Бастама басты назарда

0
99

Алматы облысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік саланы жаңғыртуға ба­ғытталған 5 бастамасы жөніндегі Үндеуінде атап көрсетілген тапсырмаларды өз мезгілінде әрі сапалы орындауға арналған шаралар қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, негізгі бес саланы дамытудың нақты жоспарлары, яғни «Жол картасы» жасалып, оны іс жүзіне асыру бойынша жұмыстар уақыт талабына сай атқарылуда.
Өткен аптада Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясындағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысу үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Республикалық қоғамдық кеңес мүшесі Нұртай Сабильянов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма басшысы Абылай Мырзахметов Алматы облысында жұмыс сапарымен болды.
Алғашқы кезекте қонақтар өз сапарларын облыс орталығы Тал­дықорған қаласының оңтүстік батыс аймағында салынып жатқан 16 қабатты үш үйдің құрылыс жұмыстарымен танысудан бастады. Қала тұрғындары үшін аса маңызды нысандағы жүргізіліп жатқан жұмыс­тардың барысы туралы облыс­тық құрылыс басқармасының басшысы Болат Такенов хабарлама жасады.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2 млрд 530,5 миллион теңгені құрайтын тұрғын үйлердің құрылысы 2017 жылдың қыркүйек айында басталып, 2018 жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделген. Мердігер ұйым «НСК Астана құрылыс» акционерлік қоғамы. Қазіргі кезде барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында шағын емхана, азық-түлік дүкені, сән салоны секілді аса қажетті нысандар орналасады. Қазір нысанда 117 адам жұмыс істейді, орташа жалақы мөлшері 120 мың теңге. Жобаға сәйкес үш тұрғын үйде 230 пәтер орналасады. Оның 92-сі бір бөлмелік, тағы 92 пәтер екі бөлмелік. Қалған үш бөлмелік 46 пәтерге тұрғындар жыл соңында кіреді. Ондағы пәтерлер ең алдымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына несиелік ретінде берілсе, одан қалғанын «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспана алуға өтініш білдірген жандар алады.
Жалпы облыста «7-20-25» бағдар­ламасын жүзеге асыру мақсатында аумағы 35,3 мың шаршы метрді құрайтын 589 пәтерлі 14 тұрғын үй қолданысқа берілмек. Бағдарлама бойынша бүгінгі күнге дейін 40 өтініш келіп түскен. Өтініштерге «Банк Центр Кредит» арқылы 471,7 миллион теңге белгіленген. Оның ішінде бағдарламаға сәйкес 28 өтініш оң шешіліп, оған 331 миллион теңге қаражат бөлінген.
Бағдарламаның іс жүзіне асырылуы жөніндегі жұмыстармен толық танысқаннан кейін Республикалық кеңес мүшелері Көрме кешенінде кәсіпкерлер өкілдерімен кездесті.
Қатысушылар Жетісу жерінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша көптеген жұмыс­тар атқарылып жатқанын, жобаларды қаржы­ландырудың оңтайлы жақтарын атап өтті. Өткен жылы ауыл тұр­ғын­дарын кәсіпкерлікке баулитын «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 1312 адам оқытылып, барлығы 285 жоба 1 миллиард теңгеге қаржыландырылған. Ал, үстіміздегі жылы аймақтарда 3361 адамды оқыту және 650-ге жуық жобаға қаржы бөлу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 1681 адам арнайы курстан өтіп, белгіленген 200 жобаға 761 миллион теңгенің несиесі беріл­ген. Кәсіпкерлерге көрсетілетін қыз­меттің сапасы жақсарды. Сонымен қатар өңір кәсіпкерлері мемлекет пен жекеменшік арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып, балабақша, мектеп сынды аса маңызды нысандардың жұмысын жандандырып келеді.

