ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ, ЕТЕГІҢДІ ЖАП!

0
377

Осы сөзді естіген сәтте қазақы адам тіксініп қалары сөзсіз. Әсіресе, әйел адам естісе ұяттан қырынан қысылады. Бетінен оты шығып үсті-басына назар аударады. Себеп, етегі ашылу деген, қазақ ұғымында ең ұят нәрсе, абұйырынан айырылумен тең қылық. Сондықтан да, бұл жәй сөз емес, атам қазақтың бізге қалдырып кеткен аманат сөзі болып қалған. Егер, осы аманат сөздің алдыңғы тармағын қосып айтсақ, бұл тіпті аманат сөз ғана емес, қазақтардың негізгі жарғысы десек те ешкім дау айта алмайды. Міне, дана бабаларымыз сондықтан да «ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ, ЕТЕГІҢДІ ЖАП!» депті.
Яғни, ел болудың алғы шарты сол елдің әйелдерінің ұятында екені айдан анық айтылған. Ал, бұл даналықты олар мұсылмандық құндылық­тан алғаны белгілі. Қасиетті Құран Кәрімде әйел адамның ұятын сақтау үшін арнайы сүре түсірілгенін бүкіл мұсылман қауым жатқа біледі. Ал, осынау шариғат бұйрығын ұлттық дүние танымға сай ең кемел іске асырған қазақ қауымы болатын. Мәселен, бүлдіршін қызға маржан тағып кестелеген кепеш, бойжеткендер кәмшат, сусар бөрік, айттырылған, ұзатылған қыздар сәнді сәукеле, жаңа түскен келінге қызыл желек, сәбилі болған келінге әдемі келіншек кимешек, бәйбішелерге сәлеуетті бәйбіше кимешек, әжелерге шымқай ақ кимешек шылауыш кигізу қазақ әйелдерінің әрі мәні, әрі сәні еді. Қазақ қоғамында еш әйел заты жалаңбас жүрмеген. Әйелдің жалаңбас жүруін жынданудың белгісі деп шошынған.
Міне, осы әңгіменің айтылуына өз басымнан өткен мына оқиға себеп болды. Соны, барынша қысқаша түрде оқырман қауыммен пікір бөлісу үшін жаздым.
Екінші немерем Мәриям бірінші сыныпқа баратын болды. Алматының батыс шетіндегі Қарасай ауданына қарасты Қырғауылды орта мектебіне. Әулетімізбен Мәриямның мектепке баратын киімін ақылдастық. Бәрі бірауыздан мұсылманша киініп барғаны дұрыс деп шешті. Себебі, әпеке­лері, апа-жеңешелері тү­гел мұсылманша киінген бола­тын яғни менің кіндіктес қарындастарым мен өзімнің қыздарым, келіндерім. Бәрі Алматыда бойжетіп, оқу бітіріп тұрмысқа шығып қазір бір-бір отбасыға ие болып ұрпақ өсіріп отырған аналар. Және, өз отбасымызда Мәриямның апасы да, туған шешесі де (яғни менің келінім) мұсылмандық әдепке сай киініп жүретін адамдар. Олай болса, жаңа ортаға қадам басқалы тұрған бүлдіршін де мұсылманша киінуі лайық қой десті, бәрі.
Бірақ, арамызда пікір қай­шы­лығы да шықты. Бірі: «бұл бүлдіршін бәлиғатқа тол­ма­ғандықтан мұсылманша киі­нуі шарт емес қой», – деді. – Рас, – дедік. Бірақ, аз жылда бойжете бастаған кезде «Мәриям, ал енді мұсылманша киін!» десек, ол тілді ала ма? Жалаңбас жүруге, қысқа юбка киюге бойы әбден үйреніп кететіндіктен тілімізді алмайды, ол анық. Әрі, аяқастынан киіну жағынан құр­быларынан бөлектене қалуға да өзі тәуекел ете алмайды. Міне, ол уақытта бәрі кеш болады… дестік. Соңында, Мәриямның өзінің пікірін сұрадық. «Иә, орамал тағып барайын деп жүрмін», – деді сенімді түрде. Өйткені, ол кішкентайынан бастап бөтен жерге барғанда, көшеге шыққанда мұсылманша киініп үйреніп кеткендіктен, әдеттегідей ашық-шашық киіну түсінгі де жоқ еді. Енді, тіпті солай киініп бар десек те көндіре алмайтын секілдіміз. Сөйтіп, Мәриям мектепке мұсылманша киініп барды.
