Алда стратегиялық маңызды міндеттер

0
237

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 4 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сес­сиясының ашылуына қатысты. Парламент палаталары мүшелерінің алдында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті депутаттардың өткен сессиядағы қызмет нәтижелеріне тоқ­талып, еліміздегі реформаларды заңнамалық тұр­ғыдан қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғас­тырудың маңыздылығын атап өтті.
– Өткен сессияда Парламент 84 заң жобасын қарап, қабыл­дады. Соның ішінде «Қазақ­стан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да бар. Бір жылда сіздердің бастамаларыңызбен 15 заң жобасы әзірленді, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев жүр­гізілген саяси реформалардың нәтижелеріне назар аударып, бүкіл мемлекеттік аппараттың алдына қойылған міндеттерді іске асыруда Парламент пен Үкі­меттің жауапкершілігі жо­ғары екенін айтты.
– Қазақстан бүгінде стра­тегиялық маңызы бар бірқатар міндетті жүзеге асыруда. Парламент Үкіметпен бірлесіп, Ұлт жоспарын, Жолдауды және қолданыстағы бағдарламаларды орындау үшін барлық шараларды қабылдауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қо­ғам­­ды дамы­тудың жекелеген ба­ғыт­­тарына тоқталды. Елба­сы ру­хани жаңғыру жә­не эко­но­ми­­ка­­лық өсімді қамта­ма­сыз ету жө­ніндегі міндет-тердің орын­да­луына назар аударды.
– Биыл Парламенттің қара­уына жаңа Салық кодексінің жобасы енгізіледі. Біз салық саясатын мейлінше жақсартып, бизнесті ашық жұмыс жасауға ынталан­дыруға тиіспіз. Арнайы экономикалық және индуст­риялық аймақтар жөнін­дегі заң­наманы жетілдіру керек. Сон­дай-ақ, банктерге тиімді бақы­лау жүргізу үшін Ұлттық банкке заңнамалық тұрғыдан көбірек мүм­кіндік беру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент Қазақстан қазіргі таңда бірқатар маңызды стра­те­гия­лық міндеттердің қарсаңын­да тұрғандығын атап өтті:
– Парламент Үкіметпен бірлесіп, Ұлт жоспарын, Жолдауды және қолданыстағы бағ­дар­ла­маларды орындау үшін барлық шараларды қабылдауы қажет.
2018 жылы қоғамды рухани жаңғыртуға байланысты бірқа­тар бағыттар бастау алатын бо­ла­ды.
Бірінші.
Біз рухани жаңғыру бойынша жұмысты бастадық. Сондықтан біз жат әрі ескірген догмалар шеңберінде қалып қоймауымыз керек. Біздің өзімізге тән бай тәжірибеміз, құндылықтарымыз бен даму жолдарымыз бар. Мәде­ниет саласы ерекше ма­ңыз­ға ие, сондықтан аталған са­ла­дағы заңнаманы жетілдіру та­лап етіледі. Атап айтқанда, заң жобалау жұмыстарының жос­­пары бойынша алғаш рет «Ки­не­матография туралы» заң қабылданатын болады. Бұл жерде отандық киноиндустрияны одан әрі дамытудың тұжырым­дамалық негіздерін айқындау керек. Сонымен қатар, рухани жаң­ғыру этносаралық қарым-қаты­настарды реттеумен де байланысты.
«Қазақстан халқы Ассамблея­сы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу талап еті­леді. Сондай-ақ, мемлекет пен діннің қарым-қатынасын жетілдіру қажет. Заңнамалық база қоғамның дін саласындағы кез келген деструктивті қызметінен қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.
Жалпы, қоғамдық сананы жаңғырту қазақстандықтардың прагматикалық, бәсекеге қабі­летті, ашық жаңа буынына жол ашады.
Екінші.
Экономиканың өсімін қам­­та­ма­сыз ету жөніндегі жұмыс­ты жалғастыру қажет. Атап айт­қан­да, мультипликативті әсер бе­ретін салаларды қолдаған жөн. Бұл ТКШ, агроөнеркәсіптік ке­шен, туризм, көлік, логистика жә­не геологиялық барлау сала­­ларына қатысты. Мәселен, су және жылумен жабдық­тауды жаңғыртудың өзі орасан қара­жатты қажет етеді. Инвесторлар мен халықаралық қаржы инс­ти­туттарын тарту үшін ТКШ және тариф қалыптастыру са­ла­ларындағы заңнаманы же­тіл­діру керек. Бұл осы сала­да­ғы тұтынушылар мен табиғи мо­но­полия субъекті­лерінің мүд­делерін теңдестіруге мүм­кіндік береді. Сондай-ақ, мем­ле­кет-жекеменшік әріптес­тігін жетілдіру бойынша жұ­мыс­­ты жал­ғас­тыру керек.
Үшінші.
