Бағдарламалардың орындалуы көңіл көншітеді

0
147

5-қыркүйек күні «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болды. Ол өңірде маңызды мемлекеттік бағдарламалардың іске асу барысымен танысып, мемлекеттің қолдауымен ісі өрге басқан қос шаруа қожалығында және жиһаз фабрикасында болып, еңбек ұжымымен кездесті.
Мұхтар Құл-Мұхаммед жұ­мыс сапары барысында Прези­денттік бағдарламамен бой кө­терген баспана құрылысын тексеріп, Батыс аймағындағы белсенді партия мүшелелерінің алдына болашақта жасалуы тиіс жұмыстардың басым бағыт­тарын айқындап берді.
2016 жылы Батыс Қазақстан облысында агробизнесті дамы­туға республикалық бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінген. Мұхтар Абрарұлы мемлекеттің қомақты қаржы жұмсауының тиімділігін «Матевосян» және «Шканов» шаруа қожалығының мысалында бағалай алды.
«Нұр Отан» партиясы Төра­ғасының бірінші орынбасары ҚХР-да өткен G20 сам­миті барысында Мемлекет бас­шысы әлемнің алпауыт ел­дерінің көшбасшыларымен кез­десіп, Қазақстанға мил­лиард­таған инвестиция тарту бойынша келісімге қол жеткізгенін атап өтті. «Қытай елінің көшбасшысы қол қойған 4 келісім бойынша біздің елге қо­мақ­ты қаржы тартылады. Осы қаржының барлығы елдің дамуына бағытталады. Бұдан бөлек, жыл сайын биз­нес­ті қаржыландыруға бір­қа­тар бағ­дар­ламалар аясында қо­мақ­ты қаржы бөлінуде. Ба­тыс Қазақстан өңірі агробиз­несті дамытуға тамаша мүмкін­дік­тер­ге ие», – деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.
«Бұл өңірдің жері құнарлы. Қараңыздар, тек бір қожалық­тың егістік алқабында бірден – бидай, күнбағыс, көкөніс және тағы да басқа дәнді дақылдар өсуде. Астық алқабының әр гектарынан 50 центнер бидай жиналады. Бұл абсолюттік рекорд. Аймақтың аумағы бойынша суы мол, арнасы кең Жайық өзені ағуда. Сондай-ақ, өңірде қолжетімді электр қуаты, арзан көгілдір отын бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен егін және мал шаруашылығының барлық саласына қомақты субсидиялар бөлінуде. Іргесінде өнімді өткізетін үлкен нарық – ешқандай кедендік кедергілер жоқ Ресей елі тұр. Тек қана ерінбей, жеңді түре іске сыбана кірісу керек», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед шаруалармен өткен кездесу барысында.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары облыстың дамуына өлшеусіз үлес қосып отырған маңызды бағыттардың бірі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының іске асу барысымен танысты. Аталмыш бағдарлама аясында өткен жылы Орал қаласында жиһаз фабрикасы іске қосылған. Жобаға миллиардтан астам теңге жұмсалған. Қазіргі күні қарқынды жұмысқа кіріскен кәсіпорын 14 мың дана жиһаз өндірген.
Кәсіпорынның еңбек ұжымы­мен өткен кездесуде Мұхтар Құл-Мұхаммед аймақта бизнес-бастамаларды жандандыру қажеттігіне тоқталды.
«Елімізде 2010 жылдан бастап президенттік «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы табысты жүзеге асып келеді. Республика бойынша жалпы құны бір жарым триллион теңгені құрайтын 8,5 мыңнан астам жоба іске қосылған. 10 жыл бұрын Қазақстанның барлық бюджет көлемі осы соммаға пара-пар болатын. Осы фабрика «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының арқасында салынған. Елімізде бизнесті ашу және дамытуға арналған бірегей мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Бизнес ашыңыздар, өздеріңіз және жерлестеріңіз үшін ақша табыңыздар», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында баспана құрылысы қарқын алған. Мұхтар Құл-Мұхаммед «Арман» шағын ауданында жақын арада пайдалануға берілуі тиіс 144 пәтерлі көп­қабатты тұрғын үйдің құрылыс сапасын тексерді.
«Жаһандық экономикалық дағ­дарыстың басында қабыл­данған президенттік «Нұрлы Жол» бағдарламасы – әлемде теңдесі жоқ бағдарлама. Соңғы екі жылда бағдарламаның жүзеге асуына 1,5 триллион теңге бөлінген. Қомақты қаржы жаңа зауыт, фабрика, автокөлік және теміржол жолдарының құрылысына және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалған. Бұл тұрғын үй де президенттік бағдарлама аясында бой көтерген. Жергілікті партия ұйымының басты мақсаты – бөлінген қаржының уақытылы әрі сапалы игерілуін қадағалау», – деп баса айтты партия Төрағасының бірінші орынбасары жұмыс сапарының қорытындысында.
Еркін БАҚТИЯР.

Жауап қалдыру