Кедейді байытқан дұға

0
138

Ертеде бір кедей тау бет­кейінен отын шауып, кептіріп, жақын жердегі қалаға апарып сатып, отбасын асырап жүреді. Қалаға барар жолында үлкен өзен бар екен. Өткел өте алыс орналасқандықтан шаруаның көп уақыты жолға кетеді. Ал өзенді кесіп өтуге мүмкіндігі жоқ болғандықтан бір ғалымға келіп: «Маған Алланың разы­лығы үшін мына судың үстімен өтетіндей бір дұға үйретіңізші. Сонда мен көбірек отын сатып, отбасымның жағдайын жақ­сар­тар едім», – деп өтініш жа­сайды.
Данышпан дұға жазып беріп, дұға етудің амалын үйретеді.
Шаруа амалдарын орындап, дұға етіп, Аллаға жалбарынып, тәуекел етіп су бетімен қалқып жүре береді.
Біршама уақыт өткенде шар­уасы алға басып, жағдайы жақ­сарып шыға келеді. Қайық алуға шамасы жетсе де су –бетімен жүріп отынын баяғыша өзі таси береді.
Бір күні әлгі ғұлама су бетімен жүре алатын шаруа жайлы естиді де, өз көзімен көру үшін өзен жағасына келеді. Екеуі бір-бірін таниды. Шаруа тағзым етіп амандасып, алғыс айтады.
Ғұлама: – Су бетімен жүретін дәрежеге қалай жеттің? – деп сұ­райды.
– Өзіңіз үйреткен дұғамен жеттім. Дұғаны әлі де оқып келемін, амалдарын да ұмыт­падым. Әр күні кешкісін Алла­ның берген ризығына шүкір­шілік етумен қатар, дұғам­нан сіз­дің де атыңызды таста­май­мын, – деп жауап береді.
Сонда ғұлама өзінің ұстазына барып, болған жайды баяндап, түсіндіріп беруін сұранады. Ұстаз:
– Алла дұға етудің бес тағаны болса, шаруа соны толықтай игер­ген екен.
– Ол қандай бес таған?
– Бірінші – ниет, екінші – сенім, үшінші – дұға ету, төр­тінші – тәуекел, бесінші – әрекет. Өзіне міндеттелген парызды өтеу мақсатында (отбасын асы­рау) сізге келіп дұға үйреніп, Жаратушымызға жалбарынып, амал жасап, тәуекелге бел буып, бір Алланың атымен суға түскен мұсылманның дұғасы қабыл болған екен, – депті ұстазы.

Жауап қалдыру