Кең шоғырлы дағды дамытуға лайық

0
144

Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 76-қадамында ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту қарастырылған. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева тілшімен әңгіме барысында білім берудің 12 жылдық моделін енгізудің мән-жайын баяндап берді.
– Эльмира Амангелдіқызы, Қазақстанда 12 жылдық жалпы орта білімнің моделіне к­өшу қашан жүзеге асыры­лады және осы модельмен бар­лық орта мектептер қамтыла ма?
– 12 жылдық жалпы орта білім барлық мектептерде 2019-2020 оқу жылында іске асырылады.
– Жаңа оқу бағдарламалары әзірленді ме? Орта мектеп оқушылары алатын білім көлемі айтарлықтай арта ма?
–Жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламалары Үкіметтің 2015 жылғы 25-сәуірдегі №327 Қаулысымен бекітілген Қа­зақ­стан Республикасының бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына және 2016 жылғы 13-мамырдағы №292 Негізгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес даярланды.
Бүгінде білім берудің бастауыш деңгей пәндері бойынша 11 оқу бағдарламасы, сондай-ақ негізгі орта мектеп тұрғысында 17 оқу бағдарламасы әзірленіп, бекітілді.
Жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламалары бойынша оқы­туда негізгі екпін кең шоғыр­лы дағдыға қойылып отыр.
– 12 жылдық жалпы орта білім беруге ауысуға қазақ­стандық ұстаздар даяр ма?
– «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Педагогикалық шеберлік орталығы базасында педа­го­гикалық қызметкерлер білік­­тілігін арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. 2012-2015 жылдары деңгейлі бағдар­ламалар бойынша 52,5 мың мұғалім оқудан өтті. Бұл ретте олар білім берудің маз­мұ­нын жаңарту мен 12 жылдыққа көшудегі мақсат­тар­ды іске асыруға қолдау болады.
Сонымен қатар, биыл бағдар­ламалардың жаңарған мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарынан 69 мың педагог өтті. Мазмұнды жаңарту жоғары оқу орындары мен колледждерде мұғалімдерді даярлау бағдарламасында да көрініс табады.
– Орта мектепте 12 жыл­дық білім беруге ауысуды қар­жыландыру қандай қаржы көздерінен жүргізіледі?
– Оқулықтармен қамта­ма­сыз ету жергілікті атқару ор­гандары есебінен атқары­лады. Педагогикалық қызмет­керлердің біліктілігін арттыру республикалық бюджет есебінен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Педагогикалық шеберлік орталығында жүргізіледі, сондай-ақ бұл бағытта жергілікті бюджеттер тарапынан да тиісті қадамдар іске асырылады.
– 12 сыныпты орналастыру үшін қазақстандық мектептерде оқушылар орындары жеткілікті ме?
– Атап өтілгендей, 12 жылдық білім беру нөлдік сынып – 11-сынып ұстанымы бойынша енгізіледі, яғни нөлдік сынып 5-6 жастағы балалар үшін енгізіледі – яғни бұл мектепке дейінгі даярлық.
Бүгінде мектепке дейінгі даярлық біздің білім беру жүйе­мізде іске асырылуда.
12 жылдық оқытуға ауысқан кезде нөлдік сыныптан өту мүм­кіндігі мектепке дейінгі ұйым­дарда және мектепте сақталады. Осы арқылы 12 жылдық білім беруді енгізумен оқушылар орнының тапшылығы болмайды.
– 12 жылдық орта білімге ауысу Қазақстан халқының жалпы білім деңгейіне қалай­ша әсер етеді деп ойлайсыз?
– Біздің елімізде білім берудің дәстүрлі жүйесінен алыстау талпыныстары бірнеше мәрте болған еді, алайда өзгерістерді фрагменттік енгізу білім берудің ескі мазмұнына таңылып отырды. Бұл өз кезегінде оқу үдерісінің күрделенуіне және берілетін ақпарат көлемінің артуына алып келді.
Білім беру мазмұны жаңа­руының және 12 жылдыққа ауысудың нәтижесі ретінде білім беру сапасының артуы болуы қажет. Себебі, білімнің жаңа стандарты өмірлік іс-әрекетке дайындалған адамға негізделіп отыр. Яғни, осы шаралар белсенді әрі шығармашылық түрде ойлауға қауқарлы болуға және әрекет етуге, сондай-ақ зияткерлік, адамгершілік тұрғыда өздігінен дамуға бағытталған. Бұл ретте нәтижеге негізделген білім берудің моделін енгізуге ерекше мән беріліп отыр.
— Әңгімеңізге рахмет!
Руслан ҒАББАСОВ,
«ҚазАқпарат»

Жауап қалдыру