Көк сеңгірден бұлдырайды бір тұлға…

0
34

Бүгінгі күні сексеннің сеңгіріне аяқ басқанда дос-құрдас, замандас-әріптестерімнің қатары сиреп бара жатқанын көзбен көріп, жүрекпен сезіп жүрген жағдайым бар. Солардың ішінде іскерлігімен, ақыл-парасатымен, адалдығымен көпке танылған тұлғалардың бірі Дүйсетай Бекежанов еді. Бір қарағанда қаталдау көрінетін келбеті оның табандылығынан хабар беретін. Ал, қимылы орындаушылық  қабілетін айқындап тұратын.  Енді көз­ден кетсе де, көңілден кетпес азамат туралы естелігімді оқырманға ұсынуды жөн көрдім.
Мен Дүйсетай Бекежановпен 1973 жылы шілде айында Қазақстан Компартиясы Орта­лық комитетінің есігін бірінші рет ашып кіргенімде таныстым. Осы уақыттан бас­тап 13 жыл бойы үш ауданды басқарып жүргенімде, қызмет бабында үлкен кісімен кездесіп, тапсырмалар, сұраныстар болған кезде барлығы Дүйсетай Бекежа­нов арқылы жүргізілетін. Ол Д.А.Қонаевтың тапсырмасын бұлжытпай аяғына дейін орын­датқызып, бақылауынан шығар­майтын.
Бірінші рет Д. А. Қонаевтың қабылдауына Дүйсекең ертіп кірді. Дінмұхамед Ахметұлы «Ғалым, сен туралы көп мағлұ­мат жинадық. Әкең туралы білеміз. Оған сен кінәлі емессің. Жетімдікті көріпсің, жетімханада тәрбиеленіпсің. Жастайыңнан өзіңді жақсы жағынан көрсетіп келеді екенсің. Панфилов ауданы республикадағы ең ірі, экономикасы дамыған, алдыңғы қатарлы аудандардың бірі. Еліміз­дің солтүстік облыстарына жүгерінің ерте пісетін будан­дасқан тұқымын осы ауданның шаруашылықтары береді. Егер аудан жеткілікті түрде жүгері тұқымын бере алмаса, онда солтүстік облыстарда ет те, сүт те болмайды. Себебі, Жаркент жерінде өсірілген жүгері тұқымын солтүстікте сеуіп, ол жүгеріден сүрлемдік мал азығын дайындайды. Панфилов ауданы мал басы бойынша да республикадағы ең ірі ауданға жатады. Бұл ауданды осындай ірі көрсеткіштерге жеткізген Шаймұхан Сапиев. Еңбегін бағалап, Социалистік Еңбек Ері атағын бердік. Панфилов ауданын он жылдан артық басқарды, келешекте облысты басқаратын жағдайы бар, сондықтан облыстық партия комитетінің хатшылығына ауыстырдық. Орнына қызмет атқаратын адамды сол ауданның өзінен табыңдар деп тапсырма бергенбіз. Сондықтан сен сол туып-өскен ауданды басқаратын бірінші азамат боласың», – деді.
– Сеніміңізге рахмет, Димаш Ахметович. Жан-тәніммен жұмыс істейтін боламын.
Панфилов ауданын үш жылдан артық басқарып тұрғанымда Дінмұхамед Ахметұлы көмек­шісі Дүйсетай Бекежановпен бірге жыл сайын ауданға келіп, ша­руашылықтарды, мәдени орындарды, мектептерді, мекемелерді аралап, өз ақылын айтып, тапсырмалар беріп кететін.
1976 жылы Ақсу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалдым. 2-3 ай елмен, жермен таныс­қа­нымда Дүйсетай Бекежанов­тың осы ауданның тумасы еке­нін білдім.
Иә, Дүйсетай Бекежанұлы 1935 жылғы 5-наурызда Талдық­ор­ған облысы Ақсу ауданының Қопа ауылында туған екен. 1951 жылы Ақсу селосында Ыбы­рай Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірген. Алматы қаласында жоғары оқу орнын бітірген соң, облыстық жоспарлау комитетінде, Қазақстан КП ОК Бақылау комитетінде біраз жылдар қызмет істеп, содан кейін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ел басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қо­наевтың көмекшісі болып жұмысқа қабылданыпты.
