Инвесторларға – тартымды Түркістан

0
27

Ел түсінігіне киелі ұғыммен өрілген Түркістан ұлы даланың ежелден-ақ қожайыны еді. Күні кеше тарихи әділеттілік орын алып ер Тұранның бесігі – Түркістан оңтүстік өңірдің басты ордасына айналды. Елбасы бастамасымен жүзеге асқан бұл тарихи қадамды көптің көңіліне қуаныш ұялатты. Осы мәселеге қатысты белгілі әлеуметтанушы, қаламы қарымды журналист Аманкелді Құрметұлы ағамызбен сұхбаттасуды жөн санадық. Өңірдің рухани-әлеуметтік мүмкіндігі туралы Аманкелді ағамыз былай дейді:
– Өңірдің ең басты ерекшелігі – демографиялық қуатының өте жақсы болуында. Яғни Шымкент қаласын қоспағанда қазір облыста, шамамен 2 млн-нан астам тұрғын бар. Халқы­ның саны бойынша респуб­ликада алдыңғы орында тұр. Сондықтан «Рухани жаңғыру», «Бес әлеуметтік бастама» тәрізді бастамаларды жүзеге асыру бұл өңірде қалыпты жүруі аса маңызды.
Бүгінге дейін «рухани жаң­ғыру» бағдарламасы өте жақсы жүзеге асуда. Оңтүстік өңірдің халқы жердің қасиетін, киесін жақсы біледі. Оңтүстікте әулиелердің зираты, киелі жерлер өте көп және халықтың оған деген құрметі ерекше. Сондықтан да «Туған жер» бағдарламасы ол жақта қо­лайлы жүріп жатыр.
Біз аталмыш мақаланың ішіндегі «Туған жер», «Киелі жер», «Латын графика­сына ауысу» тәрізді бағдарла­ма­ларға аса мән беріп отыр­мыз. Іс жүзінде ол жерде «праг­ма­тизм», «сананың ашықтығы», «білімге құштарлық» деген мәселе бар. Негізінде «Рухани жаңғыруды» жүргізетін бағыт­тар – осылар. Прагматик бол­май ХХІ ғасырда бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Соған сәйкес әлеуметтік жағ­дайымыз да төмен болады. Сондық­тан прагматизм мәсе­ле­сінің төңірегінде оңтүс­тік тұрғындарының жалпы бас мәселесін ескеру керек. Оң­түстік тұрғындары кәсіпке, сауда-саттыққа бейім келе­ді. Бірақ бізге салиқалы, за­манауи прагматизм керек. Өкінішке орай, біз солтүстікке халықты көшіру мәселесінде тым табысты емеспіз. Жылына 120-130 жанұядай ғана көшіп жатыр, бұл 3 млн-дық халқы бар өңір үшін аз көрсеткіш.
Бес бастаманың бір бағы­ты газ тарту мәселесі Оң­түстік өңірде жүйелі жүру­де. Енді облыстық мәртебе ал­ған Түркістанда көптеген ғи­мараттар салынып, инфра­құрылым жасақталуы керек. Оған инвесторлар мен құрылыс компаниялары керек. Елбасы Түркі кеңесінің VI самитінде түрік елдерімен осы облыстың құрылғанын, оған қолдау-қолпаштаудың керек екенін айрықша атап өтті. Қаланың атауы күллі түркіге ортақ атау болған соң, түркі халықтарынан көптеген инвесторлардың келуі әбден ықтимал. Қала осылай дамымақ.
Алайда облыс орталығының Түркістанға көшірілуі көлік-ло­гистика мәселесінде ай­рық­ша шараларды талап етеді. Өйткені, Сарыағаш пен Мақ­таарал облыс орталығынан әжептәуір алыстап қалды. Ал Түркістан облысы халқының басым көпшілігі сол жақта. Пойыздар, сіз бен біз білетін жай ғана пойыз емес, жаңа, жылдам, қалааралық, облы­саралық пойыз жолдарын ашатын болса бұл Түркістан қаласының тұрғындар санына да айтарлықтай әсер етеді.
Осындай идеялар барынша ескеріліп, жақсы жұмыс істесе қала жақсара түседі.
Сұлтан ҚАЗИ

Жауап қалдыру