Ұлттық мүдде Ата заңнан басталады

0
108

Конституция 1995 жылы 30-тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы бекітілді. Референдумға сайлаушылардың тоқсан пайызы қатысып, олардың 81 пайызы Конституцияны жақтап дауыс берді. Өйткені, жаңа Конституция халық пікірінің, ойының, олардың мүддесінің заңдылық көрінісі болды. Сөйтіп, Қазақстан халқы Елбасымен бірге бүкіл халық болып негізгі заңды жасады. Жаңа Конституцияның авторы деп біз ел Президенті мен бүкіл халықты айтуымызға болады.
1995 жылғы Конституцияның Қазақстан аумағында қолда­нылған 1924, 1936, 1978, 1993 жылдардағы Конституциялардан қандай артықшылықтары мен ерекшеліктері бар еді деген мәселеге келсек, біріншіден, заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың құзыретін, жұмыс істеу тетігін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді; екіншіден, өкімет билігінің аталған тармақтарға бөлінуі мемлекеттің лауазымды адамдары тарапынан азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермейді; үшіншіден, бұл Конституцияда құқық пен жауапкершілік ұғымдары пара-пар көрсетілген. Бұрынғы Кон­сти­туцияларда шешімін тап­паған мемлекеттің мәні, жер, тіл, азамат­тық, Парламенттің қос пала­талы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі сияқ­ты күрделі мәселелер заң­ды­лық тұрғысынан өз шеші­мін тап­қан.
1995 жылғы Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­мет­тік мемлекет ретінде ор­нық­тырады, оның ең қым­бат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бос­тандықтары деп жария­ланған. Осыған орай, тұңғыш рет біз біртұтас бөлін­бейтін Пре­зиденттік басқару нысана­сындағы мемлекет екендігімізді паш еттік. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Мемлекетіміздің демок­ратиялық мәнге ие болуы да осында. 1995 жылғы Консти­туцияда тұңғыш рет жер мәселесі объективті түр­де қарастырылады. Конс­­титуцияның 6-ба­бы­ның 3-тар­­мағында: «Жер және оның қойнауы, су көз­дері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттармен шектерде жекеменшікте де болуы мүмкін», – делінген. Бүгінгі күндері Жерді жалға беру мен жекеге сату мәселесі шешімі қиын мәселеге айналып тұр. Содан да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен арнаулы комиссия жұмыс жүргізіп, аталмыш мәселені жан-жақты талқылады, оның үстіне еліміз­дің барлық өңірлерінде болып жергілікті тұрғындардың ой-пікірлері ортаға салынды. Қорытындысында – жерді жалға беру мен жекеге сатуға бес жылға дейін шектеу қойылды.
Осындайда еске түседі, жазушы-публицист, қоғам қайрат­кері Балғабек Қыдырбек­ұлы 1990 жылы «Социалистік Қазақ­стан» газетінің 29-тамыз­дағы №201 санында «Жерді сатуға болмайды» деген тақырыппен мәселе көтерген. Осы мақалада жазушы ағамыз бүкіл қазақ халқының көкейіндегі ойды дөп басып жазғанын көріп отырмыз. Мұнда «Жер – адам баласының арқауы, жерінен айырылған ел – тұл, жерінен айырылғанның күні қараң. Сататын Олақтың, Тауманның, Балғабектің жері жоқ, ол ата-баба жері, жетпіс жеті тұсты жері, қазақ халқының жері. Керек десе оны тіпті, бүгінгі Парламент мүшелерінің шешуге де қақы да, құқы да жоқ. Оны қаласа Қазақстанда тұратын жұрт қана емес, оның қожасы бүкіл дүниежүзінде тұратын, бүгінде он миллионнан аса құрылатын қазақтар. Тек қазақтар ғана «кеше келген тоқалдар, шөміш алмай қоқаңдар» дегендей, біздің жерімізге келген келімсектер билік айта алмақ емес. Оның тағдырын қазақтар ғана шешуі керек», – делінген. Мен Конституция секілді тарихи аса маңызды құжат жасалғанда оның кіріспе бөлімінде жа­зылған: «Біз – ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып» деген тұжырым ұмыт қалған сияқты болып көрінеді. Осы сөйлемдегі «байырғы қазақ жерінде» деген сөздер Қазақстанның бүкіл жері қазақ халқына ғана ортақ меншігінде дегенді тәржімелеп тұрған жоқ па? Мұны жерді сату мен меншікке беру талаптарын ұсынып жүргендер мұны ұғына алмағандар, немесе ұғынғысы келмегендер деуге болады. Ал Қазақстан жері қазақ халқының меншігі екені ешқандай заңнан бейхабар адамдарға да түсінікті болса керек. Қазақ халқы үшін мұның өзі тайға таңба басқандай айқын, басы ашық мәселе ғой. Менің пікірім қазақ жері – жекеменшікке берілмесін, сатылмасын, жер – қажет болса заңмен белгіленген негіздерде жалға берілсін. Жалға алған адамдар жерді басқа адамға сатуға, сыйға беруге құқы жоқ, егер біздің елден басқа мемлекетке қоныс аударса, жер – Қазақстан меншігі ретінде қалады. Қазақстан азаматы еместерге жер жалға берілмесін.
