«Тұлға тану орталығында»

0
99

Еліміздегі іргелі, байыр­ғы жо­ға­ры оқу орында­ры­ның бірі – Абай атындағы Қа­зақ Ұлт­тық Университе­тінде студент-жастарға те­рең бі­лім берумен қатар оларды ұлт­жан­ды азамат етіп қа­лып­тастыруға да баса көңіл бөлі­ніп ке­леді.
Осы орайда білім орны­ның жа­нынан құрылған, Ұлы Отан со­ғысының батыры, каһар­ман Мә­лік Ғабдуллин атында­ғы «Тұл­ға тану орталығының» жұ­мыс­тарын айтуға болады. Орта­лық үш жылдан бері жұ­мыс істеп келеді. Құрамында осы оқу орындарының ұстаз-ғалым­да­ры бар бастама иелерінің басты мақ­саты – осында білім алып жүр­ген жастардың отан­шыл­дық сезімін баулуға, ел мен жері­не, халқына деген азаматтық парызы сезімін қалыптасты­ру­ды көздеген. Осы мақсатта көп­теген шараларды жүзеге асыр­ған. Айталық, айына бір рет жүйе­лі өткізіліп жүрген бұл шарада халқына қапысыз қыз­мет көр­сет­кен, есімдері ел тарихына алтын әріптермен жазылған талай тұлғаларымыз жөнінде жан-жақ­ты әңгіме болды.
Мәселен, тек биыл ғана Ер Жәнібек, Батыр Баян, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төле би, Құнанбай қажы жайлы тақырыптар көтеріліп, студент жастарға осынау тұлғалар жайлы тағылымды әңгіме айтыл­ған. Бір қызығы – осы орта­лық өз бастамаларын Алматы қала­сын­дағы өзге жоғары білім орындарында да жалғастырып жүр. Айталық, осындай маңыз­ды шара Төле би бабамыз туралы орталықтың басқосуы Алматы Қыздар педогогика институтында одан әрі жалғасты.
Тағы бір осындай тағыл­ым­ды жүзд­есу осы аптаның сейсен­бі­сі кү­ні Абай атындағы Қа­зақ Ұлт­тық Университетінің кең залында болып өтті. Бұл күн­гі тұл­ға тану сабағы халқы­мыз­дың хас батыры Райымбек батыр ба­ба­мызға арналды. Сту­денттерге лық толған кең зал­дағы бас­қо­суды осы «Тұл­ға тану ор­та­лы­ғы­ның» директоры, тарих ғы­лым­да­ры­ның докторы Д. Мұ­қатова кі­ріс­пе сөз­бен ашты. Ол сөзінде осы ор­та­лық­тың атқар­ған жұ­мыс­тары, мақ­сат-мін­дет­те­рі жай­лы аз-кем әңгі­ме­леп бер­ді. Содан соң осы білім орны­ның ұс­та­зы, тарих ғылым­дары­ның докторы Салтанат Ізтелеуова «Райым­бек батыр – отаншыл­дық­тың үл­гі­сі» атты баяндама жасады. Содан соң осы жиынға арнайы ша­қы­рыл­ған Райымбек баба жө­нін­де ғы­лыми-зерттеу жасап жүр­ген бел­гілі ға­лым­дар, жа­зу­шылар­ға сөз беріл­ді. Ал­ғаш­қылар­дың бірі болып сөз алған бел­гі­лі жазушы Ораз Қауғабай Райымбек батыр туралы, оның ер­лі­гі, кө­ріп­келдігі жайлы қы­зық­ты деректер келтіре отырып, сөз етті. Мұқ­тар Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институты­ның жетек­ші ғылыми қызметке­рі, ғы­лым докторы Гүлжаһан Орда, осы институттың бөлім меңгерушілері, ғылым кандидаттары Тоқтар Әлібек, Се­рік­қазы Қорабай батыр бабамыз жөнінде, жазып жатқан ғылыми еңбектері жайлы айтып өтті. Бір таңданарлығы – олардың айтуынша батыр бабамыз жөнінде Ресейдің мұра­ғат­та­рында жазбалар бар көріне­ді. Дегенмен, оны қолға түсі­ру мә­селесі де қиындап тұрға­ны жө­нінде пікірлерін білдірді.
Б­асқосу соңында осы Тұлға тану орталығының жетекші ма­мандардың бірі – халқымызға танымал қаламгер, батыр Бауыржантанушы ағамыз Мамытбек Қалдыбай сөз алып, қатысушы жастарға батасын беріп, батыр бабаларымыз­дың рухын жоғары көтеру олар­дың басты парызы екенін ашық айтты. Тұщымды әңгіме, ойға жетелейтін сөз арасында студент-жастар қазақтың қара домбырасымен жыр-термелер орындап, жүздесудің ажарын аша түсті.
Шайыр БАЙЫНҚОЛ

Жауап қалдыру