Орталық музей «Музей түні» акциясын өткізді

0
171

18 мамыр – Халықаралық музейлер күні мерекесін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі «Гиперкоммуникация дәуіріндегі музейлер» идеясының аясында «Музей түні» шарасымен атап өтті.

2006 жылы бастау алған шара дәстүрге айналып, биыл «RUSLAN BAIDALINOV PROMOTION GROUP» компаниясының бас демеушілік етуімен 13 мәрте ұйымдастырылды. Түрлі жастағы, түрлі көзқарастағы адамдардың таным көкжиегін кеңейтіп, оларды төл мәдениетіміздің нәрімен сусындатуда маңызы зор әлеуметтік-мәдени жоба келушілерді әр кез жаңа бағдарламаларымен қуантуда. Бұл жолғы жаңа форматтағы іс-шарада алматылықтар мен қала қонақтарына музейдің қор коллекциясы негізінде құрылған және Қазақстан суретшілерінің авторлық жұмыстары қойылған көрмелер ұсынылды.

«Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық қалалар: қыш ыдыстағы ою-өрнектер»  көрмесі Қазақстан аумағында қалыпталған және шыңдалған керамикалық бұйымдарды әшекейлеуде пайдаланылған түрлі өрнектер туралы мағлұмат берсе, «Жаңғырған мұра» көрмесі музей зертханаларында қайта қалпына келтірілген зергерлік бұйымдар мен дәстүрлі белбеулерді ұсынды. Сондай-ақ келушілер ерте петроглифтерден бастап бүгінгі күнге дейінгі заттар мен байланыс құралдары қойылған «Адам. Дәуір. Байланыс» көрмесін, үш діннің бірегей жазба ескерткіштерінің үлгілері: Таурат, Інжіл, Құран қойылған «Руханият ескерткіштері» көрмесін тамашалады. Ал «Сағым. Пленэр. Ханшайымдар ойыны» көрмесінде суретші Анна Маргацкаяның қолынан шыққан кескіндеме, акварель, керамикалық бұйымдар кештің сәнін кіргізді.

Іс-шара аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бөлігі – бестомдық «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» ғылыми-этнографиялық энциклопедиясының толықтырылған екінші басылымының тұсаукесері өтті.

Бұл күні ұйымдастырылған іс-шаралар легі мұнымен бітпеді. Келушілерге өткен дәуірлер тарихынан бастап қазіргі жаңашылдықтарға дейінгі мағлұматтардан хабар берген интерактивті экспозициялар, көрнекті қазақ әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылық жолымен таныстырған «Ән атасы – Әміре» әдеби-музыкалық музейлік сабағы, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі баян етілген «Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы» саяхат-ойыны кештің маңызын арттыра түсті.

Сондай-ақ І, ІІ, ІІІ, ІV залдар – «Палентология және археология», «Тарихи этнография», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан және Диаспоралар мәдениеті», «Тәуелсіз Қазақстан» залдарына экскурсия ұйымдастырылды.

Белгілі шоумендер – Даниель Джеймс, Тілеухан Омархан, Руслан Байдалинов жүргізген кеште қонақтар танымал әншілер мен би топтарының өнерін, түрлі шоу-бағдарламаларды тамашалады.

Түнгі 12-ге дейін жалғасқан мерекелік шара мыңдаған алматылықтар мен қала қонақтарына есте қаларлық ерекше әсер, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,

«P&H»

Жауап қалдыру