Қызды қандай ер адамға ұзатқан абзал?

0
124

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Сендерге діні мен мінез-құлқына разы болатын біреу құда түсіп келсе, оны үйлендіріңдер. Әйтпесе жер бетінде сынақ болып, үлкен бұзықтық орнайды» (Термези риуаяты). Хатим әл-Асам деген ғалым былай деген: «Асыққан – шайтанның ісі. Тек бес жағдайда асығу – келген қонаққа ас беруде, мәйітті аттандыруда, балиғатқа толған қыз баланы ұзатуда, қарызды қайтаруда, істелінген күнәға тәубе жасауда асығу – Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетінен».
Түп негізі мұсылмандықтан туындайтын ежелгі қазақ дәс­түрі бойынша да бойжетіп тұрған қызды дер кезінде теңіне қосатын болған. Бойжеткенді кәмелетке жеткен шағында теңіне қоспаса, кейін оң жақта отырып қалып, екінші әйелдікке беруге мәжбүр болудан қорық­қан. Сондықтан да, «Тұзды көп сақтама – су болар, қызды көп сақтама – күң болар» деген сөз қалған.
Алғашқы толқын мұсылман­дары қызына лайықты жар таңдауда ең бірінші оның та­қуалы­ғына қараған. Оған мы­надай мысал бар. Сахаба­лардан кейін өмірге келген мұсыл­мандардың алғашқы толқыны – тәбиғин-ізбасарлар тобының көрнекті өкілі, ғұлама Сағид ибн әл-Мусәйәбтің қызын сол кездегі мұсылман мемлекетінің халифасы Абдулмәлік ибн Ма­руанның ұлы, тақ мұрагері Уалидке айттырғанда оған бер­мейді.
Арада біраз уақыт өткен соң қызын өзінің Әбу Уада деген кедей шәкіртіне қосады. Үзең­гілес жолдастары Сағидтан әмір­ші­нің ұлына бермеген қызын пақыр шәкіртке беруінің сырын таңдана сұрағанда ол: «Қы­зым – мойнымдағы ама­натым. Мен оның мүддесі үшін солай істедім», – деп жауап береді.
«Сонда оның мүддесі қандай еді?», – деп сұрағанда, ол: «Сол Умайя әулетінің сарайына кіргенде қызымның жағдайы не болар еді деп ойлайсыңдар? Онда үлде мен бүлдеге оранып, биік тақта отырар еді. Жан-жағында қызметшілер мен малайлар, күңдер мен кәни­зактар оған тік тұрып қызмет етіп тұрар еді. Кейін күйеуі әкесінің орнын басқанда халифаның жұбайы болып шыға келер еді. Сонда ол өзінің ұлық әміршінің жұбайы екендігін ұғынар еді. Қалай ойлайсыңдар, сол уақытта оның діні қайда қалады?!».

Жауап қалдыру