0
85

18-маусым күні Үкімет жанынан құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысы Алматы облысы Талғар ауданындағы “Байсерке агро” агроөндірістік кешенінде өтті. Бес сағаттан астам уақытқа созылған отырыста 73 адам сөз алып, мәселеге қатысты өз көзқарастарын білдірді. Облыстағы барлық аудандар да аталмыш шарадан қалыс қалмай, селекторлық байланыс арқылы мәселеге үн қосты. Жиын қорытындысы бойынша тараптар жерді қазақстандықтарға 49 жылға жалға беруді қайта қолға алу жөнінде ортақ шешімге келіп, Парламентке нақты ұсыныстар тасталатынын айтып тарасты.
Комиссия отырысы бұған дейін төрт мәрте ұйымдас­ты­рылғанына қарамас­тан, оған қа­тысушылардың ұстаным­да­рында қарама-қайшылық анық бай­қалды. Оны жиында сөз алғандардың пікіріндегі әр­қи­лылықтан көрдік. Бастап­қыда Жетісу өңірінің шаруалары өз көзқарастарымен бөлісті. Олар­дың дені жерді дұрыс игеру, оның құнарын арттыру мен жаңа технологияларды тарта отырып, ауыл шаруашылығына инновация әкелудің қажеттілігін басшылыққа алып, жерді шетел азаматтарына жалға беру мәселесін қолдайтындықтарын айтты.
Облыстағы шаруалардың бірі Асқар Сүлейменов шаруа­шылығындағы нақты мысалдарды келтіріп, өзі қолданған тәжірибе жайында сөз қозғады. Ол, соңғы бірнеше жылдан бері шетелдіктермен келісім жасап, бірлесіп жұмыс істеп жатқан көрінеді.
«Бүгінде италиялық агроном­дармен жұмыс iстеудеміз. Олар былтырдан бастап топы­рақтың құнарлылығын, өнiм өткiзу нарығын бәрiн зерттеп, жоспар жасады. 1300 гектар жерге жаңа технологиямен жүгерi ектi. Бұл бiзге жердi игеру технологиясын меңгеру үшiн аса қажет. Бiрақ мен оларға шарт қойдым. Олар таза пайданың тек 49 пайызын ғана алады. Соңында жер де, келген техника да, үйренген білім де өзімізде қалады. Тек бастапқыда осылай басын ашып алса болғаны», – дейдi шаруа.
Ал ірі шаруа қожалығының иесі Советбек Еркінбайұлы жерді өз азаматтарымызға са­туға да, ұзақ мерзімге жалға беруге де рұқсат берген жөн дейді. Өйткені, жер текке қурай қаптап жатпай, елге пайдасын тигізуі керек. Ал бүгінгі күннің күйіп тұрған мәселесі, шетелдік­терге жалға беру мәселесінен қор­қа­тын ештеңе жоқ деп есептейді.
«Шет мемлекеттерден келетiн азаматтарға жер сатыл­майды, тек жалға берiледi деп айтылды. Оларға жалға беруден бiз неге қорқамыз? Бiз тоқым­дай жерде отырған жоқпыз ғой. Қазақстанның кең байтақ жерiнiң көбiсi игерiлмей жатыр ғой. Сол жердi олар игерiп беретiн болса, инвестициясын әкелiп, ғылыми негiздегi жетiс­тiк­терiмен өз үлесiн қо­сатын болса, бiз неге қор­қуымыз керек? Менiңше, жалға беру қажет, бiрақ ол мемлекеттiң, би­лiк­тiң қырағы бақы­лауында болуы тиiс. Екiншi, олар бiздiң жерге келiп, жұмыс iстеген уақытта топырлатып, өзiнiң азамат­тарын әкелмей, бiздiң жергiлiктi тұрғындарға білім берiп, жұмысқа алуын міндеттеуіміз керек, нәтижесінде кейiн жерге, оны игеру тәсілдеріне өз азаматтарымыз ие болып қалады», – дейдi шаруа қожалығының иесі.
Жетісулық шаруалардың пі­кірі тыңдалған соң, сөз кеңес отырысына жанашыр ретінде келгендерге берілді.
Алғашқылардың бірі болып ойын ортаға салған «Жас-Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбаев мәселені созбай, тезірек нүкте қойылуға тиіс екендігіне назар аударды.
«Жас Алашпен қатар бірнеше республикалық басылым­дар мен интернет порталдар жер шетелдіктерге жалға бе­ріл­месін, қазақстандықтарға са­тылмасын дегенді көтеріп, мың­даған қолдаушыларды тап­ты. Бұл халықтың аталған ре­фор­маларға мүлде қарсы екендігін айқын аңғартады. Мәселе түсінікті ғой. Неге соза береміз?! Жер сүт емес қой сапырып, маңызын алатын. Жердің меншік иесі болуы керек деген әдемі сөздермен, ойларын жү­зеге асырғысы келеді. Жер­ді 49 жылға беру, меншік иесі табылды деген сөз. Бұл бір. Екіншіден, жерді банкке кепілге қою керек дейді. Жер тауарға айналмауы керек. Олай болғанда халық алып-сатарлар мен алаяқтарға жем болады. Үшіншіден, бәрі инвестицияны желеу етеді. Қазақтар о заманнан бөтеннің қаржысынсыз-ақ баянды ғұмып кешіп келді емес пе?! Одан да ауыл ша-руа­шылығын дамытудың әдіс-тәсілдерін жетілдірейік. Оған қаражат жоқ болса, парла­мент­тегі мырзалар отырсыздар ғой, офшорда жатқан жым­қы­рылған миллиардтарды қай­таруға заң шығарыңыздар. Бюджетте иге­рілмей жатқан ақша­ларды жерді игеруге салайық!», – деді Рысбек Серсенбаев.