Екіншіден, 1995 жылғы Конс­титуцияның ең маңызды жетіс­тіктерінің бірі – тіл пробле­масына көңіл бөлуі болып табылады. Конституцияның 7-бабына сәйкес, Қазақстан Рес­публикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қоланылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Мемлекеттік немесе басқа тілдерді білмедің деп ешкімді де кемсітуге жол берілмейді.
Бір сөзбен айтқанда, қай елдің Конституциясы болсын ең алдымен мемлекетті құ­райтын негізгі ұлттың мүд­десі ескеріледі. Біздің Ата за­ңымызда бұл мәселеге онша мән берілмеген. Қазақстан мемлекетінің құрылтайшысы қазақ халқы екендігі айтыл­маған. Жетістік ретінде ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болғаны ғана. Жасы­ратыны жоқ, сонау Ата заңымызды қабылдайтын кезде бұл мәселеге сырт қараған отандастарымыздың болғаны рас. Десек те Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың табан­дылығының арқасында ана тілімізді мемлекеттік тіл ретін­де қолдану туралы шешімге кел­ді. Міне, арада арада 21 жылдан кейін сол кездегі қадамымыздың дұрыс болғандығын уақыт дәлелдеп отыр. Аллаға шүкір, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің қатары көбейіп келеді. Мемлекеттік қызметке тартылған азамат­тар­дың мемлекеттік тілді білу міндеті талап етіледі. Со­ны­мен қатар, ұлттық салт-дәс­түріміздің аясын кеңейту мәселесі де назарымызда. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық мүдде – Ата заңымыздан бастау алады деп айтуымызға толық негіз бар.
Қазіргі Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Консти­туция­сының тағы бір ерекшелігі, артық­шы­лықтары азамат­­тардың, адам­ның құқықтары мен бос­тан­дық­­тарының жалпыға мәлім Адам құқықтары мен бос­­тан­дық­тары туралы 1948 жылғы Халық­аралық декла­рацияға негізделуі болып табылады. Олар мыналар: әркімнің өмір сүру құқығы, адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмауы, заң мен сот алдында теңдікке болу құқығы, қай ұлтқа, қай дінге, қай партияға жататынын әркімнің өзі анықтау құқығы, сөз бен иетті елдердің Кон­ституцияларының ізгі үлгілері басшылыққа алынған. Соттар мен сот төрелігіне де Конс­титуцияда ерекше мән берілген. Республикада сот төрелігін тек қана сот жүзеге асырады. Оның ісіне араласушылыққа жол беріл­мейді. Сот процесі заңмен ғана белгіленеді. Арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берілмейді. Сот төрелігін іске асыруда судья тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот төрелігін іске асыру Конституцияда белгіленген демократиялық принциптер негізінде ғана жүзеге асырылады.
Қазіргі қолданыста жүрген Конс­титуция бойынша Парламент депутаттарының саны 154-ке жетті. Мәжіліс тарайтын болса, заң шығару қызметін Сенат атқаратын болады. Депутаттарды сайлау бұрынғы мажоритарлық жүйенің орнына пропорционалдық жүйе бойынша жүзеге асырылатын болды. Яғни, жеңген партия Парламенттен көп дауыс алады. Қазақстан Халқы Ассамблеясынан тоғыз депутат Парламентке сайланатын болды. Кейінгі Конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты сот кадрларын іріктеп алу Жоғарғы Сот Кеңесінің құзырына, тұтқындауға санкция беру прокуратурадан алынып, сотқа берілді. Міне, осындай демократиялық үрдістер жүргізілді. Бұрынғы жылдары біздің Парламент кем дегенде екі париядан тұруы керек еді. Енді осы мәселе жүзеге асты. Парламентімізде кем дегенде екі саяси партияның дауысты көп алған, заңда белгіленген өкілдері депутат боп сайланады. Конституцияға сәйкес, еліміз Президенттік басқару жүйесіне өтті. Реформалар, соның ішінде жүгі ауыр конституциялық реформалар тек татулығы айрандай ұйыған, экономикасы едәуір дамыған, әлеуметтік ахуалы тәуір елдерде ғана болады. Мұның бәрі тыныштық арқылы келетін жетістік. Сон­дықтан Конституциялық рефор­малардың қоғамды демок­ратияландыруға бағытталғаны өз алдына, сонымен бірге, ол осы айтылған жетістіктердің де көрсеткіші. Бір сөзбен айтсақ, бақ пен дәулет – ырысы дамып, ынтымағы жарасқан елге қонады. Ырысымыз бұған дейін атқарылған экономикалық реформалар болса, бақ пен дәулетіміз енді жүзеге асқан реформалар екені айқын.