«Ақсу ауданында 10 жылдай жұмыс істеппін. Менің жағ­дайымды ескеріп, басқа аудан­­ға ауыстыруыңызды сұрай­­мын» деп сол кездегі облыс бас­шысы Әубәкір Алиұлы Тыны­баевқа ұсыныс жасап едім, 1985 жылдың шілде айында Киров, қазіргі Көксу ауданына ауыстырылдым. Ауданның халқымен, жерімен танысып, тіл табысып, үлкен жоспарлар құрып, іске кіріскенімде КПСС Орталык комитетінің бірінші хатшысы болып М. Горбачев тағайындалып, «қайта кұру» кезеңі басталып кетті. Әр жерде демократия деген желеумен республика басшылары сынға алынып, көптеген лауа­зымды қызметкерлер қуғынға түсе бастады. Ол сол кездегі Орталық Комитеттің екінші хатшысы М. Меңдібаевқа Дінмұхамед Қонаевтың беделін түсіру мақсатында өзінің арам ойларын іске асыру үшін барлық амалдарды қолдануды тапсырған көрінеді.
Д. Қонаев «Өтті дәурен осылай» атты кітабында «М. Меңдібаевті жауапты кызметке жоғарылатуымыз, Орталық Комитетінің екінші хатшысы етіп сайлау сорақы қателік болды. Мендібаев басшылық жасаған кезеңді жұрт «Кіші 37-ші жыл» деуі, сірә, тегін емес. Асығыс шешім адамдарға қанша қиянат, қандай қасірет әкелді. Ол негізінен кадрларды бүйі тигендей қылды. Қырына алғандарын шетінен кызметтен қуып, көбісінің үстінен қылмысты іс қозғатты. Сөйтіп талай адал коммунистер әпербақан хатшының сойылына жығылды.
Жоғарыдан жасалған қы­сым­ға Республика Прокуроры елгезектік танытып, менің кө­мек­шім Д. Бекежановты және басқаларды қамау жөніндегі ордерге қол қойды. Д. Бекежанов 22 жыл көмекшім болған. Екі айтқызбайтын. Ол өз ісін жетік білетін, әсіресе ауыл шаруашылығы өндірісін бақай­шағына дейін шағатын. Оның бұл саладан көмегі көп еді. Қанша жыл бірге істедік, бірақ Дүйсетайдың ала жіпті аттаған жерін көрген емеспін. Кейін оны беймәлім «былықтары» үшін айыптап, жазаға кесті. Дәлелденбеген «қылмысы» үшін жапа шегіп оралған ол өзінің адалдығына елдің көзін жеткізді, бірақ сұм ажал оны қармағына мезгілсіз ілді» деп жазды.
1987 жылы Дүйсетай Беке­жанұлына жағылған қара дақ өз нәтижесін берді. Бір-екі адам сені «түйесің» десе, «түйе» еместігіңді дәлелдеп көр. Жан-жақтан жалған мағлұматтарды беріп, ақпарат құралдарын кең қолданып, бірсыпыра адамдарға күмән туғызды. Дүйсекең сол тарихымыздағы сұр кезеңнің құрбаны болды. «Жемқорсың, парақорсың, қызмет бабын пайдаланып көп қылмысты әрекет жасадың» деп айыптады. Егерде Дүйсекең осындай адам болса, сол көптеген кылмысты әрекет­терді мен арқылы жасар еді ғой.
Ашығын айтсақ, сол заманда әртүрлі деңгейдегі басшылар қайда барса да артынан құйрықтарын сүйреп жүретін. Туыс, жақындарын қолдарынан іс келсе де, келмесе де жауапты орындарға орналастырып жататын. Бұл жерде мен басшылардың туыс-жақындары қызмет істемеуі керек деп отырғаным жоқ. Қабілетті, жоғары білімді, іскер, жауапкершілікті сезінетін адам болса, оған кім қарсылық жасайды? Керісінше, ондайлар көп ретте жеке басының мүддесін жоғары қойып, түк бітірмей елдің обалына қалып жүретін.
10 жылдай туған ауданын басқарғанымда Дүйсекең менің туысым еді, досым еді, соларды лайықты жұмысқа орналастыр, қызметін өрлететін бол, не болмаса үй салдыртып бер және басқадай жағдай жасап бер деп тапсырыс берген емес. Осы айтқаным шындыққа жатпаса мына мақаламен танысқан Ақсу ауданының жұртшылығы, ақсақалдары қайран қалып: «Ойпырмай, Ғалекең бізден дәйім шындықты талап етуші еді, мына Дүйсекең жөнінде екіжүздікке жол беріп жалған айтатын болғаны ма?» демей ме? Ондай сөз маған өте ауыр тиер еді. Себебі, 1977 жылы «Ғалеке, мен саған ешқашан туыс, жақындарым жөнінде тапсырма бермеймін, ал сен «туған еліңе көмектес» деп мазамды алмайсың» дегенінің шеңберінен шық­падым.
