Көркемсөз оқу шеберлеріне арналған конкурс

0
75

Ертең Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен талантты жастар арасында Астана қаласының 20 жылдығына арналған  «Көркемсөз оқу шеберлері»  қалалық конкурсы өтеді.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, талантты жастарды жан-жақты көтермелеу. Көркем әдебиетті, қазақ қаламгерлерінің шығармашылық мұрасын насихаттауды мақсат еткен конкурс 17-29 жас аралығындағы көркемсөз оқу шеберлерінің басын қоспақ.

Конкурс аудандық және қалалық деңгейде өтпек. Аудандық конкурсты аудан әкімдіктері ұйымдастырады. Конкурсқа қатысуға тілек білдіргендер тиісті аудан әкімі аппаратының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне өтініш береді. Аудандық конкурста бірінші, екінші және үшінші орын алған жүлдегерлер өз ауданының атынан қалалық Конкурсқа қатысады.

Бәсеке шарттары бойынша онда қазақтың белгілі ақын, жазушы, драматургтерінің көркемдігі жоғары шығармаларын немесе шығармадан үзінді оқылады. Шығармалар Қазақстан, туған жер, Тәуелсіздік, Астана туралы тақырыптарда болуы тиіс. Конкурс төмендегідей кезеңдер бойынша өткізіледі:

  1. Прозалық шығарма оқу;
  2. Поэзиялық шығарма оқу;
  3. Драмалық шығарма оқу.

Оқылатын мәтін көлемі 5 минуттан аспау керек. Оқу барысында дайын фонограммаларды пайдалануға тыйым алынады. Байқау шартына сәйкес белгісіз авторлардың көркемдігі төмен шығармаларынан үзінді оқуға болмайды, талапкерлер оқитын мәтіндерін жатқа оқулары шарт.

Конкурсқа қатысушылардың өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына, киім сәніне баса назар аударылады.

Конкурстың жүлдегерлері мен қатысушылары арнайы дипломдармен, алғысхаттармен, сыйлықтармен марапатталады. Конкурс жеңімпазы Алматы қаласының атынан атынан Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің  республикалық конкурсына  қатысады.

                                                                                                  Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,                                                                                                                             «P&H»

Жауап қалдыру