Келесі болып пікір білдірген желтоқсаншы Хасен Қо­жа-Ахмет, құрамына 99 пайыз мем­лекеттен жалақы алатын комис­сияның халық күткен шешімді шығаратынына күмән­мен қарайтынын мәлім­деді. Сон­дықтан ұлт белсенділерінің басын қосып, комиссия жұ­мы­сын бақылайтын, комитет­тің құрылып жатқанын айтты. Сондай-ақ жер реформасының шетел­діктерге жалға беру, қазақ­стандықтарға сату жөнін­дегі баптарына түбегейлі қар­сы­лықтарын білдіріп, жерге бай­ланысты шикілік 1993-94 жылдары жер жекешелендіріл­генде орын алғандығын алға тартты.
Жер реформасы бойынша рес­публикалық комиссия ше­­шім­дерінің орындалуын қа­дағалау жөніндегі жұмыс то­бына жетекшілік ететін Дос Көшім, осы бүгінгі бесінші оты­рысқа дейінгі жинақталған ой-пікірлердің өзі алғашқы аралық қорытынды жасауға негіз жасап отыр деп есептейтіндігін айтты.
«Менiң ойымша, бiр аралық шешiм шықты және оны Парламентке беру керек сияқты. Ол – жердi жалға берудi қайта ашуымыз керек. Өйткенi, қазiр жердi жалға беру тоқтатылды ғой. Осы жерде сөйлеген азаматтардың бәрiнiң бiр нүктеден қосылған жерi – жердi 49 жылға жалға берудi әрi қарай жалғастыру қажет. Ешкім осыған қарсы болған жоқ, қайта бәрінің айтатыны осы. Осыны бiздiң аралық шешiм ретiнде Парламентке беруге болады», – дедi Дос Көшiм.
Осы орайда саясаттанушы өзінің бастапқы ұстанымынан тайқымағанын айтып, ойын Алашорда құжаттарының бірінде жазылған жерге қатысты бір үзіндімен жалғады.
«Осыны оқып, риза болдым. Олар былай депті: Жер, жердің үстіндегі түгі, оның астындағы кені – Алаштың мүлкі болып табылады», – деді. Мемлекеттің емес, тағы да қайталаймын. Мем­лекеттің емес, Алаштың мүлкі. Ал Алаш дегеніміз, ол – халық. Жер – халықтың мүлкі. Сіздер болса, соны сатайын деп отырсыздар», – деді Д.Көшім.
Жер реформасы жөніндегі комиссияның құқықтық бағыты бойынша жұмыс тобына жетекшілік ететін М.Тайжан латифундистерге қарсы прогрессивті салық түрін енгізуді ұсынды. Бұл олардың тым көп жер алуларына жол бермейді дейді ол.
«Азаматтардан бiр жақсы ұсыныс түстi, ол – прогрессивтiк жер салығын енгiзу. Бұл латифундистерге қарсы нақты қадам. Әр облыста норма болуы керек, егер осы нормадан екi, үш есе көп жер бiр қолда болса, онда салық екi есе, үш есе көп болсын. Және бастысы, бұл ақшаны бюджетке салмай, зейнетақы қорына аудару керек. Қаражатты зейнетақы қорына ИНН арқылы әр азаматқа ай сайын құюға болады. Сонда инфляцияға әсер етпейді. Азаматтар оны ай сайын пайдаланбайды, бiрақ жерден пайда көрiп отырады», – деді М.Тайжан.
Жиын барысында комиссия мүшесі Ақылбек Күрішбаев, аграрлық ғылымды дамытпай, ауыл шаруашылығының өркен­демейтініне назар аударды.
Оның айтуынша ауыл шаруа­шылығы саласында «Бизнестің жол картасы-2020» сынды өте жақсы, жан-жақты талқыланған бағ­дарламалар қабылданған. Алайда үкімет соны дұрыс жүр­гіз­беуде.
