Өсек естігенде берер жауап

0
32

Ислам әлемінің ғұламасы Әбу Хамид әл-Ғазали: Өсек естігенде пәленше олай деді, былай деді немесе саған қатысты мынадай әрекет жасады, сенің артыңнан бір іс жасап жүр деген сияқты «жанашырлық» танытып жатса, оған қарсы мына алты нәрсені естен шығармаңыз, – дейді.
Ғұламаның алты кеңесі мынадай:
Біріншіден: Сөзіне сенбеу. Өйткені, сөз таситын адам, шариғат бойынша – пасық, куәлігі қабыл етілмейді.
Екіншіден: Оны тыю. Сөз тасып жүрген адамды бұл әрекетінен қайтарып, қайталамауға кеңес беру.
Үшіншіден: Кейіп тастау. Оның бұл әрекеті дұрыс емес екенін толықтай сезінуі үшін, оған Алла разылығы үшін ашулану.
Төртіншіден: Жақсы ойда болу. Сізге қатысты жаман сөз айтты немесе теріс әрекет жасады деп сыртынан өсек айтылып тұрған адамды жамандыққа қимау.
Бесіншіден: Тергемеу. Айтыл­ған сөздің ақ-қарасын ажырату үшін тың тыңдап, адамдардың айыбын әшкере етуге талпынбау.
Алтыншыдан: Өсекшінің әре­кетін қайталамау. Сөз тасу жаман әдеп болғандықтан, «пәлен маған мынай бір өсек айтып келген еді, оны тыйып тастадым» деген сияқты етіп айтуды өзі де өсек екенін біле жүрген дұрыс.
Бұл алты кеңестің алғашқы үшеуін орындасақ та, қалған үшеуі ауырлау екеніне келісесіз бе? Сонымен қатар, өсек қа­рапайым қарым-қатынасты да, жұмыстағы маңызды істерді де ойран етеріне тағы да бірауыздан келісеміз. Алайда, өсек нәжіс сияқты оған тиіскен адам ақ болса да, былғанады. Сондықтан, ғұлама айтқандай ақ-қарасын ажыратпау уақыт өте келе қаншалықты дұрыс шешім болғанын көрсететінінде де күмән жоқ.

Руслан ҚАМБАР
kazislam.kz

Жауап қалдыру