Бұл реформалар – халықтың тілегі, биліктің ұсынысы және опозицияның талабы үйлесім­ділік тапқан деуге негіз бар. Парламент құзырының артуы оған айрықша жауапкерші­лік жүк­тейді. Елбасы Н.Ә.Назар­баев­тың ұсынысы бойынша, 2010 жылдан бастап сайланатын президенттің өкілеттік мерзімі 5 жылға қыс­қаратыны үлкен жаңалық болды. Жұрт күтіп, ел елеңдеп отыр­ған ұлы өзгерістер консти­туциялық заң ретінде жүзеге асады. Еліміздің ішкі дамуын айтпағанда, бұл мәселе халық­аралық қауым­дастық алдындағы Қазақ­стан­ның жүзіне жарқын келбет, қадамына нық сенім дарытты. Қалай болғанда да кон­ституциялық реформалар бо­йынша жауапкершіліктің нар сал­­мағы Парламентке жүк­тел­генін жете түсінуіміз керек. Еліміздегі конституциялық ре­фор­малар озық елулікке ұмтылған қазақ жеріндегі барша қауымның беделін өсіреді. Өз басым соның нәтижесінде шенеуніктік билік емес, халық­тық билік толық орнай­тынына сенемін. Бұл өз кезе­гінде ұлтымыздың, халқы­мыздың өзіне деген сенімін арттырады.
Дау-дамайды емес, пәрменді пайымдау мен байламды байып­таулардың бесігіне айналатын Парламент үдеден көрініп жатса, оның өкілеттігі өспесе, кемімек емес. 2007 жылы қабылданған ҚР Конститу­циясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы заң­да осы айтқан идеялар заң­ды­лық тұрғыда өз көрінісін тапты.
Заңға енгізген өзгерістерді алып қарайтын болсақ, саяси пар­тия­лардың рөліне ерекше мән беріліп, қоғамдық ұйым­дар мен саяси партияларға үкі­мет есебінен қаржы көздері қарас­тырылатын болды. Же­ңіске жеткен саяси партиялар үкіметті жасақтауға үлес қос­пақ.
Қазақстанның халық­аралық беделінің асқақ көріні­сінің бірі – еліміздің 2010 жылы Еуропадағы Қауіп­сіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі. Келесі 2011 жылы Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етті. 2016 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Қазақ­стан­дық­тар үшін бұл – зор мақ­таныш.
Жүзеге асырылған консти­туциялық реформаларға сәй­кес, елімізде жергілікті өзін-өзі басқару органдардың өкі­лет­тігі кеңейіп, барлық сала­дағы әкімдер жергілікті мәсли­хаттар арқылы сайланады. Әрі­ жұ­мыстан да солардың құзы­рымен босатылады. Сонымен бірге, өлім жазасы туралы мәселе де заңда көрініс тапты. Өлім жазасы бұрынғыдай барлық қылмыстардың түрінде емес, тек екі түрлі қылмыс жағдайында орындалады. Бірін­шісі – соғыс жағдайында өте ауыр қылмыс жасағандарға, екіншісі – террорлық әрекетке барып, соның нәтижесінде адам өліміне себепкер болғандарға.
Бүгінгі таңда елімізде серпінді технологиялар жасалып, жүзеге асырылуда, халыққа электронды қызмет көр­сету, интернет жұмысын тиімді пай­далану, электрондық сауат­ты­лықты арттыру, қаржы рыногын жетілдіру міндеттері алға қойылды. Алдағы мақсат – Қазақ­станның Бүкілә­лемдік Сауда ұйымы арқылы өзіміздің өндірген тауарларымызды тиімді, пайдалы бағамен сатуға қол жеткізу. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» ұлт жоспарларында нысана етіп қойылды. Осы алға қой­ған мақсаттардың толық жүзеге асырылуының негіздері – заң­дылық пен құқық тәртібін нығайту. Қазақстанда мекендейтін барлық ұлттардың татулығы, бірлігі, кон­ституциялық тең құқылығын қатаң сақтау.
Арықбай Ағыбаев,
Заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Жауап қалдыру