Футболдан студенттердің республикалық турнирі

0
59

26-30 қыркүйек аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР ҰҒА академигі Тоқмұхамед Садықовтың 80 жылдығына арналған футболдан студент-жастар арасындағы республикалық турнир өткізілді.

Республикалық турнир ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақстан футбол федерациясы, Қазақстанның ұлттық студенттік спорт одағының ұйымдастыруымен өтті.

Спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – студенттік футболды танымал ету, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, білім беру мекемелерінде спорттық және бұқаралық жұмыстарды ұйымдастыру, жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау.

Республикалық турнирге 10 университеттен футбол командалары қатысты. Олардың ішінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қазақ спорт және туризм академиясы, «НАРХОЗ» университеті, «Туран» университеті.

Турнирдің ашылуы 26 қыркүйекте «Спартак» стадионында, футбол командаларының жарысы 26-30 қыркүйек аралығында ойындар күнтізбесіне сәйкес өткізілді.

Ашылу салтанатында ректор Такир Балықбаев турнирдің қатысушыларын құттықтап сөз сөйледі.

– Бүгінгі футбол турнирінің академик Т.С. Садықовтың 80 жылдығына арналуы біздің ол кісіге деген зор құрметіміздің белгісі. Турнир жастардың арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға, оларды патриотизм рухында тәрбиелеуге және студенттік футболды насихаттауға бағытталған. Турнирға еліміздің 10 университеті қатысады. Ұйымдастыруға атсалысқан атақты спортшылар мен мамандар, қазақстандық футболдың ардагерлері мен шеберлері командалық ойындардың әділ төрелігіне қатысуда. Турнирдің абыроймен өткізілетініне сенімдімін және біз жақсы нәтижелер күтеміз! Турнирді ашық деп жариялаймын. Командаларға сәттілік тілеймін!, – деді оқу ордасының басшысы.

Қорытынды турнир 30 қыркүйекте «Спартак» стадионында өтті. Олардың нәтижесі бойынша 1-орынды «ҚазСТА», 2-орынды «ҚазҰУ», 3-орынды «ҚазҰПУ» командалары иеленді.

Александр Кулаков бастаған төрешілер алқасы жеңімпаздардың қатарынан «Турнирдің үздік ойыншысы» деп Айдын Маликовты (ҚазҰПУ), «Үздік шабуылдаушы» деп Еламан Ниязбековты («ҚазСТА»), «Үздік қақпашы» деп Дархан Арғынчеевті (ҚазҰУ) атады.Барлық қатысушыларға Абай атындағы ҚазҰПУ-дың арнайы сыйлықтары табыс етілді.

Римма ЖАНБАЕВА

Жауап қалдыру