Бірлескен жұмыс тетігі әзірленуі қажет

0
79

Тұрғын үйді жалға берудің проблемалық мәселелері аз емес. Таяуда Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің отыры­сында осындай ауандағы әңгіме көптің тал­қысына салынды, – деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кәсіпкерлік қызметтің бұл саласы толық заңды, алай­да кәсіпкерлердің көп­шілігі салық төлемей, осы саланың төңірегінде қыл­­мыс тудырып, мұны жасырын жасауға тырысады.
Облыстық қоғамдық ке­ңе­сінің төрағасы Мұрат Өтешовтың айтуынша Атырау мен Құлсарыда жалдамалы тұрғын үй нарығына талдау жүргізілді. Ресми түрде екі қалада тұрғын үйді жалға берумен айналысатын 240 заңды тұлға және 700 жеке кәсіпкер тіркелген.
– Бұл кәсіпкерліктің осы түрімен айналысатын адам­дардың бір бөлігі ғана. Көпшілігі мұны заңсыз жасайды. Негізгі бөлігі Атырау мен Құлсарыда. Бұл облыстың екі ірі елдімекенінде ірі кәсіпорындар мен шетелдік компаниялардың орналасуымен байланысты. Мұнда негізінен мигранттар келеді, – деді Мұрат Өтешов. – Атырауда жүр­гізілген талдау жалға бері­летін 600-ден астам пәтерді анықтады, алайда оларды ешкім есепке ал­ма­ған. Бұл салықтардың түсуін азайтады, оларда кім­нің тұратының ешкім білмейді.
Сонымен бірге жеке сек­тор толықтай «көле­гей­леніп» тұрғаны баса ай­тыл­ды. Жеке үйлерде «уақытша бас­паналар» қанша және кімге жал­ға беріледі? Мұн­дай ақпаратты мемлекеттік кіріс­тер департаментінде де, полицияда да бермейді. Жылжымайтын мүлік нарығын шолу мемлекеттік бағдарлама бойынша алынған көптеген үйлерде пәтер иелерінің өздері емес, тұрғын үйді жалға беріп табыс тауып отырған олардың туысқандары тұ­ра­тынын көрсетті. Бүгінгі күні Атырау мен Құлсарыда тұрғын үй алу кезегінде 21,6 мың адам, жер учаскесін алу кезегінде 80 мың адам тұр.
– Олардың барлығы шын мәнінде тұрғын үйге мұқ­таж деп айта алмаймын. Бұл жерде заңда өзгерістің қажеттілігін атап өту қажет. Атап айтқанда, тұр­ған кезде уақытша тіркеу туралы. Көпшілігі әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің осы нормасын елемейді. Мұндай құқықбұзушылық үшін 14 млн теңге сомасына айып­пұлдар салынды, алайда жағдай өзгермей тұр. Құқық­бұзушылық әлі де орын алуда, – деп түсіндірді Мұрат Өтешов.
Атырау қаласы мен Жылыой ауданының әкімдері заңсыз жалға берушілерді анықтау бойынша жүргізілген жұмыстарға назар аудартып, Қоғамдық кеңес төрағасының баяндамасын толықтырды.
Есептерді тыңдап болған соң, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев орын алған проблема туралы өз ойын білдірді.
– Біз бұл мәселені бірлесіп шешуге тиіспіз. Бір­лес­кен жұмыс тетігін әзір­леу қажет. Бірінші кезекте, бұл мемлекеттік кіріс­тер депар­таментінің, поли­ция­ның, ПИК, жергілікті атқа­рушы органдардың қызметіне қатысты. Бұл мәселені шешуге жұрт­шылықты тарту қажет, – деді Нұрлан Ноғаев.
Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер депар­таментінің басшысы Ерлан Жанбаевтың мәліметі бойынша өңір бойынша бүгінгі күнге тұрғын үйді жалға берумен айналысатын 3437 заңды және жеке тұлға тіркелген.
– Жылдың басынан бері кәсіп­керлік қызметтің осы түрімен айналысатын 311 адам есепке тұрды. Олар­дың есебінен бюджет 1,9 млрд теңгеге толықты. ІІД, әкімдіктермен бірлесіп тұрғындар арасында түсін­діру жұмыстары жүргі­зілуде. Дегенмен түрлі проблемалар бар, соның ішінде заңнамалық актілерде, – деп атап көрсетті Ерлан Жанбаев.
Егер адам осы қызмет түрінен жылына 390 мың теңгеден аспайтын пайда тапса, онда ол мемлек­еттік кірістер органдарында тіркелмеуіне болады. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер және полиция органдарының қызмет­керлері мигранттар жұмыс жасап, тұратын кәсіпкерлік объектілері – кафе, мей­рам­ханаларға тексеру жүр­гізе алмайды. Атырау об­лыс­тық ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Мұрат Демегенов өңір бойынша жағдай туралы баяндай келіп, адал емес жалға берушілер үшін айыппұл санкцияларын көтеру туралы пікір білдірді.
– Кезінде біз қоғамдық тәр­тіпті бұзушылар – шылым шегушілерге, мас күйдегі адамдарға ұсталған жерінде айыппұл салу жөнінде ҚР ӘҚБтК-ке өзгерістер ұсынған болатынбыз. Бұл адамдардың қоғамдық орындарда тәртіп бұзушылықтарды азайтуына жеткізді. Мен мұндай шараны жалға берушілерге қолданса, жағдай басқаша болады деп есептеймін. Пәтерін жалға беретін адамдарға тәртіп бұзушылық үшін айыппұл төлегеннен, мемлекеттік кірістер департаментінде тіркеліп, ресми түрде салық төлеген тиімді, – деп баса айтты Мұрат Демегенов. – Осылайша пәтер жалдаушымен шарт жасалып, уәкілетті органдар жалдамалы пәтерлерде тұратын адамдар туралы білетін болады.
Қоғамдық кеңестің отырысын аяқтай келе, облыс әкімі облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиеваның басшылығымен жұмыс тобын құру туралы тапсыр­ма берді. Жұмыс тобы құрамына барлық мүдделі құрылымдар – мемлекеттік кірістер департаменті, ІІД, әділет, кәсіпкерлер палатасы, ПИК өкілдері кіруі тиіс.
– Бұл мәселені шешу қолымыздан келеді. Мем­лекеттік кірістер депар­таментінің басшысы жыл басынан бері кәсіпкерліктің осы түрімен айналысатын жа­ңа жеке және заңды тұлғалардың тіркелгенін айтты. Демек, жүргізілген жұмыстар нәтижесін беруде. Сөз сөйлеушілер айтып өткендей, адамдарға заңсыз қызметі үшін үлкен айыппұл төлегеннен, ресми жұмыс жасаған тиімді. Бұл адамдарға жұмыс жасап, табыс табуға, ал уәкілетті органдарға азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық ақпаратты иеленуге мүмкіндік береді, – деп қорытындылады Нұр­лан Ноғаев.

Исатай ЕРЖАН

Жауап қалдыру