Мал дәрігерлік салаға өзгерістер керек

0
182

Алматы облысы – аграрлы аймақ. Қалалықтар да, ауыл­дықтар да ауыл шаруа­шылық өнімдерін тұтынады. Сол себептен бізді базарларда және дүкендерде күнделікті сатылатын еттің сапасы мен бағасы толғандырады. Оның үстіне қазақтар «топалаң» деп атайтын Сібір жарасы туралы қауесеттер де отқа май құйғандай болып тұр. Әйтсе де Жетісу өңірінде Сібір жарасымен ауырған адам тұрмақ, мал да жоқ екендігін ветеринариялық қызмет өкілдері дәлелдеп бағуда. Бірақ сырттай шолып байқаған кейбір кемшіліктерді көлденең тартқымыз бар.
Мәселен, Талдықорғанның қа­лалық мал дәрігерлік қызметі мен қалалық мал дәрігерлік стан­сасының отырған жерлері ая­дай. Бір бөлмеде бірнеше маман сығылысып отыр. Ал малға егілетін вакцина сақталатын бөлме мен мал дәрігерлік амбулаторияны жоқ десе де болады. Мал дәрігерлік тексеру қызметінде штаттағы 4 маман орнына екі маман ғана жұмыс істеуде. Оның үстіне қаладағы мал дәрігерлік саласын тексеруге байланысты нормативтер жоқ.
Бүгінде Талдықорған шаһа­рын­да 180 мың тұрғын бар. Алты базар жұмыс істейді. Осы базарларда ет сату орындарына келіп түсетін ет өнімдерін бақылау мал дәрігерлік қыз­меттің екі-ақ маманына жүк­телуі тым күмәнді көрінеді. Өйткені, осыншама халқы бар қала тұрғындарына әр тараптан жеткізілген, әсіресе ауыл мен аудандардан түсетін ет өнімдеріне екі адам үлгеріп тұрақты мал дәрігерлік бақылау жасайды деу қиын.
Салада ұсақ-түйек кемшіліктер де жоқ емес. Мал дәрігерлік қызметте күнделікті аудан өңір­лерінде кездесетін кейбір жайт­тарға назар аудартқым келеді. Айталық, жер-жерлерде мал­ды идиентификация жасау ар­найы мемлекеттік қызмет ретінде дара шығарылып қойылды. Осы қызмет малды көктемгі және күзгі егу кезінде неге қатар жүргізілмеске? Бұл айтарлықтай уақыт үнемдеуге көмектесер еді. Жасыратыны жоқ, жергілікті жерде мал дәрігерлерінің мал егу процестері өте машақатпен жүреді. Әдетте екі маман көп болса күніне екі мекемеде не субъектіде малға егу жұмысын жүргізеді. Өйткені, ол малды жығып тұратын көмекші адамдар болуы керек. Осындай хронометражбен санап көріңіз, мал дәрігері мамандарының уақыты қаншалықты тығыз екендігін көресіз.
Талдықорған қаласындағы 6 базарға күнделікті ет өнімдері келіп түсіп, тұтынушылар нары­ғына ұсынылады. Әсіресе, жұма­сына бір рет сенбі күні болатын коммуналдық базарды атап өткенді жөн көрдік. Сол базарда таңертең ерте келетін еттің көлемі өте көп. Коммуналдық базарда сенбі күндері 20 тоннадай ет сатылады. Осындай ауқымды көлемдегі етті 2-3 сағаттың ішінде тексеріп және өлшеп, шауып шығу өте машақат жұмыс. Сондықтан мал дәрігерлік бақылау жайында бұл жерде белгілі дәрежеде кемшіліктер жібермеуге ешкім кепілдік бере алмайды. Әсіресе, маман келіп түсіп жатқан ет көлемін жекеменшік зертхана жалғыз болғандықтан, түгел зерттеп үлгермейді. Оны өз көзімізбен көрдік те. Зертхана маманы еттерге тек штамп қойып жүргенін ғана байқадық. Ал, лабораториялық зерттеу жүргізіп жатқан маман көрмедік. Еттердің басым көпшілігі зерханалық зерттеуге жетпей шабылып, штамп қойылып жатты. Негізінде бұл мал дәрігерлік штамптар мал дәрігер мамандарының құзырында болуы керек. Мынадай жағдайда еттердің тазалығы мен түрлі дерттерден саулығына қандай зертхана кепілдік бере алады? Негізінде ет өнімдерін тексеретін зертханалардың жекеменшік болуы көкейге қон­байды. Ол елімізде эпидемия не ауру шыға қалса ет өнімдерінің тазалығына ешқандай кепілдік бере алмайды.
Талдықорғандағы коммунал­дық базардың әкімшілік тарапынан жасалып жатқан игіліктері өте аз. Коммуналдық базарда бөлінген орындар басқа бір мекемелерге жалға беріліп, қарапайым кәсіпкерлердің өз өнімдерін сатуына кедергі туып отыр. Еліміздегі коммуналдық базарлардың басқару менеджментін тез арада жасарту керек сияқты. Өйткені, кеңес дәуірінен келе жатқан кейбір басшы мамандар қазіргі қаржылай дағдарыс кезінде оперативті қимыл әрекет жасауға дәрменсіз. Сондықтан елімізде мал дәрігерлік саласында күрделі өзгерістер керек.
Сібір жарасы мен күйдіргі аурулары жыл сайын еліміздің әр жерлерінде пайда болады да, ошағы жойылған соң ұмытылады, масштабты түрде күрес жүргізілмейді. Сол себептен мал дәрігерлік саласына өте үлкен көңіл бөлінгені дұрыс. Базарлар мен сауда үйлерінде мемлекеттік зертханалар жұмыс істеуі керек. Жекеменшік зертханалар бұқара алдында тұрған, эпидемиологиялық сұрақтарды шешуге дәрменсіз. Өйткені, олар қаржылық жақтарын кө­бі­рек ойлайды. Моральдық жағын ойлап жатқан ешкім жоқ. Халық­тың денсаулығын қорғау – еліміздің Ата заңында кепілдендірілген. Жұмыс халық талабына сай болуға тиіс!
Қайрат НҰРХАНОВ,
«Мерейлі шуақ» жастар қоғамдық бірлестік төрағасы

Жауап қалдыру