Керітартпалық кедейлікке бастайды

0
212

Әділетті төрт халифаның екіншісі – Хазреті Омар (р.а.) «Егер кедейлік адам болғанда, мен оны өлтірер едім» деген екен. Ал қазеқең: «Түстік өмірің болса, кештік мал жина», – дейді. Шығыс пен Батыстың ғұламалары кедейліктің табиға­тын көп зерттеген.
Кедейлер қашанда айыптыны іздейді. Көптеген адамдардың өз өмірі, отбасы, сондай-ақ қаржылық жағдайына жауапты болуға пайым-парасаты мен ынта-жігері жетпейді. Сөйтіп олар шыққан тегін, ата-анасын және өскен ортасын айыптайды. Әрине, кейде саяси жүйе мен экономикалық орта да кедейлікке себеп болып жатады. Бірақ қай қоғамда болмасын өз қаржылық жағдайы үшін адамның өзі жауапты, ол үшін өзгені айыптау – үлкен қателік.
Кедейлікке кенелтетін кейінгі әдет – уақытты созып жүріп алу. Қазақта «еріншектің ертеңі бітпейді» деп тегін айтылмаған. «Ертең, ертең» деп жүргенде басқа біреу ол жоспарлап жүрген жұмысты бүгін қолға алып, табыс таба бастайды.
Кедей адамдар тәуекелден қорқады. Ислам діні мүміндерді тәуекелшіл болуға шақырады: «Қолыңнан келгеніңнің бәрін жасап, қалғанына Жаратушыға тәуекел етіп, тауфиғын, яғни сәтін салуын тіле», – дейді. Менің анам «Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесін, тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» деген мақалды жиі айтып отырады. Үлкен капиталдар үлкен тәуекелдер мен әрекеттердің арқасында кел­гені жайлы деректер жетерлік.
Кедейлер тегін нәрсені жақсы көреді. Ұлы экономистер: «Әрбір нәрсенің ақысы төленуі керек, егер төленбесе, экономика мен адам энергетикасының теңгерімі бұзылады» дейді. «Тегін болса шеге жұт» деген қисық мағынадағы сөздер – адамды бұзатын, қате сөздер.
Ислам ғұламалары кедейлікке бастайтын ең жаман қасиет – базынашыл, тілемсек, дәмешіл болу дейді. «Сұрап алғаннан – сатып алған артық» екендігі жайлы әулиелеріміз бен ғұла­маларымыз көп айтқан. Ал сүйікті Пайғамбарымыз Мұхам­мед с.а.с., «Тілем­сектіктен арыл­маған кембағал­дықтан құтылмайды» деген екен. Ешкім бұдан артық айта алмас.
Еріншектік – кедейліктің туысы. Еңбек етуге ерініп, жанын аяп, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүрген адамның бірі екі болып, кесесі аққа тола қоймайды. Ғұла­ма­ларымыз «тек аянбай, жанкеш­тілікпен атқарған жұмыс қана адамды ауқаттылыққа әкеледі» дейді.
«Жұрт не дейді?» деп алаңдау – кедейлікке бастай­тын әдеттердің бірі екенін ұмыт­пауымыз керек. Өзін сыйлайтын, өзіне сенімді адам бетал­ды айналасына қарап алаң­дай бермейді. Батыл тұлға­лар қоғамда қалыптасқан жаң­сақ әдеттерді бұзып, жаңа, игі әдеттерді қалыптастырып оты­рады.
Кедей адам әдетте өзіне ұнамайтын жұмыспен шұғыл­данады. Кедей адам демалыс күндерін асыға күтеді, басшы­сын ғайбаттайды. Ұнамай­тын жұмысын өзгертуге немесе өзінің жеке кәсібін ашып, «өзіне-өзі – би, өзіне-өзі – хан» болуға батылы жетпей, дүйсенбі күні қайта сол ұнамайтын жұмысына қарай беталады. Өзіне ұнайтын мамандық пен жанына жалау бола алатын жар таңдай алған адам – бақытты адам. Егер бұл екеуі дұрыс болмаса оларды өзгерту керек. Ал өзгерту үшін батылдық пен жігер керек.
Уақытты босқа өткізу – кедейліктің анасы. Еврейлер «Тек жұмыс қана уақытты ақшаға айналдыра алады», – дейді. Өмірде қанша аянбай жұмыс істесе де бірі екіге айнал­май жүрген адамдарды білеміз. Ғұламалар мұндай жағдай ой мен еңбекті басты, табыс әкелетін жұмысқа бағыт­тай алмағаннан болады деп санайды.
Қай саланы таңдаймыз, қай іске күш саламыз, уақытымызды қаншалықты тиімді пайдала­нымыз – мұның бәрі адам өмірі үшін өте маңызды жайт­тар. Бүгінде бір «Фейсбук» компаниясының нарықтағы құны бүкіл Орталық Азия елдерінің жалпы ішкі өнімінен – өндірген тауар мен көрсеткен қызметінің бағасынан артық болып отыр. Сондықтан «Ойлан да, бай бол!» деген қағиданы да ұмытпауымыз керек.
Ислам әлемінің ұлы ғұлама­лары «Әрбір адам Алладан еңбегінің берекесін тілей жүруі керек. Құдай құрамаса, адам қанша әрекет еткенімен берекесі болмайды» деген қағиданы мұсылмандардың санасына сіңдірумен келеді.

Үсен АСҚАРОВ

Жауап қалдыру