Санаға сәуле – ізгіліктен

0
66

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық, мақаласының жария­лан­ғанына жыл толыпты. Аты айтып тұрғандай ұлт руханиятын кемел келе­шек кепілі етіп алған бағдарламадан күтеріміз көп. Осы уақыт аралығында жер-жерде мақаланың мән-мағынасын түсіндіру кеңінен жүргізілді. Келелі кездесу, маңызды мәжілісі соны бастаманы жүзеге асуырудағы тек алғашқы қадам. Ал түптеп келгенде рухани жаңғыру сіз бен бізден яғни өзімізден басталады. Әр ісіміз игілікке бағыт алса, теріс қылық түзелсе, бо­йы­мыздағы жат әдеттен арылсақ рухани жаңғыруда жасалған ал­ғашқы әрі маңызды қадам сол бол­мақ. Осы орайда күнделікті өмірде жиі ұшырасып, көңілге кірбің түсіріп жүрген ке­лең­сіздіктердің бірі – ванда­лизм туралы сөз етпекпіз.
Вандализм ұғымы 455 жылы вандал тайпасының Римді тонап, дүние-байлы­ғын, өнер туындыларын қира­тып, та­лан-таражға сал­ған сә­тінен басталады. Содан бері бұл ұғым мәнсіз бұзу, бүлдіру әре­кет­­терін аң­ғар­тады. Өкінішке қарай, тұрғын­дар игілігіне қызмет етіп тұр­­ған дүниелерді бүлдіру дерек­тері әліге дейін азаймай тұр.
Жуырда ғана өткен жылдан бастап Қазақстан нарығына кірген Ofo компаниясының велосипедтерінің ұрланып, бүлініп жатқаны белгілі. Әлем бойынша 17 ел, 180 қалада жұмыс жасайтын қытайлық компания велосипедтерін қолжетімді ба­ғамен жалға алуға болады. Қал­тафонға орнатылған қо­сымша арқылы өзіңе жақын жерде тұрған велосипедті тауып, сол қосымшамен төлем жасап, жүйіткей жөнелесің. Жарты сағаттық серуен құны – 80 теңге. Діттеген жеріңе жеткен соң сол маңдағы арнайы орындарға апарып, тастап кете бересің. Осылайша қолдан-қолға өтіп, ел кәдесіне жарауы тиіс болған велосипедтер вандалдардың құрбанына айналды. Іздеуші иесі жоқтай көрінген оларды біреулер подъездеріне жасырса, жер үйде тұратындар аулаларына кіргізіп қойған. Көліктеріне қойша өңгеріп, қолды қылмақ болғандар да табылды.


Вандализм деректерін тізе берсең жетіп-артылады. Былтыр әсем Алматының көрікті жерлерінің бірі – 28 панфиловшылар паркіндегі Даңқ мемориалын белгісіз біреулердің бүлдіріп кеткені есте. Ал әлдекімдердің жиырма жасында Олимпиада чемпионы атанған Бекзат Саттархановтың қабірін бұзғандары туралы естігенде жұрт жағасын ұстады. Қаскөйлер Бекзаттың шаршы алаңда қол жеткізген бар жүлделерінің көктасқа орнатылған көшірмесін ұрлап кеткен. Арасында Сидней олипиадасының алтын медалінің көшірмесі де бар. Вандалдардың былтыр Алматы облысында 13 моланың қоршауын сындырып, белгітастарын құлатып кетуі барып тұрған сорақылық. Әйтеуір, көше шамдарын, парк орындықтарын сындыру, ойын алаңқайларын бүлдіру, қоқыс жәшіктерін, люк қақпақтарын ұрлау, ғимарат қабырғаларын түрлі сурет-жазумен ши-май-шатпақ қылу сынды айта берсе жетерлік деректер тыйылмай-ақ қойды. Осындай оспадар әрекеттерден жаның құлазиды. Жерге кірердей ұялып, іштей қынжыласың.
Өкініштісі, бұндай бұза­қылыққа барғандарды көп жағдайда анықтау қиынның қиыны. Сондық­тан келген шығын­ды ол мейлі мемлекет болсын, ком­пания, жеке тұлға болсын өзі өтеуге мәжбүр. Ба­қылау камералары ван­­дализм деректерін азайтуға сеп болатынын тәжірибе көрсетуде. Алайда тұтас мегаполисті каме­рамен жабдықтау өте қымбатқа түседі. Әрі ол мүмкін де емес. Сондық­тан адамдардың сана­сына сәуле түспей, мәде­ниеті көтерілмей бұл бұза­қы­лыққа тұсау салынуы не­ғай­был.
Санамалай берсең «рухани жаңғыруды» күтіп тұрған тұстарымыз жетерлік. Олардың денін базар маңы, темір жол, автовокзал секілді адамдар ығы-жығы болып жататын жерлерде жиі байқаймыз.
Олардың қа­та­рына былапыт сөз айтуды, қаумаласа қал­ған жерде түкіріп тұ­­ратын жаман әдетті, жан-жа­ғын қо­қыспен лас­тауды жатқызар едік.
Адам сана­сы­ның таяз­дығынан, мә­де­­ние­тінің тө­мендігінен хабар бе­ретін осынау жағымсыз әдет­терден өр­ке­­ниетті елдер әрқилы арылған. Бірі өзінің эволю­циялық дамуында мәде­ниетке қарай бой түзесе, бірі мәдениетті міндеттеу арқылы нәтижеге қол жеткізген. Айталық Сингапурда қоғамдық орында қоқыс тастаған үшін үлкен айыппұл салынса, Германияда көлікті автотұраққа дұрыс қоймаған үшін ғана айыппұл белгіленеді екен. Осындайда батыр Бауыржан Момышұлының «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі еске түседі. Осындай ережелер, қоғамдық тәртіпті қадағалаудың тетіктері біз­де де болса. Жоқ емес, бар-ау. Қоғамдық орынды ластау бізде де айыппұлға соқтырады. Бірақ оның орындалуын қадағалап жатқан кім бар? Тек айына, жылына өтетін рейдтерде ғана қадағаланатын болар. Осының өзіне жүрдім-бардым қарамай, жүйелі жүргізсек, бұл біртіндеп қоғамдық әдетке айналар ма еді… Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай «әдетің – мінезіңе айналады, ал мінезің – ол сенің өмірің». Санадағы үлкен сілкініс, санаға сәуле түсіру, сананың ашықтығы осындай қарапайым істерден. Сондықтан рухани жаңғыруды алыстағы аспаннан іздемей, әркім өзін түзеуден бастаса игі.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Жауап қалдыру