Жылқыжанды қария

0
250

Өнегелі өмір сүріп, өз ортасында сыйлы болып жүрген ел ағалары қаншама?! Қай өңірде де ойы жүйелі, сөзі киелі қариялар бар. Сондай ақсақалдың бірі – Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының Шебір ауылының тұрғыны, сексеннің сеңгіріне шыққан Есмырза Жаңбыршиев. Ол өтірікке жаны қас, шындықты ғана айтатын адам. Жалған сөйлегеннің бетін тіліп түсетін туралығын да жерлестері жақсы біледі. Жасынан жетімдіктің ащы запыранын татса да, жасымаған адам. Өмір бойы жылқышы болып, зейнеткерлік демалысқа шыққан. Ол 1931 жылы дүниеге келген. Балалары өсіп-өнді, өз алдына шаңырақ көтерген. Киелі Маңғыстау өңіріне барған сапарымызда көпті көрген қарияға сәлем беріп, сұхбаттасудың сәті түсті.
Есмырза Жаңбыршиев аталарынан бері қарай жылқышы болып келеді. 1942 жылы әкесі Жаңбыршы еңбек армиясына алынады. Колхоз белсенділері әкесі баққан жылқыны ауылға айдатып әкелгізіп, Жұмағали Жапақовқа санап бергелі жатады. Сол сәтті еске алған Есмырза ақсақал:
– Мен ол кезде 11 жаста едім. Жылқыны алып қояйын деп жатқан соң, бергім келмей, бақырып жыладым. Екі үйір айғыр жылқының ішінде төрт бием де бар еді. Сосын ферма меңгерушісі ақсақал өзгелерден: «Мынау жылқыны баға ала ма?» – деп сұрады. Бәрі де: «Баға алады! Туғаннан жылқының ішінде өсіп келе жатыр», – деді. Содан маған сеніп тапсырды, жылқыны шашау шығармай бағып кеттім.
Ол кезде соғысқа қажетті аттарды алып тұрды. Жылқыны айдап баратын адам табу қиын. 1943 жылы Орлов деген қалаға 150 ат алып бару керек болды. Аттарды алу үшін «полуторка» машинамен үш орыс жігіті келді. «Елтай» колхозында жылқы көп екен. Осы төңіректегі жылқыларды бір жерге жинады. Мен жылқыны тас қылып иіріп тұрған едім. Саржан Аташов деген ақсақал өзімен бірге: «Мына баланы аламын!» – деп мені таңдады. Қырдың үстімен Гурьевке (қазіргі Атырау) айдап бардым. Сол қалада аттар поезға тиеліп, Орловқа жөнелтілді. Мен бірге кеттім. Жолда жау ұшақтары поезды бомбылады. Составтың арт жағына түскен бомба вагонды айырып кетті. Аман қалдық. Ат алуға келген орыс жігіттері: «Сен жарайсың!» – деп менің арқамнан қағып жатыр…
Қазір тіпті кейбір қатыспа­ғандар да соғыс ардагері деген атақты иеленіп, арнайы зейне­тақы мен жәрдемақы ала­тынға ұқсайды. Мен ондайдан «нөлмін»! Бала-шағаның қасында, өз шаруашы­лығы­мыз­ға бас-көз болып жүріп жатырмын. Жасым сексеннің бесеуіне келді.
Жылқы баққан кезде алдыңғы қатарлы жылқышы атандым, құлынды көп алдым. Орскіге, Ақтөбеге жылқы айдалса, мен барамын. Гурьев пен Ақтауға да бірнеше рет жылқы айдап бардық.
Мені жылқы бағудан шы­ғарып та тастаған кездер болды. Кешегі Кеңес өкіметі заманында сол кездің басшылары мені қорқытпақ болып, бала-шағаммен бірге мың шақырым жерге далаға да тастап кетті. Бірақ кейін амал жоқ, кеңшар жылқысын бағу үшін қайта шақырды.
