АҚШ пен Иран текетіресі

0
124

АҚШ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісімнен шыққанына бір жыл толғанда Вашингтон мен Тегеран арасындағы тартыс ұлғая түсті. Мамыр айы басталғалы бұрын да өзара қырбай Америка мен Иран арасы одан сайын ушығып, әскери текетіреске ұласты. Америка Парсы шығанағына әскери кемелерін аттандырып та үлгерді. Иран шығанақтағы Ормуз бұғазын жауып тастауы мүмкін екенін айтады. Соған қарамастан әзірге екі жақ соғыс ықтималдығын жоққа шығарып, бір-біріне ескерту жасаумен келеді.

АҚШ ТАЯУ ШЫҒЫСҚА ЖОРЫҚ ЖАСАЙ МА?
АҚШ-тың Парсы шығанағына қосымша әскер жіберуі жайлы сөз біртіндеп шындыққа айналып келеді. Мамырдың 25-інде Америка прези­денті Дональд Трамп Таяу Шығыс аймағына 1500 әскер жібері­ле­тінін айтты. Бұған дейін осы аймаққа Аме­риканың 120 мың әскерін жө­нелту туралы сөз шыққан. Алайда пре­зидент Трамп бұл хабарды жоққа шығарған.
Ал мамырдың 23-інде Американың 10 мың әскерін шығанаққа жөнелту жайлы айтылғанда президент Трамп екіұшты пікір білдірген. «Иранға қарсы Таяу Шығыс­қа қосымша әскер аттан­дырудың қажеті жоқ. Ал қажет бола қалған жағ­дайда қанша керек болса, сонша әскер аттандыруға болады» деген АҚШ прези­денті. Трамп Иран­ның эконо­микалық жағдайы он­сыз да нашарлап, инфля­ция өршіп тұрғанын еске салған. Соңғы бір жылда Америка санкциясы сал­дарынан Иранның экономи­ка­лық ахуалы қиындай бастаған. Американың Иран мұнайы экспор­тына эмбарго салуы жағдайды одан әрмен күрделендіре түскені бай­қалады.
Соңғы күндері Американың Таяу Шығысқа аттандыратын қо­сым­ша әскерінің саны әртүрлі айты­лып жүр. Бұған дейін Аме­риканың осы аймаққа қанша әскер орналастырғаны нақты хабарланған емес, тек ондаған мың деген жал­пылама сан айтылады. Америка әскері Таяу Шы­ғыс­тағы Сирия, Ирак, Бах­рейн және Катар елдерінде орна­ласқан.

ТЕКЕТІРЕС ТӨРКІНІ
Үстіміздегі жылы мамырдың 11-і күні Оман шығанағында Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Норвегияға тиесілі төрт мұнай таситын танкерге шабуыл жаса­лып, оны ұйымдастырушы ретінде Йемен­дегі хуситтер күдікке ілінген. Әдетте хуситтердің «Ансар Аллах» ұйымын Иран қолдап келеді. Аме­рика осы оқиғаның алдында ғана Парсы шығанағына «Авраам Лин­кольн» әуе кемесі бастатқан әске­ри кемелерін, Б-52 бомбалаушы ұшақ­тарын және әуе шабуылына қарсы Patriot зымыран кешенін жіберген.
Оман шығанағындағы жағдайға Иранның қатысы қаншалықты екені нақты айтылмағанымен, мамырдың 25-інде Пентагон Иранның ислам революциясы сақшылары корпусын оқиғаға жауапты деп танитындығын жариялады. Вице-адмирал Майкл Гилди Вашингтонның бұған барынша сенімді екенін айтып отыр. Бірақ ол журналистер алдында сөзіне дәлел болатындай ештеңе көрсетпеген.
Осындай жағдайда Сауд Арабиясы Йемендегі хуситтер позициясын бомбалаған. Арасында Бағдаттағы қауіпсіз делі­нетін, елшіліктер орналасқан «жасыл зона» маңында болған жа­рылыстар да жағдайды шиеленіс­тіре түскен. Соның алдында ғана АҚШ Ирактағы елшілік қызмет­керлерін эвакуациялаған.
Биыл сәуір айында Америка Иран­ның ислам революциясы сақ­шы­лар корпусын «халықаралық террорлық ұйым» деп таныды. Иран да оған жауап ретінде АҚШ қарулы күштері орталық қолбасшылығын осындай ұйым ретінде танып, заң қабылдаған.
Ал мамырдың басында Иран ядролық келісім міндеттемесінің кейбірін орындаудан бас тартқан. Артынша Тегеран осы келісімге қатысушы «Еуропа одағы елдері 60 күн ішінде Иранның мұнай мен банк саласын АҚШ санкциясынан қорғаудың амалын табуы керек» деген талап қойған. Бұл талап орын­далмайтын болса, Иран ба­йытылған уран мен ауыр суды сатуды доғарып, елде сақтайтынын және 60 күннен соң байытылған уранды қайта өндіретінін ескерткен. Тегеран бұл шешім туралы келісімге қаты­сушы өзге елдерді – Фран­ция, Германия, Ресей, Қытай мен Ұлыб­ританияны құлағдар еткен. Тегеран келісімге қатысушы елдерді «АҚШ қысымына төтеп бере алмайды» деп танып, ядролық келісім мәселесінде «қауқарсыз» деп санайды.
АҚШ Иранның осы әрекетінен кейін іле-шала Тегеранға қарсы тағы да жаңа санкция салды.
Бұл оқиғалар Иранның ядролық бағдарламасы реттеу келісімінен Американың шығып кеткеніне тура бір жыл толған кезде өрістеп отыр. Аме­рикалық тарап Иран осы келісім талап­тарын орындамады деп есептейді. Вашингтон былтыр Тегеранға қатысты жаңа саясатын жариялап, Иранның ядролық бағдарламасы келіссөзіне қатысты 12 шарт ұсынған. Бұл талап Сирия, Йемен, Либан және Ирактағы қарулы топтарды Иранның қолдауын тоқтатуға, ядролық бағдарлама мен зымыран бағдарламасын тежеуге бағытталған. Америка ядролық бағдарлама туралы жаңа келіссөздің қажеттігін және Трамп та оған бе­йіл еке­нін айтқа­нымен, әзірге бұл бағытта қадам жасалған жоқ. АҚШ келісімнен шығып кеткен аралықта Халықаралық атом агент­тігі Иранның агенттік талаптары аясында әрекет еткенін айтқан.
Иран 2015 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі (Америка, Қытай, Ресей, Франция, Ұлыбритания) және Германиямен арада өзінің ядролық бағдарламасын реттеу туралы келісіміне қол қойған. Келісім ресми түрде Кең қамтылған біріккен іс-қимыл жоспары деп аталған. АҚШ былтыр мамыр айында осы келісімнен шығып кетті. Келісім бұдан бұрын салынған санк­цияларды доғаруды көздейтін еді.

