Әлеуметтік саланың жаңа серпіні

0
75

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында атап көрсеткен әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған 5 бастамасы жөніндегі Үндеуі Жетісу өңірінде әлеуметтік саланы дамыту шараларын тиянақты жүргізуге жаңаша серпін беруде. Осы орайда 80-ге жуық жоғары және арнаулы орта білім ордасы орналасқан Алматы облысындағы Елбасы Үндеуінің жүзеге асырылу барысымен танысу үшін Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Хабдолданұлы Жүнісовты әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Бес әлеуметтік бастамада жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына үлкен маңыз берілгендіктен білім саласы қызметкерлеріне ерек­ше жауапкершілік жүк­теліп отыр.
– Оныңыз рас. Елба­сы­ның әлеуметтік баста­масы дер кезінде қабылданған, әрі бүгінгі күні негізгі мә­селелерді шешуге арнал­ған құжат деп білеміз. Он­да халыққа, оның ішінде жастарға қажетті жағдайлар жасау жөнінде бірқатар іс-шаралар атап көрсетілген. Мәселен, Елбасының бастамасында халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге, төмен жалақы алатындарды қолдау, жастардың білім алуы­на және әр азаматтың кәсіпкерлікпен айналысуына ауқымды шаралар қарастырылған.
Елбасы үндеуіндегі «Жо­ғары білім алудың қол­жетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жөніндегі басым бағыттары өзіңіз айтқандай бізге – білім саласы қызмет­керлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан біз жастарға білім берудің сапасын барынша жақ­сарта отырып, олардың әлеу­меттік-тұрмыстық жағ­дайын қамтамасыз етуіміз қажет. Облыстың аудан, қалаларынан және басқа аймақтардан арманның «ақбозына» мініп, жігерін қамшылап білім алуға талпынып, жоғары, арнаулы орта білім ордаларына оқуға түскен студент жастарды ең бірінші кезекте жатын орынмен, яғни жатақханамен жабдықтау – біздің басты міндетіміз.
Рас, өткенге көз жіберсек, жекешелендіру кезінде бірқатар оқу орындарының ғимараттары, жатақ­хана­лары жекенің қолына өтті. Кейбір жатақханалар сту­дент­тердің еншісінен алынып, шағын отбасыларына жалда­маға берілді. Мұның өзі оқу орындарының күндізгі бөлімінде білім алатын жастарға жатақхана жетіспей, пәтер жалдап тұруына әкеліп соқты. Ал, жоғары оқу орындарының бөлімдерінде ақылы түрде білім алатын жастарға бұл үлкен қаржылық салмақ түсіргені жасырын емес.
Сондықтан да, Мемлекет басшысының Үндеуі көптен бері көптің көкейінде жүрген мәселені оңтайлы шешуге жағдай жасап отыр және бұл ұтымды ұсыныс жастардың жарқын болашағына сенімділігін арттыра түсуде.
– Екі милиионан астам халқы бар Алматы облысында оқу орындары да ез емес. Осы білім ошақтарында грант­пен оқу жағы қалай ұйымдас­тырылған?
– Осы өмірлік маңызы бар істі, яғни жетісулық жастардың сапалы білім алуына облыс әкімі Аман­дық Баталов үлкен қолдау көрсетуде. Бүгінгі күні облыс әкімінің гранты бойынша 438 жас білім алуда. Саралап айтсақ, олардың 89-ы медицина, 227-і педагогика, 23-і ауыл шаруашылығы, 21-і мәдениет және басқа мамандықтар бойынша 78 жас білім алуда. Сонымен бірге биыл тағы да 100 студентке арнайы грант тағайындалмақ. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 47,5 млн теңге қаражат қарастырылған.
– Ал жатақханамен қамту мәселесі қай дең­гейде?
– Облыста 74 техникалық және кәсіптік білім бере­тін мекеме жұмыс істейді. Олардың 41-і мем­ле­кеттік, 33-і жекеменшік оқу орындары. Мемле­кеттік мекемелердің бар­­­лы­ғында дерлік арнайы жатақханалар бар. Олар­дың жобалық қуат­ты­лығы 8464 орын­ға арналған. Онда 4811 студент тұрады, басқа колледждердің жа­тақ­ха­насында 27, Алматы және Талдықорған қала­ла­рын­дағы жалдамалы пә­терде – 2131, ата-анасы мен туыстарының үйінде – 13613 студент-оқушы тұра­ды.