Ол заманда жылқыны алыс қырға шығарып бағатынбыз. Сол кезде сонау Арал теңізіне дейін, тіпті Мибұлақ деген жерге дейін баратын едік. Ащыбұлақ деген жерге де бардық, арғы жағында Шалқар 70 шақырымдай еді. Жылқының жауы қасқыр ғой. Күні-түні жылқының ішінде жүріп күзетемін. Көз ілмей жүрген күннің өзінде қасқырға той жегізіп алған кездерім болды. Ауылға жылқыны иіріп тастап, тамақ ішеміз. Алысқа үй ішімізбен бірге көшіп жүреміз. Әйелім Жәниба түйеге барлық жүкті артып алып жүреді. Тоқтаған жерге киіз үйімізді тігеміз. Жылқы баққанда «әй, кәпір» атанғаным жоқ. Шаруадан қалған жоқпын.
Өмір бойы жылқы бағып, атақ-абыройға бөлендім. 1984 жылы кеңшардың бір директорымен сөзге келіп қалып, 1 мың жылқыны 3-қараша күні тапсырып, 5-қараша күні жұмыстан шықтым.
– Жылқының қандай қасиет­терін ерекше айтар едіңіз?
– Жылқының табиғаты ерек­ше. Қазақ осы жылқының арқа­сында жаудан жерін қорғады. Жарысқа түсіп, бәйге алып, абыройы аспандады. Қазіргідей машина жоқ заманда халық жылқымен күн көрді. Кешегі Кеңес өкіметі кезінде бастықтар да ат мінді. Олар атты шартпен алады. Жиналысқа да сонымен барады. Жылқы деген қазақтың бұрынғы машинасы мен ұшағы!
Ат спорты қандай мерекенің де сәні ғой! Ертеректе 7-қара­шада, 9-мамырда жарыстар өтіп тұрды. Өзім бәйгеге ат қоса­тынмын. Талай рет жүлде алдым. Сонымен қатар жорға жарысына да қатысып жүрдім. Бәйгеге шабандоз болып балаларым шапса, жорға жарысына өзім түсіп, атымды жорғалатам. Мақтанғаным емес, жорға жарысының алдын бермедім. Бәй­геге ат қосуды қойғаныма 20 жылдай болды.
Өмір бойы баққаным адай жылқысы. Біреулер басқа жақтан бәйге аттарын әкеліп, айғыр ауыстырып жатады. Мен олай бірін де ауыстырмаймын. Осы адай жылқысының ішіндегі жүйрік биені тауып, соған жүйрік айғырды салып, жақсы тұқымын аламын.
Маңғыстаудың жылқысы әрі төзімді, әрі қайратты, әрі осы жердің табиғатына бейім болып келеді. Ертеректе Нұртас Оңдасынов деген басшы болды. Ол Бейнеуге келіп, әдеттегідей атшабыс емес, бірнеше күн­дік жарыс өтетінін айтты. Оған Түркменстаннан, басқа жақ­тардан да небір жүйрік аттар келді. Алпыс шақты ат қатысты. Әрбір 25 шақырым сайын аттарды белгілеп тұратын адамдар қойылды. Сонда біздің адайдың «Мажақай» деген кер аты жеке-дара бірінші келді. Адай жылқысының мықтылығын көр­сетті. Содан кейін ұзақ уа­қыт бойы ондай жарыс бола қойған жоқ. Ал осы соңғы жылдары қайтадан қолға алып жатыр екен деп естідім.
Туғаннан жылқының ішінде өскен соң, оның бүкіл қасиетін тани білеміз ғой. Қайсысы жүйрік, қайсысы төзімді болатыны құлын кезінен байқалады. Ат сатып алатын адамдар әлі күнге дейін маған таңдатады.
Бес жасымнан жылқы баққан­нан бері осы жануарға деген қызығушылығым басылған емес. Өзім мотоциклден екі рет жығылдым, машинадан екі рет құладым. Ал жылқыдан жығылып, ешбір жерім сынған емес! Жылқыны көрмесем, отыра алмаймын. Қазірдің өзінде балаларым тайларды ұстап, жалын күзеп, таңба басып жатса, мен сол қораға қамалған асау жылқылардың ішінде жүремін балаларым. «Сені жылқы теуіп өлтіреді!» – деп қорадан шығарып жібереді. Кейбіреуі теуіп те жатады, бірақ маған тимейді. Бала күнімде аттардың артында былаңдап жүріппін.
