Жалпыға арналған «Жартының» кешені

0
18

Албан руынан тарайтын Жарты бабаға мемориалдық кешен ашылды. Ат шаптырып, бәйге үлестіріп, балуан белдестіріп, ас берілді. Түмен елге сауын айтылып, қалың ел жиналған жазиралы боз далада бой көтерген еңселі ескерткіш келешекте Жартының ұрпағы ғана емес, жалпының барып аялдап, тал-терек, самырсынның саясында аяқ суытып, бой сергітетін көрікті мекенге айналса игі.
Азан шақырып қойған Мұсыл­манбай ныспылы шақалақ шаранадан шала шығып, жарық дүниеге кем болып келеді. Бір қол, бір аяғы сал болып туған Алланың құлы Сүйерқұлдың сүйген ұлы Мұсылманбайды Жаратқан ырыстан кенде етпепті. Әкесі өмірден озған соң үлкен ағасы Қожбанбеттің қам­қорлығын көп көрген Жарты жігіт жасына жеткенде Дулаттан тарайтын Қошқарбай байдың Ақбикесін жар етеді. Кіндігінен Айдабол, Жандабол және қыздар өрбиді. Кенже ұлы Жайдабол жаугершілікте қаза табады. Айдаболдан екі ұл: Әзет, Нәзет. Әзеттен де екі ұл: Солтангелді, Таңатар, Нәзеттен Есбер, Қанай. Шонжы ауылының іргесіне еңселі ескерткіш орнатқан осы төрт жартыдан тараған ұрпақтары.
Олар ауыл, елді аралап жар­­тының ұрпақтарынан қомақты қаражат жинап, игілікті істі жү­зеге асырды. Аламанның ал­дыңғы бәйгесіне тігілген жеңіл автокөлікті де Жарты бабаның бүгінгі атымтай-жомарт ұрпағы тікті.
Мемориалды кешеннің салтанатты ашылу рәсімінде Қа­зақстанның Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, ақын Нұрлан Оразалин, Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов сынды азаматтар арнау сөз айтып, құттықтауларын жет­кізді. Кәсіби әртістер театр­лан­ды­рылған қойылым көрсетсе, ән­шілер тамылжыта шырқап, би­шілер мың бұрала билеп, жина­л­ған көпшіліктің көңілін серпілтті.
Далаға төселген боз кілем үстінде балуандар да белдесуге түсті. Түйе балуандар сынында бас бәйгені Руслан Әбдіразақов иеленді. Жартының тікелей ұрпағы Аслан Әшім де балуандығын паш етіп, жүлде алды.
Бесінге таяу атсейістер арғы­мақ­тарын алшаң бастырып бәй­гетөбе басына бет алды. Ал­дымен тай мінген шабандоздарды көмбеден айдады. Бауырын жаза көсілген тай бәйгесінде Қордайдан жүйрік қосқан Әділхан Шынтасовтың баптаған «Тұмар» атты тайы топ жарды. 2-орынды Ғалымжан Сатыбалдының «Елікторысы» еншіледі, 3-орынды қордайлық атбегі Мадияр Дастанның тайын мінген шабандоз иеленді.
Құнандар додасына қосылған жүйріктің мәреге жартысына жуығы жетпеді. Құнаннан дө­ненге өткен кейбір жүйрікті төрешілер байқап қап, дүбірден бөліп алып та қалды. Топырақты тұяқпен үгіп, шудалана өрген шаңнан көрінбеген көп жүйріктің арасынан алматылық Ибрагим Бөбекбаевтың «Алгоны» бірінші келді. Кегендік Ұлан Әрішевтің «Орынтай» атты жүйрігі екінші жетті. 3-орын талдықорғандық Жеңіс Смайловтың «Жүрек» аталатын қылқұйрығына бұ­йырды.
Жұрттың дегбірін кетіріп, делебесін қақтырған аламан бәйге де басталды. 25 шақырымдық аламанға 53 арғымақ айдалды. Тоғыз айналымдық аламанда қордайлық атбегі Мұрат Өсербаевтың «Аспархамын» тақымдаған шабандоз иеленді. Бәйгені көруге жиналған көпшіліктің «Аспархамға» деген құрметі алабөтен болды. Ат айдаушы жалауымен белгі беріп арғымақтар атырылған сәттен-ақ топтың алдына шығып алған Аспархам ақырына дейін қара түсірмей көмбеден жеке-дара өтті. 2-орынды Қарасай ауданынан ат қосқан Асқар Дінмұхаммедұлының «Айторысы» алды. 3-орын Жамбыл ауданынан келген Ұлан Омаровтың «Бұрханына» бұйырды.
Жарты бабаның бүгінгі ұрпақ­тары аламан бәйгеге жеңіл ав­то­көлік тікті, қалған жүлделі орын­дарға да қомақты сыйақы қой­ды.
Жарты бабаға арналған ке­шен­нің шаруасына кірісу был­тыр басталып, биыл бітті. Мәрмәр тасқа қашалып жазылған «жарты аман болса, жалпы аман» сөзі тегін айтылмаса керек-ті. Ұйымдастырушылар келе­шек­те кешеннің айналасын көрік­тендіріп, ағаш қадап, гүл егіп абаттандырамыз деп отыр. Құптарлық, қуанарлық іс. Заманында көптің күпті көңілін басқан, аузының дуасымен талайды тәубесіне түсірген Жарты бабаға қойылған мемориалды кешен келешекте қу медиен далада көптің жиі аялдайтын орнына айналарына сеніміміз кәміл.
Қуаныш КӨШЕК

Жауап қалдыру