Ененің келінді жеңуі

0
30

Әжесі немересін сағынып, жүрегін аузына тістеп, құстай ұшып келіпті. Келіні бес жасар немересін үйге тастап, кіші немересін көтеріп көрші үйге қыдыра кетіпті. Ауыл арасы жақын болса керек, келіні көп күттірген соң, әжесі немересін жетелеп үйіне қайтады. Үйіне келіп терлеп-тепшіп қаймақты шайын ішіп, немересін армансыз аймалап-құшып рахаттанып отырғанда сәлемі де жоқ келіні есікті теуіп кіріп: «Қалаған уақытыңда алып кете беретін баланы тапқан екенсіз! Мен бұл баланы тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, ақ сүтіммен баққанмын» деп есікті қатты жауып, баласын жетелеп кетіп қалады.
Келіннің кетпектей кесірлі сөзі ақ самайлы ананы қатта азаптайды. Түнімен ұйқысы төрт бөлінеді. Ғасырдан да ұзақ мазасыз таңды ұйқысыз атырған ана таң бозынан үйіне келіп, ұйықтап жатқан баласын жұлқылап оятып: «Мен сені тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп тап­қанмын, ақ сүтіммен бақ­қанмын, ал ендеше сені ертіп кету қолымнан келеді! Тез киіміңді ки!» деп зекиді. Баласы түкке де түсінбей айтқанын екі етпейді. Сонымен баласын жетектеген күйінде кетіп қалады. Екі күн өткенде енесінің азабын басынан өткізген келіні екі баласын ертіп жалынып жатыр дейді: «Жаным ене, күнім ене, жаңылдым-жаздым. Балаңызға мына екі немереңізді айырбастап берсеңіз!» –деп. Содан кейін келіні енесін патшадай сыйлап өткен екен.
Саят Бейсембай

Жауап қалдыру