– Астыңызға мінген аттардың қандай ерекше қасиеті болды?
– Бір қызыл айғырды мініп, жылқы бақтым. Ол айғыр жылқыны шыр айналып жүреді. Бірде-бірін шашау шығармайды. Ауыздығын алып тастаймын, өзі шалып оттап жүреді, мен үстінде отырып, кейде қалғып кетемін.
Жылқы үркіп қашса, қасқырға жем болады. Үйірін қасқырға алдырмайтын ақылды айғырлар болады. Олар үйірді бір жерге иіріп қояды.
Өзім қасқырдың жауы болдым. Біразын қырдым кезінде. Атпен қуып та аламын, қақпан құрып та ұстаймын. Үйде 15 қақпаным бар. Жүретін жолына, өздері өлтірген малдың өлімтігіне құрамын. Осыдан он шақты жыл бұрын Тұщықұдық пен Шебірдің арасында бір күнде бес қасқырды қақпанға түсірген едім. Жас кезімде қасқырды атпен қуып келе жатып, қапталына келгенде, ұрып өлтіремін. Кейде мылтықпен атып аласың. Жалпы, машығым жылқы бағу мен қасқыр аулау болды.
Өзім жасымда білім ала алмай қалдым. Сауықшыл адам да емеспін. Бәйге болып жатқан кезде концерт көруге не басқа ойын-сауықтарға да бармаймын. Тіпті қазірдің өзінде теледидарды да көргім келмейді. Кейде бірін-бірі сүйіп жата ма, біздің көңілімізге қонымсыз көріністерді көрсетіп жатады.
– Бүгінгі ауыл тұрмысы туралы не айтар едіңіз?
– Қазір ауыл жағдайының кемі жоқ. Электр жарығы жанып тұр, көгілдір отын мен су үйге келіп тұр. Бұрын келіндер алыстан су тасушы еді, қазір су әкелемін деп азаптанбайды. Мысалы, ата-бабаларымыз киіз үйде, шам да жоқ жерде өмір сүрді, ол кезде ішке жарық түсіру үшін жалпылдақты жағатын еді. 80-нен асқан шағымда мынадай дәуренді көріп отырғанымның өзі бақыт. Ауылдағы әрбір үйдің кем дегенде бір-екіден машинасы бар.
Мен байлыққа қызыққан дүниеқор адам емеспін. «Еңбек етсең, емерсің» деген, мал да баққан адамға бітеді. Қазір жылқы мен түйелеріміз бар.
– Естуімізше, бірнеше жыл бұрын бір игі істің бастамашысы болған екенсіз. Соны өз аузыңыздан естісек…
– Тобықты деген жерде Бекет атаның мешіті бар. 2001 жылдың сәуір айы. Ұйықтап жатыр едім, бір ақсақал түсіме енді. Айқайлап ұшып түрегелдім. Кемпірім: «Не болды?» – деп сұрады. Айтқаным жоқ. Түрке деген балама: «Жүр, Тобықты деген жерге барамыз», – дедім. Машинамен 40 шақырым жердегі Бекет ата салған мешітке бардық. Ішіне кіріп, бір тайқазан, бір балта жатқанын көрдім. Қазан орнататын мосы тұр екен. Иесіз қалғаны байқалды. Ауылға келген соң, жан-дүнием елегізіп, отыра алмадым. «Атаның мешіті неге құлазып тұр?» деген ой санамнан кетпеді. Айналасында ештеңе жоқ. Адамдардың көптен келмегені көрініп тұр. Бір балдызыма айтып отырып, ауданға, депутаттарға шағым жаздым. Кейбіреулер: «Сенің қолыңнан не келеді?» – деп келемеж қылды. Бір ақсақалдар «Есмырзаның көріп жүргені бар жарты-ақ, болымсыз дүние», – деп күлді.