Жиналғандарды облыстық сәу­лет және қалақұрылысы басқар­масының басшысы Дәркен Нұржа­нов ауылдар мен елдімекендерде тұратын кәсіпкерлердің жұмысына көмек болатын арнайы электронды картаны таныстырды. Маңызды құжатта дүкен, дәріхана, сауда орталығы, техникалық жөндеу орталығы, көлік жөндеу орталығы сынды әлеуметтік нысандардың құ­рылысын жүргізуге болатын бос жер телімдерінің дерек­тері орна­лас­тырылған. Бұл ең алдымен интернет желісіне салынады және ашықтықты, жариялылықты, қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Одан кейін қонақтар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында облыстық кеңес мүшелері, жергілікті атқарушы ор­гандар, ұйымдар басшылары, депутаттар корпусы, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысқан актив мәжілісін өткізіп, күн тәртібіндегі «Бес әлеуметтік бастамаға» қатысты мәселелерді талқылады.
Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов төрағалық етті.
Басқосуда алғашқы сөз алған республикалық Қоғамдық кеңес мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасына» сәйкес кәсіпкерлікті дамыту, оның ішінде шағын несие көлемін арттыру бағыттарына ерекше назар аударып, қолдау көрсетіп отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді же­тілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылдануы еліміз үшін, еліміздің экономикасы үшін кәсіпкерліктің алар орны ерекше екендігін атап көрсетті. Оған қоса Алдағы уақытта «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына да өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыланып жатқанын жеткізді.
Алқалы жиында облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов «Бес әлеуметтік бастамаға» қа­тысты ауқымды баяндама жасап, қонақтарды Жетісу жерінде атқа­рылған жұмыстардың нәти­жесімен таныстырды. Бұл бағытта «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бірінші бастама бойынша құрылған «7-20-25» бағдарламасы аясында облыстың 4 ауданы мен Қапшағай, Талдықорған қалаларында жеке салымшылардың қаржысына салынатын көпқабатты үйлердің құрылысы үшін 19 орын анықталып отыр. Талғар ауданында «Алма Тау», «Көк Алатау» «AlmaVillage», «Нұрия», Қарасай ауданында «Қарлығаш», «Өмір­зақ», «Өркен», Іле ауданында «Қоянқұс», Панфилов ауданында «Нұркент» және Талдықорған қаласындағы оңтүстік-батыс тұрғын ауданындағы тұрғын үй кешендері бар. Оларда 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің құны 15-20 миллион теңгенің көлемінде.
«Жалақысы төмен жұмыс­шылардың еңбекақысын кө­бейту үшін олардың салық жүк­темесін азайту» бастамасы бо­йынша облыстың ауыл шаруа­шылық, әлеуметтік салаларында еңбек ететін 133,5 мың адамның жалақысын көтеруге мүмкіндік туды.
Студент жастардың жатақ­ханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы бойынша Жетісу жеріндегі 2 университет мен 8 колледждің студенттеріне арнап 10 жатақхана салу жоспарланған. Қазіргі кезде І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттеріне қажетті жатақхана үшін жер телімінің қажеттілігі анықталса, С. Демирел атындағы университетке мың орындық жатақхана салу керектігі белгілі болған. Одан бөлек, жер телімдері бар 8 колледжге қажетті жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға 16 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ облыс әкімінің грантымен 438 студентке облыстық бюджеттен қажетті мамандардың жетіспеушілігін шешу үшін 100 грант бөлінген.
«Шағын несие беруді көбейту» бастамасы бойынша ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін «Қазагро­гарант» АҚ кепілдеме беріп отыр. Осы бағытқа бөлінген 5,4 миллиард теңгенің 1839,2 миллион теңгесіне 461 тұрғын 4,5 мың бас ірі қара және 6 мыңнан астам ұсақ мал сатып алды.
Облыстағы 741 елдімекеннің 473-і газдандыру жобасына кірген. Бүгінгі күні 11 аудандағы 123 елдімекенге газ жеткізіліп, 718,5 мың адам табиғи газды тұтынуда. Газдандырудың ІІ және ІІІ кезеңінде шалғай аудандар мен қалалар қамтылады. Газдандыру жұмыстарына жекелеген инвесторлар қаржы бөлуде.
Актив жиынын қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов шара барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстарды назарға алып, оның сапалы орындалуына күш салуды тапсырды. Басқосуда оған қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, түйінді мәселелердің ше­шілуіне қатысты ұсыныстар жасады.
Соңында Республикалық қоғам­дық кеңес мүшелері Шымыр ауылында орналасқан автоматты газ бөлу стансасына және М. Байысов ауылындағы «Сарымсақов» шаруақожалығына болып, елдімекендерді газдандыру мен егістік жұмыстарының барысымен таныс­ты.
Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
«P&H»
Талдықорған қаласы

Жауап қалдыру