АҚШ-пен стратегиялық серіктестік өте маңызды

0
110

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, өзге мемлекеттермен тең құқылы және екі жаққа да тиімді қарым-қатынас жасау үшін, мемлекеттермен өзара ынтымақтасу мақсатында 1991 жылы тәуелсіздік алған сәттен бастап, 130 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан еді. Cодан бері Қазақстанның сыртқы көпвекторлы саясаты көптеген елдерде түсіністікпен қабылданды. Дамудың даңғыл жолы жоқ, оның да бұралаңды, бұлталаңды тұстары көп. Бір жақсысы Қазақстанның алдына қойған мерейлі міндеттері бар. Солардың ең маңыздысы – «Қазақстан -2050» стратегиялық бағдарламасы.
Ауа жайылмай 2030 жылға қарай әлемдегі дамыған 30 елдің қатарында болу мақсаты біздің қимылымызды нысаналы ете түседі. Сол үшін біз енді «кімдермен жақсы болуымыз керек?» деген таңдау тұр. Рас, жақын көршілермен тату тұру қажет. Алайда геосаяси ахуалда дүние жүзі бойынша алпауыт елдер саналатын Ресей, Қытай, АҚШ-тың да Қазақстанда өз мүдделері бар. Ресейдегі ұлыдержавалық шовинистік пиғыл Қазақстанмен тең құқылы әріптестік байланыс орнатуға үнемі кедергі жасап келеді. Жеме-жемге келгенде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі қарым-қатынастарда Ресей мүддесі басым болып кетіп жатқан тұста орыс елімен тең құқылы экономикалық байланыс орнатудың келешегі күмәнді әрі сенімсіз. Солтүстіктегі көршіміз өркөкіректігін қоймаса талай ниеттестерінен айырылары анық.
Қазақстанға қатысты Қытай елінің де өзіндік ішкі есебі бар. Қытай оқу­лықтарында тарихи тұрғыдан Қазақ жері­нің Балқашқа дейінгі бөлі­гін өз­дерінікі деп санайтын ұғым қалып­тасқан. Сондықтан айдаһар елімен байланыстардың да опасы аз, бетіңе күліп тұрып, көптеп қарыз беріп, шырмап алып, артынан экономикалық тұрғыдан қыса салудан тайынбайды. Қазіргі ахуалда жақыны да, пайдалысы да – АҚШ. Мұхиттың арғы жағы десек те, алыстан сыйласқан Америкаға сенім артуға болатын сяқты.
Десек те, Қазақстанның АҚШ-пен ете­не байланыста болуы Ресей мен Қы­­тайға онша ұнай қоймасы анық. Дәл қазір біз оларға кіріптар болмағандықтан, онша сескене қой­май­мыз. Ал Америка Құрама Штаттарымен мәдени, достық байланыстарымызды дамыта түскеніміз жөн. АҚШ мұнайымызға алғашқылардың бірі болып қол жеткізді де, біздің елі­мізге көзалартушылығы жоқ. Ауған­стандағы ахуалды тыныш­тандыруға байланысты бізді серіктес санайды. Осындай ұтымды сәтте олардың озық технологияларын алып қалуға ұмтылуымыз тиімді. Қазір біздің елімізде табиғи газ кеніштерін игеру, су ресурстарын пайдалану, қайталанба қуат көздерін дамыту салаларында жетіспеушіліктеріміз баршылық. Осындай жетіспеушіліктердің орнын толтыру үшін АҚШ-пен селбесе отырып, селбестіктің нәтижесін өз пайдамызға шешкеніміз жөн.
Бір қуанарлық жәйт, 1991 жылы 25 желтоқсанда АҚШ алғашқылардың бірі болып Қазақстан тәуелсіздігін таныды. Әуел баста Қазақстан өзіндегі ядролық қарудан бас тартып, әлемдегі бейбітшілік ісіне үлес қосқаны АҚШ-қа қатты ұнады. Бүгінгі күнде Қазақстанның Ауғанстандағы АҚШ әскерлеріне көмек беруі, терористерге қарсы күресте тізе түйістіруі әрине АҚШ-қа да өте тиімді.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы эко­номикалық, саяси, әлеуметтік қа­рым-қатынас біртіндеп жақсара түсті. Соның нәтижесінде Қазақ­стан­дағы америкалық компаниялар ел экономикасына 50 миллиард доллардан астам қаржы құйып, бес мыңға жуық жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік жасаған. Және «Боинг» ұшақтарын сатып алуды, Қазақстанда 900 электровоз салуды және ауыл шаруашылығы саласындағы байланысты арттыруды биылғы жоспарға қойып отыр.
Екі мемлекеттің экономикалық байланыстарының дамуында біздегі мұнай өнеркәсібі маңызды рөл атқарады. Америкалық капиталдың және әлемге танымал америкалық мұнай компанияларының белсенді қатысуымен Қазақстан өзінің мұнай өнеркәсібін жаңа сапалық деңгейге көтерді. АҚШ-пен сауда байланысында Қазақстан экспортының ауқымды бөлігін түсті металдар, рудалар, сирек кездесетін элементтер сияқты шикізат құрайды, әрі бірлескен энергетикалық жобалар еліміздің дүниежүзілік шаруашылыққа интеграциялануына, америкалық инвестициялардың ел экономикасына тартылуына айтулы ықпал етіп отыр.
Биылғы Құтпан жылғы құтты қадамдардың қатарында Қазақстан мен АҚШ президенттерінің Ақ үйдегі кездесуін атауға болады. Жетінші реткі жемісті сапар, әрине дүние елдерінің бірқатарында қызғаныш туғызғаны анық. Алпауыт елдің ағасы Дональд Трамптың Елбасымызға деген өзгеше ықыласы, өзге ел назарынан тыс қала қоймады. Ақ үйдің кез келген президентке жылы қабақ таныта бермейтіні белгілі, сондықтан осы жолғы ақ түйенің қарны жарылған ақ сапардың бізге берері көп деп үміттенеміз. Жүзінен күлкі ескен Дональд Трамп Қазақстанмен жаңадан жасалған маңызды келісімшарттарды табандылықпен жүзеге асырады деген үміт зор. Ол дегеніміз – Қазақстанның қарыштап дамуына, БҰҰ елдер алдындағы беделінің артуына үлкен үлес қосары анық. Қазақстанның жері кең, климаты әрқандай өндіріске тиімді. Ал жер асты байлығы мейлінше мол болғандықтан, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кету қауіпі да жоқ емес. Ол үшін АҚШ-қа арқа сүйей отырып, ішкі құрылымды реттеп, ел ішінен мамандар жетістіріп, озық техникалық құрылғыларды меңгеруге талпыныс жасау міндеттіміз. Біздің АҚШ-тың геосаяси ойындарында үнемі маңызды рөл атқара беруіміз де мүмкін емес. Сондықтан АҚШ-тың қазіргідей кеңқолтық саясат танытып отырған тұсын ұтымды пайдаланып, ұпайымызды түгендеп алғанымыз абзал.

Нұрбек КЕҢЕСБАЙҰЛЫ

Жауап қалдыру