Елбасы тапсырмаларына сәйкес жүргізілген сараптамалалық жұмыс­тардың нәтижесінде қазіргі кезде облыстағы жоғары, арнаулы техникалық және кәсіптік білім беретін 10 мекемеге 2930 орынға арналған 10 жатақхана салу қажеттілігі анықталды. Атап айтқанда, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 524 студенті жатақханамен қамтамасыз етілген, ал 1081 студент туыстарының қолында, кейбірі жалдамалы пәтерлерде тұра­тыны анықталды. Бұл мәселені шешу мақсатында жатақхана салу үшін университетке Талдықорған қаласының Оңтүстік Батыс бөлігіндегі жаңа шағын ауданнан 1,4 га жер телімі бөлінді. Ол жерге 500 орындық жатақхана салу көзделуде.
Сондай-ақ Қарасай ауданы Қаскелең қаласында орналасқан Сүлейман Де­мирел атындағы университетте студенттерге арналған 1000 орындық жатақхана бар. Қазіргі кезде 702 студент жатақханада тұрады. 700 студент Қаскелең қаласында туыстарымен немесе жалдамалы пәтерде тұрады. 2024 жылға дейін университет әкімшілігі әрқайсысы 500 орындық екі жатақхана салуды жоспарлап отыр. Университеттің бас жоспарына сәйкес жатақхана салуға арналған жер телімі бар.
– Колледж студенттерін жатынорынмен қамту жа­ғы да аса маңызды. Бұл мәселе қалай шеші­мін табуда?
– Әрине, бұл да өте маңызды. Мәселе үнемі назарда. Алдағы уақытта Тал­дықорған поли­тех­ни­калық колледжіне 200, Талдықорған саз кол­лед­жіне 100, Бастөбе сер­вистік-техникалық кол­лед­жіне 50, Талғар поли­техникалық колледжіне 200, Талғар агробизнес жә­не менеджмент колледжіне 200, Алматы облысының тамақтандыру сала­сындағы инно­вация­лық технологиялар колледжіне 200, Есік гуманитарлық-техникалық колледжіне 200, Талдықорған медициналық колледжіне 280 орындық жатақхана салу көзделген. Барлық колледждердің жанынан жатақхана салу үшін жер телімдері бар. Белгіленген жер телімдеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізуге мүмкіндіктер жасалған.
Жатақхана мәселесін түпкілікті, нәтижелі шешу үшін республикалық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығында және білім басқармасында бірнеше мәрте колледж басшы­ларының қаты­суымен тұрақты талқылау өткі­зілуде. Колледж басшыла­рына мемлекет пен жеке­меншіктің серіктестік қа­ғида­сымен жатақхана салу үшін инвесторлар тауып, жан-жақты жұмыс жүргізу тапсырылды.
Осы әлеуметтік маңызы зор бағытқа жергілікті мәслихат депутаттары да қолдау білдіруде. Облыстық мәслихат сессиясына 2019 жылдан бастап жоғарыда аталған 8 колледжге жатақхана салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындауға қаржының бөлінуі туралы ұсыныс берілді.
Дана халқымызда: «Үй болмай – күй болмайды» деген сөз бар. Ал, жатақхана студенттің үйі. Елбасының әлеуметтік саланы жаң­ғыртуға бағытталған 5 бастамасы жастардың алаң­сыз білім алуына жа­салған зор қамқорлық десек, оны орындау жөнін­дегі шараларды сапалы әрі дер кезінде орындау – біздің басты міндетіміз.
– Санаулы күндерден кейін басталатын жаңа оқу жылы дайындық жұмыстары қалай жүргі­зілуде?.
– Облыс бойынша бүгінгі күні жалпы білім беретін мектептердің саны 758-ге жетіп отыр. Жыл сайын жаңа мектептер салынуда. Атап айтқанда, биыл 6 мектеп және бір мектеп жанындағы қосымша ғима­рат пайдалануға беріл­мек. Оған қоса, 30 мек­теп ғимараты күрделі жөн­деуден өткізілді. Ал, 22 мектептің ғимараты жөн­делу үстінде. Өткен жылы оқу­шылардың жалпы саны 373 мыңнан аса, биылғы жы­лы оның саны арта түспек.
– Өзекті мәселе жөніндегі сұқбатыңыз үшін алғыс айтамыз!
– Сіздерге де рақмет!

Сұқбаттасқан
Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ
Алматы облысы

Жауап қалдыру