Содан бір жолы Әбіш Кекілбайұлы бір жерлесіміздің шешесіне көңіл айтуға келді. Кейін жиналыс өтті. Сонда мен сөз сөйлеп: «Ау, адайлар! Атаның мешітіне түнемелік үй неге салынбайды?» – дедім. Сол кезде Ә.Кекілбайұлы менің дұрыс айтып отырғанымды, бұл қолдауды қажет ететін бастама екенін айтты. Жерлестер тарапынан маған «енді облыс әкімі Болат Палымбетовтың атына өтініш жаз» – деген ұсыныс жасалды. Сол жерде жазып бердім. Арада көп күн өтпей-ақ Б.Палымбетовтен «Өтінішіңді қанағаттандырдық, 37 млн теңге қаражат бөлінді. Мешіттің жанынан үй салынады, су тартылады, электр жарығы жеткізіледі» деген мағынада жауап келді. Құрылыс қайта-қайта тұрып қалып, ақыры мешіт жанынан бір кішкентай үй салынды.
Арада біраз уақыт өтіп кетті. Облысқа басшы болып Қырымбек Көшербаев келген кезі болатын.
Тобықты мешітінің басына тәу етіп келушілерге арналып үлкен үй салынды. Естуім­ше, «КА-Строй ЛТД» деген құрылыс компаниясының Бас директоры Сәкен Есенкелдіұлы өзі қолына алып, өздері қаражат бөліп, бастан аяқ салып беріпті. Сәкен азамат жігіт қой, төрт үлкен үй салды. Оған халық риза, алғысымызды айттық. Тойнағы бөлек азамат екен, ондай жігіттерге Бекет атаның шапағаты тиеді, рухы қолдап жүреді.
Бір күні Тұщықұдыққа бар­ғанымда, бір азамат Бекет ата мешітінің жанына салынған қонақ үйдің ашылу салтанаты болатынын, оған облыс басшысы қатысатынын айта келіп: «Осы істі қолға алған өзіңіз емес пе? Сізді неге шақырмайды?», – деді. Ешкім мені шақырған жоқ. «Ойбай» деп үйге жанталасып келдім де, кемпіріме жеті нан мен бір қазы пісіртіп алдым да, көлікпен жолға шықтым. Балама: «қаттырақ жүр» – дедім. Келсем, төңіректің бәрі лық толы халық. Облыс, аудан басшылары, басқа да сыйлы қонақтар үйдің ішінде екен. Күзетіп тұрғандар мені ішке кіргізбейді. Мен оларды шетінен сыбап, бірін таяқпен ұрдым, алға жібермейді, бірі тонымды шешіп алды. Содан «Мына бір шал келіп бізді сабап жатыр» – деп айқай бас­талды. Іштегілер: «кіргізіңдер» де­ген соң, маған рұқсат берді. Әбіш келіп көрісіп, бетіме бетін тигізді.
Бірнеше адам сөз сөйлеген соң, қонақтар асығыс екендіктерін білдіріп, кетуге ыңғай­лан­ды. Әрең дегенде ең соңынан маған да сөз берілді. Тобықты мешітінің иесіз жатқандығын, оның қалай қолға алынғанын түгел айтып бердім. Содан Қы­рым­бек Көшербаев мені жақсы көріп қалыпты. Кейін Қызы­лордаға әкім болып кетті, барған адамдардан «Менің бір шалым бар еді, хал-жағдайы жақсы ма?» – деп сұрайтын көрінеді.
Сөйтіп, бүгінгі таңда Алладан рақым, пайғамбардан шапағат тілеген жандар Тобықты мешітіне барып түнейді, Бекет атаның рухына құран бағыштап, көңілдеріне демеу іздейді. Бұл да бір іске асқан елдің тілегі болды…
…Орамды ойы, пайымды пікірі бар Есмырза ақсақал осындай әңгімесін баяндай келіп, батасын беріп, елге алғысы мен тілегін айтып, бізді шығарып салды.
Айбатыр СЕЙТАҚ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жауап қалдыру