РАМАЗАН – ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСАТЫН АЙ!

0
46

Аса қамқор, ерекше
Ме­йірімді Алланың аты­мен бастаймын!
Қадірлі бауырлар, отандастар!
Баршаңызды исі мұсыл­ман қауымы асыға күт­кен қасиетті рамазан айының келуімен құттық­таймын. Оразаға аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Әр отбасына амандық, бақыт пен береке тілеймін! Жаратушы Алла жар болсын!
Біздің халқымыз ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беріп, құрмет көрсеткен.
Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Оразада әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Құдси ха­дисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп оразаның қадірі мен қасие­тін, мәні мен маңызын баян­даған.
Ал ардақты пайғам­бары­мыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Адам ба­ла­сының барлық игі іс­терінің сауабы артады. Әр­бір жақсылыққа он есе­ден жеті жүз есеге де­йін сауап жазылады», – деп үм­бетіне сүйінші хабар жет­кіз­ген.
Осы ретте отандастарым­ды қайырымдылық іс-шара­ларға белсенді атсалысуға, кәсіпкер азаматтарды рама­занның құрметі үшін азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттарға арнайы жеңілдіктер жасауға шақырамын. Құдайы астар мен садақалар ауыза­шар уақытында ұйымдас­тырыл­са деген тілегімді білдіремін.
Өздеріңізге белгілі, елімізде көпбалалы отбасылар мен жастарға көңіл бөлініп, бірқатар мемлекеттік бағ­дар­ламалар жүзеге асуда. Мемлекеттің игі бастамаларына үн қосу – барша азаматтың асыл борышы.
Ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатын айда көпбалалы жанұяларға қолдау көрсетіп, қариялар мен мүгедек жандардың, жалғыз басты аналардың батасын алып, алғысына бөленуге үндеймін. Жетімдер мен науқас адамдарға қамқорлық жасайық!
Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа. Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қайы­рымдылық шараларға ұйыт­қы болу. ҚМДБ қыз­меті аясында «Ислам және отбасы» жылы бастама­сы негізінде демеуші азамат­тардың қолдауымен баспанаға аса мұқтаж 15 жанұяға пәтер кілті табысталды. Бұл бағытта ізгі шаралар жүзеге аса береді.
Бірде сүйікті пайғам­бары­мыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен.
Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал зекет берекелі рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады.
Құрметті жамағат!
Рамазан айы құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразаларыңыз, жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қа­был болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орын­далып, оразадан ора­заға аман-есен жете беруі­мізді Алла нәсіп етсін! Елі­міз аман, жұртымыз тыныш, тәуел­сіздігіміз баянды бол­ғай! Әумин!

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Жауап қалдыру