Біраз уақыт өткен кезде Мәриямның сынып жетекшісі, ата-анасының мектеп әкім­шілігіне келіп жолығуын хабарлапты. Ата-анасы мұрсасы бол­мағандықтан мектепке менің баруыма тура келді. Тәрбие ісіне жауапты оқу ісінің меңгерушісі қарсы алды. Жас қазақ келіншек екен. Шақыру себебін сұрадым. «Мәриямның басын орап жүргендігіне байланысты, ата-аналарына түсіндіру жұмысын жүргізу туралы директор маған тапсырма берген еді. Енді, өзіңіз директорға жолығыңызшы!» – деді. Мектеп директоры орта жастардағы әйел ресмиліктен гөрі қазақи сыпайылықпен сөз бастап мектептің ішкі тәртібі туралы түсіндіре бастады. Ол кісінің айтқанының бәрін құптадым.
«Рас, – дедім сіз мың балаға оқу білім үйретіп отырған үлкен мекеменің басшысысыз, мың баланың артында мың ата-ана тұр яғни еліміздің бір бөлшек халқының рухани тағдыры сіздерге тікелей байланысты екенін түсінеміз.
Алайда, білім мен рухани тәрбие екі бөлек нәрсе ғой. Біз мұсылман халық екенімізді ұмытпауымыз керек. Анау жоғарғы сыныптың бойжетіп қалған қыздарына қарайықшы, бәрі қысқа юбка киген, сандары жалтырап жүр, көптің көзінде қымсыну сезімі солайша жоғала бастайды. Сөйтіп, ұят дейтін иман негізін жоғалтып алғанын өздері де білмей қалады. Ақыры, қазір бүкіл еліміздің басауруы болған жас отбасылардың ажырасушылығының көбеюі, жасанды түсіктің шектен шығуы, тірі туған сәбилерін көшеге лақтырып кету деген бұрын-соңды қазақ қауымында болмаған қасіреттің негізі неден екеніне бас қатырып дау-дамайға түсіп жатырмыз. Міне, бұдай қасіреттің бастау көзі қыздарымыздың жаппай жартылай жалаңаштануында жатқаны әбден дәлелдеген. Олай болса, осындай қатерді, көре тұра, біле тұра мен өз ұрпағымды мектептің ережесі екен деп, отқа тастай алмаймын ғой», – деп сөзімді тамамдам.
Мектеп директоры да мені жақсы түсінді, еш қарсылық сөз айтпады. «Бірақ, деді, бізді жоғарғы жақта тексеріп, бақылап отырған басшы мекеме бар ғой, біз оларға не дейміз?» деді.
Сәл шамырқанып кеттім: «Япырау, дедім, өкімет өзі­міз­дікі ғой. Баяғыдағыдай Мәс­кеу емес қой, қайтіп кетеді деп қорқатындай. Өз хал­қы­ның сөзін тыңдайтын өзі­міз­дің азаматтарға өз мүд­де­мізді айта алмасақ, рухани қажет­тік­терімізді қорғай алма­сақ сон­да не үшін тәуел­сіздік ал­дық!?»
Мектеп директоры «Рас» дегендей бас изеді, «бірақ, біз бағынатын заң бар ғой», – деді. «Иә, егер мектептеріңізге біз сияқты жеке адамнан болып, сөгіс келіп жатса, сіздің қызметіңізге кесір келетін болса, мен еш ренішсіз немеремді мектептеріңізден алып кетуге дайынмын!» – дедім.
Мектеп директоры басы­н шайқады, «Жоқ, ол бүл­дір­шін­нің оқу құқынан айыра алмаймыз!» – деді.
Сонымен, мектеп пен ата- ана мәмілесі тең түскендей болды, бүтін оқу жылында еш шу шықпады, Мәриям да үздік оқып, бірінші сыныбын аяқтады, келесі жылы да солай болды.
Екінші сыныптың аяғына таман әлгі әңгіме қайта қоз­ғалды. Мектепке ата-аналарды қайта шақырды, бұл жолы мектеп директоры бізге: «Мектеп оқушыларының біркелкі киім формасы туралы, заң бекітілетін болды, сондықтан келесі күзде келгенде балаларыңыз, мұсылманша киімін шешіп келетін болсын», – деді. «Жарайды», дедім, «адам шығарып отырған заң болса біз де азамат ретінде өз пікірімізді де қосуға құқымыз бар шығар. Әсіресе, байырғы журналист ретінде өз атымнан ғана емес, көпшілік атынан бұл туралы мақала жазайын», дедім. Расында, жиырма жылға таяу журналист болып жүрген кезімде халық атынан сөйлеген сөз жерде қалмайтынына өз басым талай куә болғанмын.
