Жетісулық үлгілі отбасылар анықталды

0
112

15-маусым күні Талдықорған қаласы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңіндегі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов пен Астана қаласынан арнайы келген ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ляззат Жаңылысқызы қатысты.
Облыстық және аудандық ко­мис­сия үздік отбасыларды айқындау туралы шешім қабыл­дау кезінде отбасы мүшелері жетіс­тіктерінің саны мен маңызы, ата-аналарының және балалары­ның үлгі тұтарлық жетістіктері, отбасының өмір сүру салты, отбасының қоғамдағы беделі басшылыққа алыған.
Облыстық комиссия отырысы 6-маусым күні өтті. Онда аудан, қалалардан ұсынылған құжаттар мұқият қаралып, белгіленген критерийлерге сәйкес лайықты от­басылар іріктеліп, анықталды.
Комиссия шешімі бойынша І орынға Қапшағай қаласынан Угничевтер және Талғар ауданынан Ақанаевтар отбасы лайық деп танылды. ІІ орынды Ұйғыр ауданынан Бағбаевтар, Сарқан ауданынан Блескелдиновтар, Ең­бек­шіқазақ ауданынан Шоқ­паровтар отбасы иеленді. ІІІ орын Талдықорған қаласынан Қо­жах­метовтар, Ескелді ауданынан Мейірбековтер, Қарасай ауданынан Мамедовтер отбасына берілді.
Жеңімпаз атанған жанұялар­дың бірі Талғар ауданының атынан қатысқан Ақанаевтар отбасын – суретшілер династиясы десе артық айтқандық емес. Амандос Әтибекұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әдебиет және көркемөнер саласындағы еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол көптеген жүлделі орындарды иеленген атақты суретші.
Екінші жеңімпаз отбасы Қап­шағай қаласынан Угничевтер – жетім және ата-анасының қам­қор­лығынсыз қалған балаларды қамқорлыққа алған, үлгілі отбасы. Өздерінің екі қызына қоса 17 баланы қамқорлыққа алып тәр­биелеуде. Балаларының алды студент болса, кенжелері үш жасар бүлдіршін.
Жеңімпаз атанған Ақанаевтар мен Угничевтер жанұялары Ал­ма­ты облысы атынан Астана қала­сында өтетін Ұлттық кон­курстың республикалық кезеңі­не қатысады.
Сондай-ақ «Мерейлі отбасы» конкурсына қатысқаны және өне­гелі құндылықтарды жаң­ғыр­туға, отбасы мен некенің жа­ғымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға қосқан үлесі үшін 30 отбасы облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының алғыс хатымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Жауап қалдыру