылды.
Әр істі адам тағдырына деген үлкен жауапкершілікті сезіне отырып шешу үшін заңгерлер бо­йына  жоғары адамгершілік-гума­нистік қасиеттерді де сіңіре білу керек. Сондықтан руха­ният та ұмыт қалған жоқ. Ака­демия өмірі қызу тіршілікке толы. Мұнда әлемдік, отандық деңгейдегі саясат, өнер, әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен кез­десу, олардың тағлымға толы әңгімелерін тыңдау, терезесі тең сырласындай пікір таластыру жиі орын алып жатады. Ірге­тасы қаланғалы бері осынау іргелі білім ордасының төрін­де небір зиялылар сыр ақтарып, небір данагөйлер ақ батасын берді. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өту, ата-бабаларымыздың басқа да озық салт-дәс­түрлерін жаңғырту, билер институтын үлгі қып, атақты бабаларымыздың ше­шен­дік өнерін, қара қылды қақ  жарған қазылық  шешім­дерін зерттеп, насихаттау – мұ­ның бәрі ұлттық рухания­ты­мыз­дың  ұрпаққа үлгі болар жар­қын жәдігерлері.
Сырт көзге бір қалыпты, бір сарынды дамып жатқандай кө­рінетін қазақстандық қоғам шын мәнінде жылдан-жылға түлеп, дамып, белсенді жаңғы­руларды бастан кешуде.
Енді студенттер үшін әлемдегі озық үлгілі студенттік тұрғын­жайлардан кем түспейтін, ішінде ілімге іңкәр жастарға керек-жарақтың бәрі бар 12 қабатты жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Тәжірибе алмасу үшін мем­лекеттік деңгейдегі іргелі оқу орындарынан келіп, таңдай қа­ғатындар да аз емес. Қазір Ал­матыда, Талдықорғанда, Тал­ғарда, Астанада осы акаде­мияға қарас­ты колледждер жұмыс істейді.
Отанымыз мұқтаж болып отырған маман кадрлар даяр­лаудағы үлгілі еңбек  елеусіз қалған жоқ. Өмірәлі Шака­рапұлы көптеген орден, ме­дальдармен, соның ішінде «Құрмет» орденімен, Ресей Федерациясының  «Польза, честь и слава» ордендерімен марапатталды. «Алматы облы­сының құрметті азаматы» атанды. «Заңгерлер әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы.  Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері. «Қазақстандағы білім беру ісінің үздігі», «Қазақ­стан Респуб­ликасындағы ғылым­ды дамытқаны үшін» төс­бел­­гілерінің иегері,  «Құр­метті профессор» атанды. Ресей­дегі Санкт-Петербург акаде­мия­сының корреспондент-мүшесі. ҚР Жоғары мектеп акаде­мия­сы­ның академигі. Ал, Кәшипа Рахымбекқызы ҚР Білім беру жү­йесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін министрдің Алғыс ха­ты­мен әрі «Қазақстан Респуб­ли­­касы Білім беру ісінің құр­метті қыз­меткері» белгісімен ма­ра­пат­талды.
Ата-бабасынан мұсылман бол­ған­дықтан ислам  дінінің талабы бойынша  Өмірәлі мырза бұрын­ғыдай  Қажыбайұлы Қопабаев емес, аты-жөнін Өмірәлі Шака­рапұлы Жалаири деп өзгертті. Құран, Сүннет қағидаларын, өз еліміздің заңдарын қатты құрмет­тейтіндіктен бұл оқу ор­нында пара алуға, беруге қатаң тыйым салынған, осы тәртіпті бұз­ғандарға лайықты шара қолданылады. Академияның оқу ақысы да өздерімен деңгейлес универ­ситеттерден қымбат емес және уақытында төлемесе, басқа­лардағыдай «өсім-пеня» деген жүр­мейді. Осындай қағи­да­лар­ды қатаң сақтайтын Өмірәлі Ша­ка­рапұлы мен Кәшипа Рахым­бек­қызы – иншаАллаһ, ерен ең­бегімен артына өшпестей із қал­дырар ірі  тұлғалар, еліне рия­сыз, қалтқысыз қызмет еткен  көр­некті қоғам қайраткерлері.

Мұрат  ЖАНЫСБАЕВ,
Гүлбаһрам ЖЕБЕСІН.

Алматы қаласы

Жауап қалдыру