«Аграрлық ғылым – ауыл шаруашылығының іргетасы. Ашық айтатын болсақ, бізде бұл іргетас өте аласа. Үздік ғалым­дарымыз жұмыс істеп жатыр. Алайда олар аз. Бір мысал, келтірейін. Еуропаның орта­сында орналасқан Голландия деген мемлекеттің жері 41 мың шаршы метр екен. Біздің Алматы облысының бестен бір бөлігі. Бірақ Голландия жы­лына 50 млрд АҚШ долларына ауыл шаруашылық өнім­дерін экспорттайды. Ал біз бүкіл Қазақстан болып 5 млрд дол­лардың өнімін шығарамыз. Міне, біздің әлеуетіміз осындай. Голландияның министрлік басшыларынан мұның сы­рын сұрағанымда: «Біздің бір-ақ құпиямыз бар, аграрлық ғылым жақ­сы дамыған», – деді. Сон­дық­тан, біз аграрлық ғы­лымды қолға алуымыз керек», – деп атап өтті А.Күріш­баев.
Комиссия отырысы барысында кезекті кездесуді өткізу мәртебесіне ие болған Алматы облысының агроөнеркәсіптік әлеуеті баяндалды. Өңір басшы­сы Амандық Баталов, Ал­ма­ты облысының ішкі мүмкін­діктеріне тоқталды. «Ал­маты облысы – еліміздегі агро­кә­сіп­керлік дамыған ірі өңір. Рес­публикадағы ауыл шаруа­шы­лығы өнімінің 16 пайыз­дан астамын біздің облыс өнді­реді. Өткен жылы 22 мың жұмыс орны ашылды, ауыл шаруа­шылығы саласында 490 млрд теңгенің өнімі өндірілді», – деді А.Баталов.
Оның пікірінше, Алматы об­лысының әлеуеті бұдан да жоғары. Өңірге Үкімет тарапынан уақытылы қолдау көрсе­тіліп жатыр.
«Елбасының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына субсидия ретінде 22 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жаңа осында ешқандай көмек көрсетіліп жатқан жоқ деп айтып жатыр. Айтыңызшы, қай мемлекетте осындай қолдау көр­сетіліп жатыр?» – деді облыс әкімі.
Айта кетерлігі, Бақытжан Са­ғын­таев комиссияның бұл жол­ғы отырысына соңғы рет төра­ғалық етті. Ендігі кезекте комиссия отырысы екі аптада бір рет ұйымдастырылып, оған ҚР ауыл шаруашылығы министрі және ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Мырзахметов төрағалық етпек.
А. Мырзахметов екі аптада бір мәрте басқосу, жинақталған материалдарды толық зерттеп, зерделеп алуға кеңінен жол ашатынын айтты. Сондай-ақ ол комиссия топтары бастапқы қарқынды сәл бәсеңдетіп алған­дығын, оның жұмысын шира­тыңқырау керектігін баса на­зарға салды.
Отырысты қорытындылаған Б.Сағынтаев, комиссия жұмы­сына белсене араласқан оның барша мүшесі мен қонақтарға алғысын білдіріп, бірқатар нә­ти­желердің жайын баяндады.
«Бүгінгі жиынымыз 5 сағат­тан астам уақытқа созылды. Жалпы 73 адам сөз сөйледі. Отырыс барысында өздеріңіз куә болдыңыздар, ешкім шет қалған жоқ, жиналған, сөйлеймін деген жұрттың бәріне мүмкіндік берілді. Негізгі пікірлердің қарасы да белгілі болып қалды. Көптің көзқарасы жерді 49 жылға өз азаматтарымызға жалға берудің айналасында тоғысты. Енді осыған сай нақты әрекеттер жасалады. Екінші мәселе, шекара маңындағы жерлер. Бұл сұрақ та бір жүйеден шығып келе жатыр. Мысалы, бізде заң бойынша жерді шекарадан үш шақырым қашықтықтан ғана жалға беруге болады. Осыған дейін оны 100-200 шақырымға жеткізу туралы ұсыныстар айтылды. Енді, бұл жағын мамандар шешуі керек. Тағы бір мәселе – жайылымдық жер. Яғни, ауыл тұрғындарына ауылдың айналасынан белгілі бір радиуста жайылымдық жер беру. Оның ені 10 шақырым бола ма, 20 шақырым бола ма, оны да шешу керек. Негізі біздің жұмысымыз әлі де жемісті болатынына сенімдімін. Ешқайда комиссиядан шығып кетейін деп жатқаным жоқ. Жұмысымызды әлі де жалғастырамыз. Комиссия мүшелеріне және жалпы осы мәселеге қатысты пікір білдірген азаматтардың бәріне алғысымды білдіремін», – деді Б.Сағынтаев.
Жалпы алғанда комиссия оты­рысы ашық өтті. Сөз еркін­дігіне шектеу, көзқарастар мен ұстанымдарға тоқтау қойыл­мады. Билік пен халық өкілдері кедергісіз диалог құрды. Әрбір айтылған уәж елеусіз қалмады. Сонымен отырыстың шына­йы демократиялы пікірталас ала­ңына айналғанына куә болдық. Оны комиссия мүшелері де, Ба­қытжан Сағынтаев та ерекше атап өтті. Басталған игі істің қорытындысы да көптің күт­кеніндей оң нәтиже берсе нұр үстіне нұр.
Меліс Сейдахметов,
«Президент және Халық»
Алматы облысы

Жауап қалдыру