СОҒЫС ҚАУПІ БАР МА?
Америка мен Иран басшыларының мәлімдемесіне қарағанда, екі жақ та соғысты қаламайды. Алайда шығанақ маңайындағы Иран тұрғындары 1980 жылы Ирак Иранға қарсы соғыс ашарда да жағдайдың осындай болғанын айтады.
Бір апта бұрын президент Трамп Иранға соғыс ашпау туралы ескерту жасаған. Трамп өзінің Twitter парақ­шасына «Иран шабуылдайтын болса, түбіне жетеді. Бұдан былай АҚШ-қа қоқан-лоқы көрсетуші болмаңдар!» деп жазған.
Иран сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зариф те Twitter желісінде Трампқа жауап берген. «Трамп Ескендір, Шыңғыс және басқа да басқыншылар жасай алмағанды жасағысы келеді. Басқыншылар кетті, ирандықтар (мыңдаған жылға) қалды. Экономикалық терроризм мен геноцидтік ескертулер «Иранның түбіне жете алмайды» деп жазған ол.
Екі арадағы шиеленіс күшейгеннен бері Вашингтон да, Тегеран да соғысқа «дайындалып жатпағанын», «соғысты қаламайтындарын», «бірін­ші болып соғыс ашпайтын­­дарын» білдірген. Иран революция­сының жоғарғы көсемі Әли Хаменеи «соғыс болмайды» десе, президент Хасан Роухани келіссөзді қалайтынын, алайда жағдайдың оған сәйкес еместігін айтқан. Иран Америка мүд­делі келіссөзге де бармайтынын, соғысты да құп көрмейтінін білдіріп отыр. Алайда соңғы күндері Иран өкілдерінің өзге елдерге, Иранға бағытталған өзге ел өкілдерінің де жоспарлы-жоспарсыз сапары жиілеп кетті. Сондай сапар­лар­да Америка мен Иран ара­сында үшінші бір елдердің араағайындық жасау жайы да талқыланып жатыр.
Алайда бүгінде АҚШ аза­мат­тары Иранмен арада соғыс болатынына сенімді. Ipsos компаниясының сауал­намасына қатысқан аза­мат­тардың 51%-ы осы уәж­демеге сенім білдір­ген. Ал сауалнамаға қатыс­қан­дардың 60%-ы соғысты бірінші болып Иран бастауы керек екендігін айтады. Сондай-ақ, 70% азаматтар Иран бірінші болып соққы жасаған жағдайда, АҚШ та есе қайтару керектігін, жауапты соққы жасауы тиіс екендігін білдірген. Ал 39%-ы АҚШ Иранға қарсы ауқымды соғыс операциясын жүзеге асыруы тиіс деп білген. Ал сауалнамаға қатысушылардың 53%-ы Тегеран билігін АҚШ-қа қауіп төндіруші күш екендігін әрі оған шындап қарау керектігін жеткізген. Сауалнама үстіміздегі жылдың 17-20 мамыр күндері жүргізілген. Оған мыңнан аса азамат қатысқан.
Ирандықтар әлемдегі мұнай тасы­малындағы негізгі артерия­ның бірі саналатын Парсы шығанағындағы Ормуз бұғазын жауып тастау туралы айтқанымен, оның да іске асуы күмәнді жағдай. Бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың 30 пайыздан астамы тасымалданады. Алайда бұғаздағы қатынаста Америка мен Иран бір-бірінің әскерін «террористік ұйым» деп атағанын ұмытып кететіндей әсер қалдырады, бұғазға кіріп-шығуда әзірге кідіріс жоқ. Бұл – ислам революциясынан кейін Иран Америкаға қарсы саясат ұстанған 40 жылдың ішінде өзгермеген жағдай.

Қуанышбек ҚАРИ

Жауап қалдыру