Биыл Парламенттің қарауына жаңа Салық кодексінің жобасы енгізіледі. Біз салық саясатын едәуір жақсартуымыз керек және бизнестің «сұрғылт» сызбаларсыз ашық жұмыс істеуін ынталандырғанымыз жөн. Сонымен қатар, тиімсіз жеңілдіктер мен артықшылықтардан бас тартып, салықтық әкімшілендіруді оңайлату қажет. Осы сессия барысында кеден заңнамасын жаңарту міндеті тұр.
Төртінші.
Бұрынғыдай тікелей инвестиция тартуға және экспорттық өндірісті ынталандыруға үлкен маңыз берілуде. Сондықтан арнайы экономикалық және индус­триялық аймақтар жөнін­дегі заңнамаларды жақ­сартқан жөн. Жолдауда қаражатты нақты экономикаға дейін жеткізудің тетіктерін жетілдіру бойынша міндет қойылды. Квазимемлекеттік сектордағы сыртқы және ішкі займдарға егжей-тегжейлі мониторинг және бақылау жасау қажет. Депутаттарды осы саладағы заңнамалық жұмысты жүргізу ісі күтіп тұр.
Бесінші.
Қаржылық реттеуші ретінде Ұлттық банктің превентивті режімде жұмыс істеуі қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Демек, оған банктерді бақылау үшін заңнамамен көбірек мүм­кіндіктер берген жөн. Бұл жеке банктердің қызметінің күйреуіне, соңынан мемлекеттің есеп айырысуына тура келетін жағдайларға жол бермеу үшін қажет. Сондай-ақ, бизнесті дамыта отырып, біз саламатты бәсекелестікке жағдай жасауымыз қажет. Яғни бағалық және тарифтік, оның ішінде сату мен сатып алудағы сөз байласуларды анықтау және жолын кесу жөніндегі құқықтық тетіктерді жақсарту керек.
Алтыншы.
Бүкіл әлемде сақтандыру – аза­маттарды әлеуметтік қор­ғаудың маңызды жағы, ал сақ­тандыру ұйымдары – ірі инвес­­торлар. Біздің елімізде де сақ­тан­дыруды дамытып, сақтан­дыру қызмет­терінің деңгейі мен қол­же­тім­ділігін көтеру қажет.
Жетінші.
Дәрі-дәрмектер айналымы да маңызды әлеуметтік мәнге ие. Осы саладағы баға өсуінің алдын алатын шаралар қажет. Сондықтан да дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар айналымын реттеп отыру керек. Қазақстандықтардың қолже­тімді, сапалы және қауіпсіз дәрі-дәр­мекті пайда­лануға құ­қық­­тары бар. Бұл бизнес қана емес – бірінші кезекте, ол әрбір адамның денсаулығы, ұлт сау­лы­ғы.
Сегізінші.
Соңғы уақытта цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері айрықша өзекті бола түсті. Ұлт жоспарында ақпарат­тық қоғамды дамыту жөнінде нақты міндеттер қойылған. Заң жобасы сіздердің қарауыңызда жатыр. Бірақ оның екінші жағы да бар. Тек соңғы үш жылда ғана интернетте құқыққа қарсы контент 40 есе өсті. Демек, бізге сенімді «Қазақстанның киберқалқаны» қажет. Біз оны жасауды кейінгі қалдыра алмаймыз. Еліміздің, мәдениетіміздің, өз құндылықтарымыздың мүд­де­лерін қорғау қажет. Бұл – қауіпсіздік мәселесі. Оның сыр­тында қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі айрықша назар аударуды талап етеді. Саланы дамыту үшін тиісті министрлік құрылды. Министрліктің өз жұмысын толыққанды жолға қоюына жағдай жасайтын заң жобасы биыл Парламентке енгізілетін болады. Оны шұғыл түрде қабылдау қажет.
Тоғызыншы.
Құқық қорғау жүйесіндегі ре­фор­маларды одан әрі жалғас­тыру арқылы қылмыстық процесті жаңа деңгейге шыға­рып, құқық қорғау орган­дарының жұмысын халық­аралық стан­дарт­­тарға жақын­дату қажет. Аза­мат­тар мен бизнеске әкімші­лік қы­сым жасау проблемасы бұ­рын­ғысынша өткір күйінде тұр.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс нормалары көп­теген жағ­дайда қысым жасау тетігі ретінде қолданылады. Ал ол кәсіпкерлікке кедергі кел­тіруде. Үкімет әзірлеген түзе­тулер азаматтар мен бизнеске жасалатын қысымды барынша азайтатын болады. Бұл түзетулерді жыл соңына дейін қабылдау қажет. Бұдан бөлек, биз­нес ортаны жақсартуға, бақылау-қадағалау функцияларын қысқартуға, бизнестің кемшіліктерін төмендетуге бағыт­талған заң жобасы әзір­ленді. Оны да осы сессия аясында қарастырған жөн. Заңдар­дың орындалуына бақылау жасауға назар аудару қажет. Бұл жұмыс­қа, өз өкілеттіктері шең­берінде, депутаттық корпус та атсалысуы керек.

Дастан ҚАДЫР,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру