Баспана кезегіндегілер мәселесі шешілуде

0
87

Атырау облысы Исатай аудандық «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты саралап, өзекті мәселелердің шешімін табу мақсатында кезекті мәжілісі өтті.
Оған аудандық партия филиалы саяси кеңе­сінің бюросы мен кеңес мүшелері, аудандық мәс­ли­хаттағы партия фрак­­ция­сының мү­ше­лері, бастауыш партия ұйым­­дарының төрағалары қа­тыс­ты. Аудан әкімі Марат Мұр­зиевтың төрағалы­ғымен өткен мәжілістің күн тәрті­бінде «Президенттің бес әлеу­мет­­тік бастама­сын­дағы» бірінші бастама: «Баспана алуға жаңа мүмкіндіктер» бағы­тын­дағы жұмыстар туралы аудандық тұрғын үй-ком­му­налдық шаруа­шы­лығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімінің басшысы Болатбек Сиса­товтың баяндамасы тыңдал­ды:
– Бұл бастама арқылы республиканың әрбір отбасын баспанамен қам­та­масыз ету мәселесі қозғалуда. Аудан бойынша тұрғын үй салу үшін кезекте 723 адам тіркелген. Осы уақытқа дейін аудан орталығы Аққыстау ауылынан 2015-2017 жылдарына екі 60 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріліп, 120 отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, биылғы жылы аудандық құрылыс бөлімімен 60 пәтерлік 3 тұрғын үй құрылысын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақ­талуда. Азамат­тардың тұрғын үйге ие болудың тағы бір мүмкін­діктері бұл «Нұрлы жер» бағдарламасы. Облыс көлемінде атал­ған бағдар­ламамен «Қазақ­стан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ тұрғын үй үшін несие беруді жүзеге асырып, бағдарлама аясында жеке тұрғын үй құрылысы үшін пилоттық жоба ұсынып отыр. Несие бойынша жылдық мөлшері 5 пайыз, – деді ол.
Аталған бес бастаманың екінші бастамасында – жалақысы төмен жұмыс­шы­лардың еңбек­ақысын көбейту үшін олар­дың салық жүктемесін азайту болып көрсетілген. Бұл орайда аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Шайхат Сағын­ға­лиев салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақ­стандықтарды қол­дау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, олар­дың салық жүк­темесін 10 есеге азайтып,1 пайыз ғана салық салу ұсынылғанын айтты. Айта­лық, айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2405 теңгені құрайтын болса, бұл талап 60125 теңгеге дейінгі мөлшерде айлық алатындарға қатысты. Ал, 50 мың теңге жалақы алатын қызметкерден ұста­латын табыс салығы 1672 теңгені құраса, келер жылдан бастап 167 теңге болмақ. Бұл бастамадағы салық жүктемесін азайту қолданысқа енгізілсе, табысы аз азаматтарға көп жеңілдік болары сөзсіз.
Сонымен қатар мәжі­лісте «Атамекен» ҰКП аудан­дық филиалы мен кәсіпкерлік және туризм бөлімінің, «Исатай не­сие серектестігі» ЖШС басшы­ларының есебі тыңдалды. Әрбір бастама бойынша ұсыныстар нақтыланып, проблемалық мәселелер бойынша шаралар алу жөнінде тапсырмалар беріліп, қаулы қабыл­данды. Екінші мәселеде аудандық білім бөлімінің «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында биылғы жылы мектеп бітіруші түлектермен жасаған жұ­мыс­­тары жөнінде аудан­дық білім бөлімінің басшысы Айбатыр Бекіш­ұлының қысқаша баянда­масы тыңдалып, кейін ұйым­дастыру мәселелері қаралды.

Әйгерім ҚҰБАЕВА

Жауап қалдыру