Сондықтан, Дүй­сетай Бе­­ке­жанұлы жа­ла­ның құр­баны болды, жазықсыз жазаланды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағамыздың абыройын түсіру үшін Дүйсетай Бекежанұлына жан-жақтан шабуыл жасалып, қара күйе жағыла берді.
1987 жылы Дүйсетай Беке­жанұлының ісі сотта қаралып, 8 жылға бас бостандығынан айырылып, Ресейдің Иркутск қаласында 4 жыл түрмеде отырып келді.
Мен «Басши» совхозының директоры қызметін атқарып жүргенімде өңір табиғатының аяусыз тоналып жатқанын көріп, бұған бір шара колданылмаса, арттағы ұрпаққа тірі жәндіксіз каңыраған тау-тас пен дала қалатынына көзім жетті. Соған орай, өзім басқарып отырған шаруашылықтың және Кербұлақ ауданының 3 ша­руа­шылығы мен Панфилов ауданының 2 совхозының жерінен Ұлттық парк кұру мәселесін көтердім. Екі аудан әкімінің, 6 шаруашылық басшысының жаңа құрылатын Ұлттық паркке жер бөліп беру жөнінде келісімдерін алып, келешектегі Ұлттық парктің шекарасын өз қолыммен белгілеп, аталуы «Алтынемел» болсын деп, облыстық атқару комитетіне тапсырдым.
Сол кездегі Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағынбек . Тұрсынов бұл ұсыныстарымды қолдап, өз шешімін біріктіріп, Үкімет алдына қойғаннан кейін 1991 жылғы сәуір айының 10 күні Премьер-Министр марқұм Ұзақ­­бай Қараманов «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық таби­ғат паркінің уақытша ди­рек­­­циясын құру жөнінде шешім қабылдады. Бұл шешімде «Ұлттық паркті толығымен заң­дастыру үшін тиісті жоба дайындау Талдықорған облыс­тық атқару комитеті мен «Басши» совхозының дирекциясына тапсырылсын. Сонымен бірге уақытша ұлттық парктің бас директоры қызметі «Басши» совхозының директоры Ғ. Тұрғамбаевқа жүктелсін» делінген.
1991 жылдың сәуір айынан совхоз директоры, сонымен бірге Ұлттық парктің бас директоры болып жұмыс істеп жүргенімде шілде айында Дүйсетай түрмеден босады. Шыға салысымен үйге келіп, конақ болып кетті. Өзіне жасалған жауыздықты, қиянатты айтып, осы күнге дейін жинаған мал-мүлкінің жоқ екендігін атап өтті. Оған сенбеске болмайды, себебі, сотталып кетті дегеннен кейін Д. Бекежановтың жеке басында мұнша үйі, автокөлігі, не болмаса құрылыс орындары бар деген әңгіме шыққан жоқ, ешқандай мүлкі де тәркіленбеген.
Дүйсекең дастарқан басында совхоз жерінде Ұлттық табиғат паркін құрғанымды қолдап, өзіне бір қызмет тауып беруін сұрады. «Дүйсеке, табиғатты қорғау ісіне өз үлесіңізді қосып, менімен бірге жұмыс істеймін десеңіз, қызметке қуана қабылдаймын. Ұлттық парктің келешегі зор. Сұлу табиғатын, көне заманның ескерткіштерін, саналуан аң-құстарын көру үшін айналадан, тіпті шетелдерден туристер көптеп келетін болады. Сондықтан Алматыда офис ашамыз, осы жұмысты басқаратын адам керек. Менің орынбасарым болуға сізден артық ешкім табылмайды» деп едім, Дүйсекең риза болып қайтты.
Ол кезде мен Жоғарғы Советтің депутаты ретінде Парламент жұмысына көп уақыт бөлетінмін. Кездескеннен кейін бір жарым ай өтті. Дүйсекеңнен хабар болмай кеткеннен кейін өзім іздеп жолығайыншы деп жүргенде қыркүйек айында суық хабар келді, ауыр науқас­тан кейін дүниеден өтіпті.
Дүйсекеңді жерлеуге көп адам жиналды. Соңғы сапарға шы­ғарып салуға Дінмұхамед Қо­наев пен Бәйкен Әшімов қа­тысты.
Дүйсетай Бекежанұлы өз елінің, өз жерінің аяулы, адал перзенті. Оның кім екендігін өмір жолында кездесіп, жүздесіп, бірге қызмет істескен адамдардың барлығы жақсы біледі.

Ғалым ТҰРҒАМБАЕВ,
Алматы облысының, Панфилов, Ақсу,
Кербұлақ аудандарының құрметті азаматы.

Жауап қалдыру