Күйеудің мінезін өзгертуге бола ма?

0
90

Сіз күйеуіңізді өзгерте алмайсыз, бірақ күйеуіңіздің мінезін жақсы жаққа қарай өзгеруіне жәрдем ете ала­сыз. Мұның алғашқы қада­мы – өзіңізді өзгерту. Күйеуі­ңіз­ге деген құрметіңізді арт­ты­рып көркем мінезбен қа­рым-қатынас жасай баста­саңыз, күйеуіңіз де жа­ман қылық­тарын тас­тау­ға тырыса­тын болады. Кү­йеуіңізді қатты қа­дірлей­ті­ні­ңізді білдіру ар­қы­лы оған көп нәрсені оңай орын­да­туы­ңызға болады. Ер адам арыс­тан секілді бірден жалы­нан сипата салмайды. Мына оқиғаға назар аудары­ңыз:
Отбасында қиындық көрген әйел кісі күйеуінің үстінен шағым айтып, даналығымен аты шыққан қарияға келіп жолығады. Қарияға күйеуінің қырсық әрі қатал екенін, бір мәселеде ортақ шешім таба алмайтындарын, күйеуін өзгертуге қанша тырысса да еш нәтижеге қол жеткізе ал­ма­ғанын, шыдамы таусыл­ғанын, осы мәселені шешіп беру үшін ақыл-кеңес сұрай келгенін білдіреді. Қария кісі әйелдің сөзін мұқият тыңдап болған соң:
– Мен мұның жауабын білемін, бірақ бір шартым бар, соны орындасаң ғана ай­та­мын, – дейді. Әйелі кісі:
– Қандай шарт болса да орындауға дайынмын, тек жауабын айтсаңыз болғаны.
Қария кісі:
– Маған ормандағы аң патшасы арыстанның мұрты­нан бір тал қыл алып келсең ғана жауабын беремін, – дейді. Әйел кісі таң қалып:
– Арыстанның?! Бұл әзі­ліңіз бе, оған менің шамам келмейді ғой.
Қария болса:
– Онда өзің біл, ешкімді мәжбүрлемеймін, бірақ жа­уапқа мұқтаж өзіңсің.
Ұнжырғасы түсіп үйіне орал­ған әйел не істерін біл­мей дал болады. Шаңы­ра­ғының шайқалғанын қа­ла­майды. Отбасында кү­йеуімен ортақ тіл табысып, бақытты өмір сүргісі келеді. Не істейді? Ақыры, не де болса қарияның шартын орындауға бел байлайды. Сөйтіп, күн сайын белгілі бір мөлшерде ет алып аң патшасы арыстанға апарып тұрады. Алғашында етті арыс­­танның алдына сонау алыстан тастайтын. Уақыт өте келе арыстанға жақындай түседі. Күнде өзіне құрмет көрсетіп азық әкеп беретін мейірбан жанға арыстанның да еті үйренеді. Ақыр аяғы арыстанға жақын барып жо­нынан сипай алатын дең­гейге жетеді. Арыс­тан­ның мұр­тынан бір тал үзіп қарияға әке­ліп береді.
– Қойған шартыңызды орындадым, ендігі кезек өзіңізде, – дейді.
Қария кісі әйелден бұған қалай қол жеткізгенін баян­дап беруін сұрайды. Оқиғаны мұқият тыңдаған қария кісі әйелге былай деп жауап береді:
– Өз сұрағыңа өзің жауап бердің. Ал енді үйіңе орал да, арыстанға көрсеткен құрметті күйеуіңе де көрсет. Күйеуің арыстаннан асқан жыртқыш емес шығар!
Әйел жымиған күйі басын төмен түсіріп:
– Дұрыс айтасыз, қария! – депті.
Данияр
СҮЛЕЙМЕНОВ

Жауап қалдыру