Дамудың айқын бағдары

0
89

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы  еліміздің алдына жаңа міндеттер қойып отыр.  Әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіруді мақсат еткен Жолдаудың маңызы өте зор. Бұл мемлекет өмірінің, қоғам мен экономиканың барлық тараптарын одан әрі жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы.
Мемлекет басшысы Жолдау­да осыдан дәл 15 жыл бұрын қа­былданған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму страте­гия­сының мерзімінен бұрын орындалғандығын атап өтті. Оның басты қорытындылары: «Болашақта кез келген аумақтық даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға көршілермен даулы аумақтар қалдырған жоқпыз. Біз адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіп­сіздігін қамтамасыз ететін күш­ті, заманауи, қорғанысқа қа­білетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық. Бізде көппартиялы Парламент, парламенттік көпшілік қолдаған Үкімет бар. Азаматтық қоғам дамуда, тәуелсіз БАҚ жұмыс істеуде. Түрлі бағыттағы 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. 2,5 мыңдай БАҚ бар, оның 90%-ы – жеке иелікте. Қазақстан бүгінде мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналды. Әлемдік және дәстүрлі діндердің алғашқы төрт съезі нақ біздің елімізде өтті.
Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллион теңге­ден 2011 жылы 28 триллион теңгеге өсті. 1999 жылдан бас­тап Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсуі 7,6%-ды құ­рап, алдыңғы қатарлы елдерді басып озды. Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Біз сыртқы сауданың – 12 есе өсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есе өсуіне қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде мұнай өндіру – 3 есе, табиғи газ өндіру 5 есе ұлғайды. Біз шикізат ресурстарынан түскен кірісті Ұлттық қорға жібердік». Сонымен қатар республикада «үдемелі индустрияландыру бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап жал­пы құны 1 797 млрд теңге болатын 397 инвестициялық жоба іске асырылды, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Орташа айлық жалақы 9,3 есе өсті. Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 10 есе ұлғайды. Халықтың нақтылы ақшалай кірістері 16 есе өсті. 1993 жылы біз «Болашақ» атты біре­гей бағдарлама қабылдадық, соның арқасында 8 мың талантты жас әлемнің таңдаулы университеттерінде озық білім алды. Астанада халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін заманауи ғылыми-зерттеу университеті құрылды. Электронды үкімет азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын едәуір жеңілдетті. Біз мемлекеттік басқаруда өзіндік тұрғыда төңкеріс жасауға қол жеткіздік, оны халыққа мемлекеттік қыз­меттерді көрсету сапасын арт­тыруға қайта бағдарладық».
Осылайша 2030 стратегия­сында белгіленген негізгі міндеттер орындалды, қалған­дары орындалу үстінде. Сондықтан Елбасы Жолдауында негіз­делген еліміз дамуының жаңа стра­тегиясы «Қазақстан – 2030-дың» үйлесімді жалғасы. «Қазақстан-2050» стратегиясы – бұл тым құбылмалы тарихи жағдайдағы жаңа Қазақстан үшін жаңа саяси бағыт. Қа­зақ­стан 2050 жылға қарай әлем­нің ең дамыған отыз елінің қа­тарын­да болуға тиіс.
Президент бұл биікті бағын­дыру жолындағы бірінші дәре­жедегі маңызды мақсат-мін­дет­терді айқын­дады. Олар:
– Мемлекеттілікті одан әрі дамыту және нығайту.
– Экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу.
– Ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету.
– Жаңа әлеуметтік үлгіні қалып­тастыру.
– Білім беру мен денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы және тиімді жүйесін құру.
– Мемлекеттік аппараттың жауап­кер­шілігін, тиімділігі мен функционалдығын арттыру.
– Халықаралық және қор­ғаныс сая­сатының жаңа сын-қатерлеріне парапар саясат құру.
Осынау өршіл мақсат-мін­дет­терді іс жүзіне асыру қай салада болсын қарбалас жұмыстарды та­лап ететіні даусыз. Оның ішін­де білім беру саласының ал­дында тұрған міндет аса жауапты екені даусыз. Өз дамуы­ның құ­былмалы әлемдегі жаңа кезеңіне қадам басқан еліміз­дің қатаң бәсекелестікте жаһан­дық экономикалық тайта­ласқа дайын болуы – осы міндет­тер­ді іске асыратын маман­дар­дың білік­тілігіне байланыс­ты. Сондықтан Қа­зақстан да­муының жаңа стра­тегиясы жо­ғары мектептің ал­дына қоя­тын міндет аса жауапты: «Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші ке­зекте ұлттық эконо­миканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұра­ны­сын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді».
Елбасы білім беру саласында халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамыту міндетін алға қойды. Осы орайда инженерлік білім беру жүйесін дамыту аясында университет ба­засында «Қазақстан жоғары тех­никалық оқу орындарының рес­публикалық ассоциация­сын» құру бағытындағы жұ­мыс­­­тар қолға алынбақшы. Соны­мен қатар халықаралық үлгідегі куәліктер берудегі әлем­дік тәжірибені зерттеу және ұсыныстар әзірлеу жөнін­де жұмыс тобы құрылады. Ке­шен аясында қолданбалы және академиялық ғылым мен бизнес қауымдастық бірлес­кен зерт­теулер жүргізеді, тех­ни­ка мен технологияның басым бағыт­тары бойынша тәжі­ри­бе­лік үлгілер жасалады. Мұнай-газ, тау-кен-металлургия, ма­шина жасау салаларында жоғары тех­нологиялы өндірісті құру жөніндегі сызба және тех­нологиялық жұмыстарды ат­қаруға тиіс ғылыми-шығар­ма­шылық ұжымдар құрылады.
Елбасы Жолдауында біз­дің көпдиаспоралы және көп­кон­фессиялы қоғамымыз табы­сының негізі – жаңа қазақ­стан­дық патриотизм екендігі ай­тыл­ды. Соңғы уақытта халқы­мыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұрғаны белгілі. Бізде сенім бостандығы бар, бірақ соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойы­мыз­ды аулақ салуымыз керек. Сон­дықтан біз әлеуметтік, эт­нос­тық және діни шие­леніс­тердің алдын алу, дәс­түрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдар­дың іс-әрекетіне тыйым салатын іс-шаралар жоспарын жасауымыз керек.
Қазақ тілі – біздің рухани не­гізіміз. Үштілділік мемлекет­тік деңгейде ынталандыры­луы керек. Жолдауда атап көр­­сетілген осы міндеттерге орай, университет ұжымы әлем­дік білім және ғылым кеңіс­тігін­дегі ықпалдастық аясында тех­никалық ағылшын тілін те­рең­деп меңгеру, алдағы әліп­биі­мізді латын қарпіне көшіру дайындығына кірісу шараларын қолға алады. Сонымен қатар, қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру одан әрі жалғасын табады.

Әмина ТҰЯҚОВА,
Астана қаласы Алматы аудандық
 әділет басқармасының бас маманы,
Астана қалалық заңгерлер одағының мүшесі

Жауап қалдыру