Құрбан айтта мал соятын орындар белгіленді

0
190

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аймақтағы өкілдері жергілікті әкімдіктің лауазымды қызметкерлерімен бірлесе еліміз бойынша Құрбан айт күндері мал соятын арнайы орындарды белгіледі, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
Сонымен биыл елімізде жер­гілікті мешіттер мен арнайы белгіленген 318 орында мал сойылады. Астанада (8 орын), Алматыда (21 орын), Алматы облысында (89), Оңтүстік Қазақстан облысында (36), Қостанай облысында (20), Пав­лодар облысында (11), Маңғыс­тау облысында (8), Шығыс Қа­зақстан облысында (23), Батыс Қазақстан облысында (13), Қарағанды облысында (24), Ақтөбе облысында (11), Атырау облысында (12), Қызылорда облысында (32), Солтүстік Қазақстан облысында (2), Жамбыл облысында (8) белгіленген құрбандық шалу орындарының мекен-жайын, қосымша мәлі­мет­терді жергілікті мешіт қыз­мет­керлерінен білуге болады.
Құрбан шалатын орынның тазалығына, санитарлық-эпиде­мио­логиялық нормалар мен талаптардың сақталуына мән беріліп отыр.
Айт – ағайын арасын жақын­дастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күндері барша мұсылман құрбан шалумен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жа­қындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.
Қасиетті Құранда: «Ұмыт­паңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шы­найы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.
Айта кетейік, биыл Құрбан айт мерекесі 12-қыркүйекте басталады. Құрбандыққа түйе, сиыр жəне қой (ешкі де) ша­лынады. Құрбандық малын айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін шалуға болады.
Құрбандық етін үшке бөліп, таратады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге таратылады.

Жауап қалдыру