Құрбан айт жайлы әр мұсылман білуі тиіс 12 дерек

0
37

1. Құрбан сөзінің анықта­масы:
Араб тілінде:
Тілімізге еніп кеткен «құрбан» сөзі араб тілінде – «жақындау» деген мағынаны білдіреді.
Терминдік мағынасы: Алла Тағаланың разылығына жақын­дау ниетімен құрбан айт күн­дерін­де шалынатын арнайы мал­дың аты.
Құрбан шалудың артық­шы­лығына, сауапты іс екен­дігіне қатысты пайғам­бары­мыздың бірнеше хадистері бар.
«Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қия­мет күні мүйіздері, тұяқ­та­ры және жүндерімен келеді. Ағы­зылған қан жерге там­бай жатып, Аллаһ Тағала­ның құзырында үлкен мақамға же­­теді. Сондықтан құрбан­дарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» делінеді онда.
Пайғамбарымыз төмендегі мына хадисте Алла ризашы­лығы үшін шалынған құр­бан­ның әрбір қылы үшін сауап жа­зылатындығын сүйінші­леген: «Сахабалар Пайғамбарымызға:
– Уа, Алланың Елшісі, құрбан­дық деген не? – деп сұрақ қойды.
– Құрбандық – сендердің Иб­раһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.
– Одан бізге қандай сауап бар?
– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.
– Қойдың жүнінен ше?
– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады».
2. Құрбан айтта құрбан шалу­дың үкімі
Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құр­бан шалу – уәжіп.
Уәжіптігінің дәлелдері:
Алла Тағала Құран Кәрімде пайғамбарымызға: «Намаз оқы және құрбан шал» – деп, әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін біл­дірген. Пайғамбарымыз «Кім­де-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақын­дамасын!» – деп бұйырған.
3. Құрбан шалу кімге уәжіп?
Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар болуы қажет.
1. Мұсылман болу;
2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.
Ескерту: Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.
4. Құрбан шалудың уақыты
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айт­тың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандыққа есептелмейді.
5. Құрбандыққа жарамды малдар
Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
6. Бірігіп құрбан шалу
Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
7. Құрбандыққа жарамайтын малдар
Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады.
• Бір көзі соқыр
• Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем
• Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
• Тістерінің көбі түсіп қалған
• Емшектерінің басы жұлынып қалған
• Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.
Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы– нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.
8. Құрбан шалуда өкілдік
Құрбандық малын мүмкін­шілік болса, мойнына уәжіп бол­ған адамның өзі шалғаны абзал. Және оның сауабы мол. Алайда өзге біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды телефон арқылы немес хат сияқты жолдармен өзінің орнына басқа адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан алып, шал» деп айтылған уа­қытта, өкіл сол адамның атына құрбан алып шалады.
9. Құрбан малы қалай шалынады?
• Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ (ұнамсыз, жаман іс-әрекет). Ал, қинамай сою – сүннет.
• Құрбан ретінде шалына­тын мал құбылаға қарата жат­қы­зылып, дұға ретінде мына аят оқылады:
إنَّ صَلاتِي وَ نُسُكِي وَ مَحْيَايَا وَ مَمَاتِي لّهِلِ رَبِّ الْعَالَمِينَ لا شَرِيكَ لَهُ
«Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ». «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Алла үшін. Оның еш серігі жоқ». Одан кейін:
ألله أكْبَرُ, ألله أكْبَرُ, لا إلَهَ إلاَّ اللهُ وَاللهُ أكْبَرُ, ألله أكْبَرُ وَلِلَهِ الْحَمْدُ
«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, у Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лил­лаһил-хамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмил­лаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құр­банды бауыздаған адам да «Бис­мил­лаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек. Әдейі ұмытпастан «Бисмиллаһ» деп айтпаса, құр­банның етін жеуге болмайды. Өйткені, Алланың аты ай­тылып, бауыздалмаған мал­дың етін жеу – харам. Құрбан­ның иесі құрбанды бауыз­да­йын деп жатқан қасаптың қо­лының үстіне қолын қойып, бірге ба уызд­аса, екеуінің де «Бисмиллаһ» деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек.
• Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.
10. Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі
Бай немесе кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға та­ратуға болатыны сияқты, тү­гел­дей өзінің отбасына қал­дыра алады.
Құрбандыққа шалынған мал­дың етін, терісін, сирақ­тарын, басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбандыққа шалын­ған малдың терісін кедейлерге, қайырым­дылық қорларына беруге болады.
Ескерту:
Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды.
11. Құрбандыққа арнайы мал алып соймай, орнына сол құр­бан­ның құнын ақшалай садақа ретінде кедейлерге беруге бола ма?
Құрбандықта қан ағызу негіз болғандықтан мал сойып, қан ағызбаса, құрбандық міндеті мойнынан түспейді.
12. Көз жұмған кісі үшін құрбан шалуға бола ма?
Өлген кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен құрбан айт күндерінде құрбан шалуға болады. Шалған құрбанының етінен жеуіне рұқсат. Бірақ өлінің тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбанының етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.

Дереккөз: Ihsan.kz

Жауап қалдыру