Біз, қазақстандықтар, елі­міз бойынша жетпіс пайыз мұсылмандық сенімдегі азаматтардарды құрайтындығымыз ресми түрде мақұлданған жәйт. Олай болса, қандай ереже болса да осы мұсылмандық сенімдегі саны жағынан ауқымды азаматтардың мүддесі бірінші кезекте қорғалуы көзделген болуға тиіс. (Мұны діни конфессиялармен шатастыруға болмайды!) Мәселен, жоғарыда айтқанымыздай қазіргі ашық-шашық киіну бізге совет заманынан жалғасып, Еуропадан жымсып келген азғын мәдениет екені дәлелдеуді қажет етпейді. Яғни, мұсылман қазақ халқы үшін сырттан әдейі таңылған, адамдарымызды астыртын бұзудың бір жолы екені анық. Мысалы, қазаққа мүлде жат арақ қалай «ардақты ас-су» дәрежесіне дейін жетіп халқымызды арақкеш азғындыққа қалай әкелсе, әйелдердің көшеде жартылай жалаңаш жүруі де дәл солай «ерекше бір мәдениет» секілді саналатын масқаралық дәрежеге жетті. (Етегін әдейі ашып жүр!)
Ал, ағайын, «бізге біреудің қаңсығының таңсық» болып көрінуі, сол еуропалықтарды бүгін қандай халге жеткізгенін сіздер де жақсы білесіздер. Олар таза христиандық заманында әйелдері түгелдей оранып жүретін халық еді, қалай «материалистік дінсіздік» қоғамы келді, солай әйелдері шешіне бастады. Қалай шешіне бастады, солай әйелдері бала табудан бас тартатын, баласы ең аз қариялар материгіне айналды. Қалай олардың еркек пен әйелі адам айырғысыз дүбәре күйге көшті, солай, «еркек жұбайлар» дейтін хайуаннан да төмен азғындыққа түсті… Міне, ондай жамандықты санай беріп қайтеміз, «жартылай жалаңаштық мәдениеті» тіпті, адамды адамдықтан айыратын қараңғы надандыққа қарай әкетіп барады. Олай болса, бұл сұмдық көріністі біз жаюға емес, тыюға тиіспіз! Ал, ондай «жабайы мәдениетті» заң атын жамылып әкеліп, еліміздің келешегі бүлдіршіндерге тық­палайтын болсақ, бұл деген, халқымызға жақсылық жасау емес, қастық жасаудың нақ өзі болғаны.
Егер, біз еліміздің келешегін ойлайтын болсақ, мектеп киінісінде өзіміздің мұсыл­мандық киім үлгісін қолдауға тиіспіз. Оны халқымыз қолдай ма? Әрине, қолдайды, бұл тіпті, өзіміздің ұлттық үлгідегі киім тігетін өндірісімізге де қолдау болып шығады. (Сырттан келетін шолақ киімдерге қанша қаржымыз шашылып жатыр ғой!)
Және, мұндай үрдіс басқа елдерде бар ма? Әрине, бар! Бізбен көп жағынан ұқсас, Малай­зия атты елде дәл осы ұсыныс әлдеқашан іске асып қойған. Тіпті Германия секілді еуропа елдерінің мұ­сыл­мандықты қабылдағын оқушы қыздарының өзі жаппай мұсылманша киінеді, оны әркім өзі анықтай жатар, біз дәлел ретінде солардың қыз оқушыларының бірнеше суретін жариялап отырмыз. Сөз орайы келгенде тағы бір айтар нәрсе «ЖенПИ» деп, қалыптасып кеткен, қыздар университеті егер, нағыз отаншыл болса, халқын сүйсе, болашақ адал аналар ретінде рухани ерлік жасағысы келсе «байырғы қазақ қыздарындай» қос етек ақ көйлек, қынама бел қызыл пүліш қомзол киіп көшеде солай киініп жүрсін, міне сонда Қазақ Елінде, өзіміздің Қазақияда рухани төңкеріс болар еді! Елдігіміздің туы желбірер еді!
Өйтсе, асыл ата-бабалары­мыздың «ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ, ЕТЕГІҢДІ ЖАП!» деген аманат сөзі де орнындаларына, күмәніміз жоқ иншаллаһ.

Абай ХАМЗА (Мауқараұлы)
жазушы-журналист

Жауап қалдыру