Желімделген табақ

0
63

Қарт ағаш ұстасы әбден қартайып, көзінде нұр, қол­да­рында дәрмен қалмаған еді. Қолы қалтырағандықтан, қасы­ғын ұстай алмай, тамағын дас­тарханға төгіп алушы еді. Баласы мен келіні оған «ұқыпсыз» деп ашуланатын. Әсіресе, аузы­нан түскен тамағы оларды жиіркен­діретін еді. Ақыры, қарт кісінің дастарханын бөлек жерге жасап, өздеріне үстел үстіне дайындайтын болды.
Кішкентай немересі Асан атасының бұл халіне жаны ашып, тамақ жегенде атасының қолынан ұстап, төкпей жеуге көмектесуші еді.
Бір күні қарт кісі жасқа толы көзімен үстелдегілерге қарап отырғанда қолындағы ағаш табағын түсіріп алып, сындырып қойды.
Оның мұнысына баласы мен келіні бұрынғыдан да қатты ашуланып, көңіліне келер сөздер айтты. Осыдан кейін тамақты желімделген табақпен бере бастады.
Бір күні қарт ағаш ұстаның баласы әйелінің жемістерді желімделген табақтарға салып жатқанын көріп:
– Таста бұларды, – деді.
Асан желімделген табақтың екеуін алып қалып:
– Апа, бұларға тиіспе. Келешекте керек болады, – деді.
Әкесі білгісі келіп:
– Не істейсің оларды? – деп сұрады. Асан  былай деді:
– Қартайған кездеріңізде сіздерге де осы табақтармен тамақ беремін.
Асанның әке-шешесі қарияға істеген әрекеттері үшін қатты ұялып, оны қайтадан қатар­ларына алды…
Ағаш ұстасының ұлы мен келіні адам баласын жәннатқа апаратын ең игі істің – ата- анаға жақсылық жасау екенін білгендерінде, мүмкін олай іс­темес пе еді?!
Пайғамбарымыз өте жақсы айтқан:
«Аллаһ ризалығына ата-ананы қуантумен жетесің. Ал, азабын ата-ананы ренжітумен тартасың».

Жауап қалдыру