Ғарышкер де бала болған

0
82

немесе мектептегі намыс сабағы туралы сөз
Алматыдығы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мектеп гимназияда қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, КСРО-ға еңбегі сіңген сынақшы-ұшқыш, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров оқушылармен кездесті.
Республикадағы қазақ мектептерінің қара­ша­ңы­рағы саналатын бірегей білім ордасы Қазақ батырын барша сән-салтанатымен қарсы алды. Ғарышкер ең алдымен мектеп ауласына мектеп ұжымының өтінішіне орай Алатаудың ең әсем шыршасын отырғызды.
Бұл мектепте қазақ қоғамына, кең-байтақ еліміздің өркендеп өсуіне еңбегі сіңген талай тарландар білім алған. Солардың бірі әрі бірегейі халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері – Нұрғиса Тілендиев. Ұлы композитордың мектеп домбырашыларының орындауындағы «Ата тол­ғауы» күйімен ашылған сал­танат Қазақ қыранымен тікелей сұхбатқа ұласты. Тіпті, осы сәттен бастап даңқты сы­нақшы-ұшқыштың, ұш­қыш-ғарышкер-зерттеушінің тү­псіз кеңістік – галактика әлем туралы зал толы оқушыға арналған дәріс сабағы басталды десе болады. Техника ғылымның докторы, әлемдік авиация саласындағы бірнеше ғылыми үздік еңбектердің авторы – профессор Әубә­кіров аэродинамика ілі­мінің тылсым-тұңғиғын шәкірттерге бала тілімен түсінікті етіп жеткізіп беріп жатты. Тоқтар Әубәкіров Теміртаудағы орта мектептен бастап Армавирдегі әскери ұшқыштар училищесін, Мәскеудегі жоғары авиациялық институтты өте жақсы әрі мерзімінен бұрын «өте үздік» деген бағамен бітірген. Әрбір жастың өмірде ең биік дәрежеге жетуіне ең алдымен оның ерекше қабілеті мен білімнің басты себепкер болатынын бек түсінді жас ұрпақ. Әйгілі мектептің оқушылары да салмақты да жауапты бұл кездесуге құралақан келмепті. Әлемдік, республикалық білім жарыстырының үздіктері мен дипломанттары, ең қымбат грант иелері, тіпті «Байқоңыр» ғарыш айлағында болып, ғарыштық салада ілімін жетілдірген жас өрендер тобы бүгінгі сәтте Ұлы ұстаз алдында тыңғылықты ой болжамдарымен есеп берді. «Өте жақсы» деген баға алды.
Шарықтаған бала қия­лында шек болған ба? Бір замандағы барша баланың «Өскенде ғарышкер болам!» деген үкілі үміті әлі де үзілмепті! Қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетовпен бір күні, яғни 27 шілдеде туған 3 сыныптың озат оқушысы Асылбек Серікбай болашақ өз жолын бүгіннен-ақ таңдап қойғандай екен. Бүлдіршін өзі солай деді. Мұндай тосынсыйды күтпесе керек, баршаға таныс жайдары күлкісімен жарқылдаған Тұңғыш ғарышкер бала қиялын қанаттандырып, Асылбекке ақ батасын берді. Ғарышкер де бала болған. Бала жанын мейірлене түсінген Қаһарман бұл кездесуде тек қана балалар тілімен сөйледі.
Ерекше кездесуге алдын ала жатпай-тұрмай дайындалған балалар ғарышкер туралы жазылған «Тұңғыш» атты эссе-кітабынан Тоқтар Әубәкіровтың балалық шағын бейнелейтін қызықты сахналық қойылымдар көрсетті. Алыс та ұзақ сапар алдында тұрған бозбала Тоқтарға аяулы анасы Қамияның «Ақ жол» тілеген сәтін сахналаған көрініс Халық батырын ерекше толғандырғанын да байқап та қалдық…
– Мектебімізде өтетін та­ны­мал азаматтармен кез­десулердің барлығының басы-қасында жүреміз, – дейді гимназияның әдебиет және қазақ тілі пәнінің мұғалімі Абылайхан Сайлаухан. – Бүгінгі кездесу шәкірттердің жүрегінде ең Намыс сабағы болып қалды дер едім.
Ол рас. Ғарышкердің білім мен намыс, өз Отанына деген айрықша сүйіспеншілік туралы оқыған дәрісі жас ұрпақтың жүрегіне ерекше нәр құйды. Кездесу біткен соң да балалармен балаша сұхбаттасып, ортасында суретке түсуі, балалар көңілін жықпай уақытпен санаспай шүйіркелесуі жас өреннің есінде мәңгіге сақталары сөзсіз еді…
Талғат СҮЙІНБАЙ,
журналист,
Суреттерді түсірген
Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ.
Алматы

Жауап қалдыру